Біржан салдың ұрпақтары кімдер? (соңы)

Біржан салдың ұрпақтары кімдер? (соңы)

(Басы)

– Осы уақытқа дейін: “Біржан салдың ұрпағы еді”, – деп өзіңізді іздеп келген біреулер болды ма? Болса олар кімдер деп айтар едіңіз?

– Болды. Ол – Ілия Жақанов. 1982 жылы атамның 150 жылдық тойының қарсаңында мені іздеп тауып, Көкшетау қаласындағы мəдениет сарайында сондағы елмен кездесу өткізді. Əн салдырды. Алматыға ертіп апарып, Қазақ телевизиясының хабарына қатыстырды. Қазіргі қолыма ұстап отырған мына домбыра содан қалған белгі дер едім. Мұны Ілия маған сол 1982 жылы сыйлаған болатын.

– Атаңыз Біржан салдың қанша əнін білесіз жəне олардың нешеуін орындай аласыз?

– Мен өзім əннің соңына түспеген, оны көп кəсіп қылмаған адаммын, қарақтарым. Басқа мамандықтың иесімін деп айттым ғой əңгімемнің басында. Ал, бірақ біреулер: “Қане, өнеріңізді көрейік, шырқап жіберіңізші”, – десе атамның бес-алты əнін қадери-халімше орындап бере алатын қауқарым бар. Олар «Жанбота», «Теміртас» жəне Біржан салдың ақын Сарамен айтысынан алынған үзінділер.

Мұхаң ақсақалмен арадағы болған əңгімелерден бір байқағанымыз ол кісінің өз əкесі Теміртасты өте жақсы көретіндігі дер едік. Сұхбат барысындағы реті келген жердің бəрінде сол бір ғазиз жанды аузынан тастамай, ыстық ықыласпен, сағынышпен еске алып отырды. Осы сəтте біздің есімізге Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің ертеректе жарияланған бір естелігі түсті. 20-шы жылдардың соңында ұлы жазушы Степняктан Бурабайға арбамен келе жатып, салт атты милиционердің екі қолын артына қайырып байлаған еңгезердей қазақты алдына салып айдап келе жатқанының куəсі болады. Сұрастыра келсе, жаяу тұтқын Біржанның ұлы Теміртас болып шығады. Жабылған жала бір қап ұн болса керек. Сол тұста қаламгер Біржан сал секілді біртуар ұлы əншінің жер бетінде қалған жалғыз тұяғы Теміртастың жалған жаламен айдалып келе жатқандығын, осы сапардан енді оның қайтып оралар-оралмасын білмей күрсінеді. Өйткені заман сондай еді. Осындай-осындай оқиғалардың бəрі кейін жинала келіп, 37-нің ойранында ақыры Теміртасты “халық жауы” етіп шығарғаны анық. Болған іске не шара дейсің де қоясың. Сөз соңында Мұханбетқали ақсақалдан ұлы атасының көпке беймəлім бір ауыз сөзі болса да айтсаңыз, оларды ел-жұрт біле жүрсін деген өтінішімізді алға тарттық.

– Атақты Жанбота мен Азынабай болыстардың Біржан салдың өмірінде ерекше мəнге ие болғандығын əркім əртүрлі сөз етеді, – деді əңгіме иесі. – Шын мəнісінде олардың екеуі де елге сыйлы, аузының уəлі, сөзінің уəжі бар тұлғалар болған. Атышулы “Жанбота” əнінен кейін Азынабайдың тентек Поштабай үшін кешірім сұрап, Біржан атамыздың алдында иіліп, ат-шапан айып тартқаны мəлім. Əйтсе де ұлы əншінің нəзік сезімін күйік шалып, көңілі көпке дейін жарым болып жүрген. Бірде Жанбота мен Азынабай бас қосып отырғанда екеуі атамызға əн айт деп қолқа салса керек. Сонда ол кісі:

«Бұрынғының жақсысы тəмам болды,

Ендігінің жақсысы жаман болды.

Арғымақ аяғына арқан шалып,

Тұлпардан есек озған заман болды.

 

Бұрынғының биіндей би қалмады,

Ендігінің биінде ми қалмады.

Хатым-құран оқыған молдалардан

Өлікке одан басқа сый қалмады, – депті. Осынау қос шумақтан Біржан атамыздың бірбеткейлігі, беделдері бел қайыстырған қос болыстан қаймықпаған ақиқатшыл алмас мінезі байқалады. Əнші жоғарыдағы шумақтар арқылы екеуің де бұрынғының “жақсысы да, биі де емессіңдер” деп тұрған жоқ па.

...Əңгіме аяқталды. Қайтарымызда Мұхаңнан отбасы туралы, өзінің қалай тіршілік кешіп жатқаны жөнінде сұрадық. Бұл кісіден қазір Серік, Шəріп, Орал, Марал деген төрт бала бар екен. Олар жұмысшы, жүргізуші сияқты түрлі кəсіптің жетегінде жүрген жандар болып шықты. Солардың ішіндегі Шəріп Теміртасов деген ұлының өнерге икемі бар секілді. Ол аудандық “Көкше əуендері” ансамблінде өнер көрсетеді дейді. Мұханбетқали ақсақалдың өзі аурушаң кемпірін бағып, болмашы зейнетақымен күн көріп жатқан жайы бар. Тұрмысы онша емес. Қоңторғай тіршілікпен ғұмыр кешуде. Оны көргенде жергілікті əкімшілік орындары қарияға көз қырын салып, көмектесіп тұрса ғой деп ойлайсың. Иə, асылдың сынығы, тектінің тұяғы осы бір момын да біртоға қарияға көмек керек-ақ.

2003 жыл.

Авторлық анықтама. МұханбетқалиТеміртасұлы Біржансалов 2010 жылы өмірден озып, бақилыққа аттанды

Сұқбаттасқан: Жанболат Аупбаев

 

"Теміртас" әні

Орындаушы: Байғабыл Жылқыбаев

Біржан деп атым шықты алты Алашқа, 
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа. 
Жасымыз алпыс бестің келгенінде, 
Құдайым берді науқас ғаріп басқа. 

 

Мінуші ем кербез керді арықтатып,
Әр топта сөйлесуші ем анықтатып.
Үш жүзге мағлұм болған Біржан едің,
Құдайым берді науқас шалықтатып.

Сөйлесем бал тамады-ай таңдайымнан,
Тағдырдың бізге берген қандайынан.
Теміртас, Ақық, Алтын мейірбаным,
Кетсейшы-ау бір сүйгізіп маңдайыңнан.


Алдымда шам шырағым - Теміртасым, 
Тілегім болсын ұзақ сенің жасың. 
Хош болыңдар, бауырым, балапаным, 
Байқаймын ажал шіркін құтқармасын.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: celebrities.kz

M. Auelkhan