Қайыңды көлі - сұлулықтың қайнары

Қайыңды көлі - сұлулықтың қайнары
Фото: depositphotos/Petrichuk

Санаға сыймастай сұлулықты, не болмаса, ақылмен өлшенбейтіндей ғажайыпты тамашалап, көңіліңізге тоқып, сол арқылы таңдай қағып, бас шайқап, өмірден ләззат алғыңыз келсе, жер-көкті шарлап немесе шетел асудың еш қажеті жоқ. Бар болғаны, Қазақстанымыздың оңтүстігіндегі Алматы қаласынан 280 шақырым жерде орналасқан Қайыңды көліне қонаққа барыңыз.

Қазақ жеріндегі Тянь-Шань тауы сілемдерінің бауыры ірілі-ұсақты көптеген өзен-көлдерге бай. Ал, Қайыңды – солардың ішіндегі шоқтығы биігі десек, артық айтқандық емес. Көлдің ерекшеліктерінің бірі – оның тым жастығында. Қайыңды 1911 жылы орын алған жер сілкінісінің әсерінен пайда болған.

Қайыңдыда қонақта болған жұртшылық «аруақтар көлі» деген атау тағып кеткен екен. Мұның сыры суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері судың ішінен 15 метрге дейін көтеріліп тұрады. Бір қарағанда бұл көрініс аруақтардың кемелерінің алып қорымдарына ұқсас келеді.

Сондай-ақ, онда жау қолы су астынан атып шығатындай болып, өткір найза іспеттес өсімдіктер үрпиіп шығып тұрады. Асылында бұлар көл суының астындағы қарағайлардың бастары.

Көлдің айналасы қайыңдар мен қарағайларға ерекше бай болып келеді. Сол себептен де көл осы атауға ие болған секілді.

2010 жылдың маусым айында Қайыңды көлінің сел тасқынымен шайылып кетуінің әсерінен көлдің бүгінгі күндегі деңгейі 10 метрге төмендеген.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз.