- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алматы маңындағы керемет...
Алматы маңындағы керемет жерлер
Алматыда көз тартарлық табиғи орындар жеткілікті. Осы орайда, назарларыңызға Алматының ең көрікті 5 жерін ұсынамыз.
Шарын шатқалы
Алматы облысы, Райымбек ауданында орналасқан Шарын шатқалы – Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Шарын шатқалы табиғатының әсемдігімен, көзтартар ерекше сұлулығымен танымал.
Шарын шатқалында биіктігі 150-300 метрге дейін жететін «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» және т.б. құмды жарлар бар. Жергілікті халық шатқалды «қорғанды қамалдар аңғары» деп атайды. Аңғар ұзындығы шамамен 2 шақырым, ені 20-80 метрге дейін барады.
Шатқал бойымен ағатын Шарын өзені Алатаудан бастау алып, Іле өзеніне құяр жолында Жалаңаш үстіртін кеседі. Шарын өзеніне кіші өзендер келіп құяды. Өзен ағысы секундына 10-12 шақырымға жетеді. Бұл ағыс рафтинг спортына жарамды. Өзен арнасының кеңдігі 35-40 метрге дейін жетеді. Шарын шатқалының аумағына өзенмен бірге Шетен тоғайы енеді.
Тоғай негізі соғдиян шетенiнен (Fraxsinus potamophila) құралған. Әлем бойынша мұндай тоғайлар екі жерде ғана бар. Бірі Қазақстанда Шетен тоғайы болса, бірі Солтүстік Америкада ғана сақталған. 1964 жылы Шетен тоғайы табиғат ескерткіші деп жарияланды. Алматыдан 4 сағаттық жер, 200 шақырым қашықтықта орналасқан.
Шонжыдағы ыстық су
Шонжыдан бір сағаттық қашықтықта, Кетмен жотасы мен Іле өзені алқабы аралығында термалды артезиандық қайнарлар бар. Жер астынан бұрқырап шығып жатқан су көздерінің қоры аса бай және денсаулыққа да пайдасы зор екені дәлелденген. Минералы әлсіз мұндай сулардың емдік қасиеттері бар.
Дәрігерлер аталған ыстық су көздерінен шығатын суды ішке қабылдаудың да, сырттай пайдаланудың да денсаулықты қалпына келтіруге көмектесетінін айтып отыр. Ұйғыр ауданында 140-қа жуық минералды қайнарлар орналасқан. Бір қызығы, олардың әрбірінің құрамы бір-біріне ұқсамайтындай әртүрлі және әрбірінің өзіндік қасиеті бар.
Жуырда жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, олар химиялық құрамы жөнінен атақты «Сарыағаштан» да асып түседі. Ыстық су көздері Алматы қаласынан 300 шақырым қашықтықта, шығыс бағытта орналасқан. Қаладан жеңіл көлікпен шыққан жолаушыға 4,5-5 сағаттық жолды жүріп өтуге тура келеді. Сол себепті, бұл өңірге сапарлаған адам толыққанды тынығуы үшін кем дегенде 2 күнін жұмсауы керек.
Ыстық су көздері маңында жыл сайын 50 мыңға жуық адам демалады, ем алады. Демалыс аймақтары санының көбеюіне орай туристер саны да 200-250 мың адамға дейін артуы мүмкін деп болжанып отыр. Шоңжыдағы ыстық суға Алматы қаласынан 4-5 сағатта жетуге болады.
Қайыңды көлі
Қазақ жеріндегі Тянь-Шань тауы сілемдерінің бауыры ірілі-ұсақты көптеген өзен-көлдерге бай. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі – Қайыңды. Көлдің ерекшеліктерінің бірі – оның тым жастығында. Қайыңды 1911 жылы болған жер сілкінісі әсерінен пайда болған.
Қайыңдыда болған жұртшылық «аруақтар көлі» деген атау тағып кеткен екен. Мұның сыры суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұрады. Бір қарағанда бұл көрініс аруақ кемелерінің алып қорымдарына ұқсас келеді. Көлдің айналасы қайыңдар мен қарағайларға ерекше бай.
2010 жылдың маусым айында Қайыңды көлі сел тасқынымен шайылып кетуінің әсерінен көлдің бүгінгі күндегі деңгейі 10 метрге төмендеген. Қайыңдыға Алматыдан 7 сағатта жетуге болады.
Жалғасы бар...
@. @assel_assanova