Қазақтың аспантануы

Қазақтың аспантануы

Аспантану – бүгінгі тілмен айтқанда, бұл үлкен ғылым. Бұрынғы ата-бабаларымыз аспандағы 24 жұлдыздық амал өзгерісін, яғни табиғат құбылысын: жауын-шашын уақытын дәлме-дәл айта алды. Жайлау мен қыстау, көктеу мен күздеу арасындағы көші-қонды көк аспандағы көп жұлдызға қарап білген. Тіпті әрбір жұлдыздың аты мен затын, қозғалысын да жақсы меңгерді. Осының бәрі қазақтың сан мыңдаған жыл бойы қалыптасқан аспантану танымының жемісі.

Белгілі этногрф-ғалым Болат Бопай көктегі жұлдыздың сыры туралы бізге берген сұхбатында: «Қазақтың ішінде ертеде, баяғы замандардан бастап қуыс қамысты аспанға қаратып, сығалап, сонымен жұлдыздардың орнын бақылайтын аспан есепшілері болған. Олар жұлдызға қазақша ат қойып, жақсы таныған. Жеті қарақшы, үркер, таңшолпан, есекқырған, сары жұлдыз, қызыл жұлдыз, сүмбіле, таразыны білді. 24 амалдық жұлдызда 300-ге жуық мақал-мәтел бар. Мысалы, «Таразы туса, таң салқын». «Сүмбіле туса су салқын» – дейді.

Бір жылда 24 амал бар. 24 амал дегеніміз – 24 жұлдыз. Бір амал 6 күннен тұрады. «Амалдың кіруі», «амалдың ортасы», «амалдың шығуы» болады. Мамырдың 10 күні Сартан амал кірсе, 19 мамыр Зауза амалы кіреді. Қазақтың «Сартан-Зауза» деп жүргені, міне, осы. Бұл аралық жауын-шашынды келеді. Сартан жұлдызы аспанда бір рет 7 күн көрініп, қайтадан алыстап кетеді. Күн жүйесінің арғы жағына кетіп қалады. Зауза жұлдызы да сондай. Сондықтан қазақтың аспан есепшілері бір жылды 13 тоғыспен, 24 амалмен, 7 үлкен белгімен, 7 күндік уақытпен, 24 сағат – бір тәулікпен, айлық, жұлдыздық, жылдық есеп жасаған» – деді.
Қазақтың өзіне тән, ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан астрономиялық аспан есебі дейтін үлкен ғылым бар. Онда ауа райы ғана емес, әр адамның, тіпті малдың төлін, жылқының жүйрігін – бәрін аспандағы жұлдызға қарап тағдырын таныған, білген. Бұл халқымыздың – жұлдыз жорамалы. Он екі айды 12 жұлдызға балап, әр туылымның ерекшелігін дәл білген. Он екі жұлдызды 4 үлкен топқа бөледі. Олар: От жұлдыз, Су жұлдыз, Топырақ жұлдыз, Жел жұлдыз.
Топырақ жұлдыз дегеніміз – наурызға дейінгі үш ай. Бұл жердің көктеген кезі, көктің көрініп, топырақтың бусанып, табиғаттың көркіне келген шағы. Осы үш ай аралығында туған баланың денсаулығы мықты, жүзі сұлу, шырайлы келеді. Өйткені, жер, топырақ бәрін көтереді ғой.
Су жұлдызы 22 желтоқсаннан 21 наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Су жұлдызында туған кісінің мінезі теңіздей терең болады дейтін бұрынғылар. Кемшілігім де көп.
Аспандағы үркер жұлдызы күннің арғы жақ тасасында қалған кезде, яғни көрінбей кеткенде: «Үркер жерге түсті» деп айтады. Үркер жоғалғаннан бастап От жұлдыз пайда болады. Өйткені, ауада оттегі көбейеді. Бұл кезде туылған баланың мінезі ыстық болады. Тілі мен көз өткір. Алғыр келеді. Не көрсе, соны қағып алады. Білімді, өнегелі. Жауынгер.

Қыркүйектен желтоқсанға дейінгі аралықты Жел жұлдыз дейді. Ол кезде ауада жел пайда болады. Қараша, қазанда дамылсыз жел тұрады. Осы жұлдыз белгісінде өмірге келген адамның жүріс-тұрысы жылдам, қағылез, ұғымтал, зерек, көреген келеді. Бетің-жүзің демейтін, айтып тастайтын, тез жылай салатын, тез уанатын, «айтпаймын» деп айтып қоятын, мінезді келеді. Болат Бопай «Олар біреумен өштессе, ашуы келгенде «Қырам, жоям, шабам» деп, бірақ ақкөңіл болған соң, тез қайтып қалады. От пен Жел жұлдызды адамдар бірін-бірі мазаққа айналдырып, бірін-бірі түрткілеп, қалжыңға айналдырады. Ұрысып, төбелесіп қалу От пен Жел жұлдызды адамдарда көп болып қалады. Топырақ жұлдыз бен Жел жұлдыздылардың дәмі жараспайды. Өйткені Топырақ жұлдыздағылардың мінезі ауыр, Сабырлы келеді» – дейді.
Бұрынғылар Темірқазақ арқылы бағыт-бағдарды қарап отырған. Жеті қарақшы – аспан сағат. Айналып тұрған шөміштің басы жазда қайда, күзде қайда қарайды? Жеті қарақшының төрт маусымда төрт жаққа қарап тұратынын білген. «Үркер жамбасқа түсіп қалыпты» деп айтады. «Сары жұлдыз көрінді» – дейді. Қазақ сары жұлдыздан жақсылық болмайды деп қараған. Ол да 12 жылда бір туып, 8 жылда бір рет көрінеді. Құйрықты жұлдызды білді. Құйрықты жұлдыз көрінгенде, не жер сілкінеді, не апат болады, не соғыс болады деп ырыммен, дәстүрмен ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Қазақтың әрбір шаңырағы, әрбір отбасы аспан әлемін салт-дәстүрге сыйдырған, соны ұстанып отырған үлкен астрономиялық мектеп.

Автор: Жарас Кемелжан

Дереккөз: Жас Қазақ

Y. Almabek