Бабаларымыздың тазыны аң қағушылық сипатына қарай топтастыруы

Бабаларымыздың тазыны аң қағушылық сипатына қарай топтастыруы

Қазақтар тазыларды аң қағушылық сипатына қарай бірнеше топқа бөледі: касқыр алатын, қоян алатын, түлкі алатын (түлкілік). Қасқыр алатын тазылар мықты, денесі кесек, күшті келеді және өз ішінен әлділігіне қарай бірнеше дәрежеге бөлінеді.

Бірінші топқа жататын қасқыр алатын тазылар өте сирек кездеседі. Олардың сапасы ең жоғары деп санайды, шынымен-ақ бітімі кесек, күшті, өжет әрі жүйрік келеді. Олар көрген қасқырын бір-екі жұлып бетін қайтарып, содан соң қатарласа беріп алқымынан алып жығады да бір-ақ мытып өлтіретін қарулы келеді. Кейде күздігүні бөлтірік қасқырлар тобына киліксе, бірін жібермей түгел қырып салады.

Екінші топқа жататындар онша кесек денелі, арынды емес, сидам, сиректеу келеді, жуандығы орташа, денесі шымырлау болады. Ал батылдығы мен жүйріктігі жаман емес. Бұлар қасқырды қуып жетіп, жұла береді, қасқырдың мысын құртып, қасқырды денесіне жуытпайды, әрі жібермейді. Иесі жеткенше қасқырды ұстап босатпайды. Бұл иттердің қасқыршылық қабілеті мол болады және оны өлтіргісі келіп тұрады.

Үшінші топқа жататындардың алдыңғылардан айырмасы, бұлар қасқырды тартқанда иесіне жалтақтап иек артқыш, арқаланғыш келеді. Иесі кейіндеп қалса, жалтақтап артына қарай береді. Бел асып иесінің қарасы батып кетсе, аңды қумай тоқтап та қалады. Қасқырды тек аттың тізесімен алатындықтан мұндай тазыларды көмекші тазы деп атайды. Екеу болса батыл келеді, таласудан тайынбайды. Қасқырды тез тоқтатып, тез жығады. Енді бір тазылар өте күшті, әлді болса да шабандау келеді, қасқырға жете алмай қалады. Енді бірінің ұшқырлығы зор болса да, көп алысуға дәрмені жетпейтін әлжуаз, оны бірер тартып тұрып қалады. Демек, қасқыр алатын тазы әрі жүйрік, тегеурінді болуы керек. Рас, кейбір ершігеш жүйрік, кішкене, әлсіз иттердің өзі қасқырды дамылсыз жұлқылап, иесі жеткенше жібермейтіні де болады.

Қоян, түлкі алатын тазыларды да үш топқа бөледі. Мәселен, қара жерде немесе қар борамаған сонар күніге бес-алтыдан қоян алатын тазылар бірен-саран. Екіншісі күніне екі-үш қоян алатын жүйрік тазылар саналады. Үшіншісі күніне бір-екі қоян алатын марғау, болдырғыш тазылар. Түлкінің айлакерлігі болмаса қояннан ұшқыр емес. Сондықтан жоғарыда айтылған тазылардың қайсысы да түлкіні ала береді. Кейбір ауызданбаған немесе алғашқыда түлкінің тісі батып қалғандары ғана кейін жүрексініп, түлкі ала алмайды. Қазақ жерінде тазымен аң алу жақсы дамыған өңірде оның алғырлығын әр түрмен бағалайды. Егер қарқаралықтар тазы жүйріктігін қоян алу мөлшерімен бағаласа, аякөздіктер бұған қосылмай, тазы жер қарада қоянға жете алмайды дегенді айтады. Қоян көжектеген кезде, қар тұяқ көбеден жоғары және басқа ит, аң қуып болдыртқан кезде, қасында екінші көмекші болғанда қоян, түлкі ұстаған итті жүйрік деуге келмейді.

Марқакөл жақтағы бір қойшының ұялас тазысы аюлар жататын үңгірлерге барып, қуалаған аюды тістей қашып, қақпақылдай кезекпе-кезек тістелеп, жасырынған мылтықты иесіне қарай алып баратын болған. Тазылар әлбетте аңнан қоян, түлкі, қасқырдан басқа, қарсақ, суыр, борсық, тіптен үлкен аңдарды - тауешкі, елік, қабан, сайғақ алады. Қазақтар тазымен бірге азулы аңдарды алуға, олардан малға шапқан кезінде қорғануға қазақ төбеті былайша айтқанда бөрібасар асырағаны көпке мәлім. Оның тұқымы ғұндар заманынан бастау алады. Оны америкалық ғалым Джексон Стэнфорд Қытай жылнамаларындағы деректерге сүйене отырып, "шамамен біздің заманымызға дейінгі 126-шы жылы Орталық Азияға иттің бұл тұқымын ғұндардан батысқа қарай Алтай тауларында орналасқан өздерін өзі "юэчжи" деп атайтын көшпелі тайпа әкелген" деген дерегі қуаттайды. "Юэчжилер үйір-үйір жылқы бағып, жылқы сүтін сусын ретінде ішкен. Сол көп жылқыны үлкендігі тайдай, қара түсті сабалақ қара иттер күзеткен. Бұл иттің қаһарына қарсы тұрар хайуан жоқ", - деген деректерді алға тартады ғұндардың батысындағы Алтайдағы юэчжилер туралы жазбада қытай жылнамасы. Ғұн итіне қатысты деректер сүйек қаңқалары қазіргі Моңғолия жері мен Байкөл өңірінде табылып отыр және олардың жасы шамамен екі мың жыл.

Қазақ жерінде кездесетін Түркменнің алабайына ұқсас тұқымды ит өсірумен айналысатындар табиғатынан мықты, күшті жаратылған төбетті (халықтық атауы бөрібасар) жеке тұқымға жатқызады. Қасқырды алыса кетсе алқымын сығатын, қасқырға қотаннан қой бермейтін, алыса кетсе, жеңетін мықты "бөрібасар", ал денесі онан сәл шәкене келген, атты кісіні жүргізбейтін тайыншадай "төбет". Төбетті Ж.Бабалықұлы таутөбет, маңтөбет (немесе салқам) деп өз ішінен екіге бөледі. Төбет сөзінің мағынасы Тибетпен де, басқа талдаулармен байланысты шамалы дейді кинолог М.Исабеков. Керісінше, қазақтың дәстүрлі шаруашылық қарекеті мен тіршілік болмысына байланысты туындаған. Айталық, мал баққан қазақ ауылындағы жыл сайын қорасын тазалағанда шыққан көң-қоқысты тау төбе қылып үйіп қояды. Ал ит аязды түндері тоңып, жаурамас үшін, аяғымен тырмалап, төбеден өзіне жатақ орын дайындайды. Көп уақыттан бері тапталып үйілген көңде биохимиялық үрдістер үздіксіз жүріліп, көңнен жылу пайда болатыны сөзсіз. Ондай төбеде тоң болмайды, әрі биік төбеден айнала түгел көрініп тұрады. Осындай жылы орынды таңдаған ит ауылды, қотандағы малды түнде бөріден қорғайды. Осыдан төбедегі ит "төбе+ит- төбет" сөзі пайда болған деп жорамалдауға әбден негіз бар дейді кинолог маман М.Исабеков.

"Жақсы ит малға серік" дейтін. Күндіз малды бағысып, түнде ашкөз ұрылар мен қорқау жыртқыштардан күзететін, көшпелі тұрмыстың тауқыметін бөлісуші саққұлақ қотаншыл сырттан иттер ішінара аз да болса кездескен. Қайсы бірі жалғызілік қойшыларға мал отарласып, адамша жәрдемдескен жәйттер де ұшырасқан. Олар көбінесе барқыраған жуан дауысты, дене бітімі кесек келген, сирақтары білемдей, басы "қазандай", кеудесі биік әрі толық келеді. Сондай-ақ олар үй маңына жуық емес, күндіз көп үрмейтін, қимылы ширақ болады. Қазақтар аңшылық құруға қолайлы деп ақ өңін қалаған. Ақ түсті итті "Ақ жолтай" деп ырымдайтындар бар. Ақ итті көрген суырлар шуылдап, аңқиттап өре түрегеледі. Олар итке айбар етіп, өшіге, өршелене індеріне кірмей "қоқайып тұрып" аңқиттайды. Аңшы осы кезде суырларды атып алады. Қытай жылнамаларындағы деректер иттің сипаты сүйріктей сұлутазыдан гөрі бүгінгі тұқым ретінде құрып бітуге айналған тайыншадай қазақ төбеттеріне көбірек келіңкірейді деп пайымдайды осы саланың білгірі, әрі тазы өсіруді ермек ететін қайраткер М.Құл-Мұхаммед мырза.

Қазір Орта Азиялық қойшы иті (овчарка) аталатын (оның қате атау екендігін А.П.Мазовер 1939 ж. ескерткен екен) кесек бітімді, күшті, дене бітімі ұсқынсыз, қимылы ширақ, алып ұшқан қызба мінезі жоқ, байсалды, батыл, қасқырмен бетпе-бет келуге психикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да саймасай, бағу, күтімді талап етпейтін көмпіс, өз иесінің ишаратынсыз бөгдеге шабуылдамайтын ақылды, бірақ адамға шабатын қаупі бар, агрессив тұқым. Олар түнде сергек, күндіз бұйығы, маубас. Жыныстық қабілеті кешірек он екі айында жетіледі, денесі төрт-бес жасында толысады. Бұл иттерді түркімендер мен өзбектер ғасырлар бойы "қазақ ит" атап келген екен дейді мәселені, арнайы зерттеген мамандар. Түркмен иті атап жүрген мал бағатын иттер негізінен қазақтар тұрған өңірде сақталып, кейін Кеңес заманында кең таралып, соңғы ширек ғасыр уақытта, тіптен жаңа тұқым ретінде тіркеліп, алабай атауына 1980 жылдары ғана ие болған. Оның алабайға өте жақын болғанымен онан айырмасы бас сүйегінде. Алабай мен қазақ төбеті (бәлкім бөрібасар) өзара өте ұқсас тұқымдар. Алабайдың бас сүйегі қоңыр аюдың бас бітіміне ұқсас, түсі көбіне ашық болып келсе, қазақ төбетінің басы ақ аюдың бас бітіміне ұқсайды, жақ бітімі қасқырдікіне ұқсайды. Алабай шоқтығы 70 см-ден аспайды, жүні тақырлау қысқа, тері астыидағы қоңы жұқа болса қазақ төбеті ірілеу. Айталық, соңғы төбеттерді бірі Мойнақ атты иттің шоқтығы 79 см, салмағы 62 кг, жіліншігі орамы 17 см, кеудесінің орамы 98 см, басы 57 см. Жазба әдебиеттерді сараптай отырып, олар шынымен-ақ бір-біріне ұқсас екі түр деп пайымдауға болады.

Мастиф иттерге жататыны төбет немесе бөрібасар түрлері туралы орта ғасырлық еуропалық жиһанкездер тамсана жазады (тазы туралы жұмған аузын ашпайды дедік). Марко Поло ежелгі Қазақ жері мен Тибетте үлкендігі есектей ит ұшырасатындығы туралы жазса, Шағатай ұлысының патша сарайында он мыңдай ит ұсталады, олардың тұқымы маделян (мәдениленген) иттерден, оларды аң аулауға, күзетуге, жүк тарттыруға қолданады дейді.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.

Сурет: tengrinews.kz

Е. Жұмабайұлы