Көшпенділер мен ораза айт немесе 124 жыл бұрын қалай тойланған?

Көшпенділер мен ораза айт немесе 124 жыл бұрын қалай тойланған?

Құрметті оқырман! Сіздерді ораза айт мерекесімен құттықтаймыз. Отбасыларыңызға береке, бірлік, жемісті жыл тілейміз. Мерекеге орай, назарларыңызға 1890 жылы мұсылмандардың ораза айт мерекесін қалай тойлағандығы жайлы «Дала уалаяты» газетінде жарияланған мақаланы беріп отырмыз.

Ораза біткен соң мұсылмандар «гаид» атты мейрамды атап өтетін, бұл араб тілінен аударғанда «мейрам» дегенді білдіреді. Руза-гаид, яғни ораза мейрамы, әр жыл сайын былтырғы жылдан 11 немесе 12 күнге ерте келеді. Руза-гаид сонымен қатар, магометандық жаңа жыл деп те аталады. Ол қыс мезгіліне де, көктем, жаз, күзге де келуі мүмкін.

Басқа магометандық халықтарға қарағанда гаидті бәрінен бұрын қырғыздар тағатсыздана күтеді, әсіресе бұл мейрам жаз мезгіліне түссе. Гаидке дейін бірнеше күн бұрын халық жаппай жандана бастайды. Молдаларға төмпешігі, шұңқыры, бұтасы жоқ, ең ыңғайлы орын дайындай бастайды. Әйелдер – мәңгілік қызметшілер. Бауырсақ, шелпек, қымыз бен айран дайындайды. Ақсақалдар мен қарттар ауылдарды аралап, гаидтың қашан болатынын сұрастырып немесе хабарлап жүреді. Бозбалалар мен жігіттер тұлпарларын дайындап, салтанатқа дайындай бастайды. Қыздар таңнан кешке дейін өздеріне, аға-бауырлары мен ата-аналарына киім тігумен айналысады.

Міне, Рамазанның соңғы күні де келді. Кеш батқанда бәрі киіз үйлерінен шыға бастайды. Көпшіліктің көзі батыста. Әркім бірінші болып айды көргісі келеді. Міне, ай. Батыстан сығырайған айдың жарығын қырағы қырғыз бірінші болып көреді.

- Ай! Ай! – жұртшылық жарықты қолымен көрсетіп, қуаныштан айқайлай бастайды. Бәрі бір ауыздан тізерлеп отырып, зор құрметпен дұға оқиды. Қуанышты жаңалық ауыл-ауылға тарап, бәріне жария болады. Қырғыздар зор қуанышпен алдын-ала жайылған дастархандарға жайғасады.

Ақшам. Барлық ауылда у-шу, тойға дайындық. Жігіттер тұлпарларын жайлаудан әкеліп, түнге қалдырады. Діншіл қарттар ертерек мешітке бару үшін жылқышыларына таңға дейін жылқыларын әкелуге тапсырма береді. Адамдардың күбірі, аттың кісінеуі мен дүбірі, түйелердің боздауы, қойлардың маңырауы мен иттердің үруі – бәрі бір ортақ таңғажайып гуілге айналып, қырғыздар үшін аса қуанышты және салтанатты той-думанның болатынынан хабар беретіндей.

Түн тыныш. Тек кейбір жерлерде қырағы иттің үргенін, қарауылшының «Кім бұл?» деген айқайын естуге болады. Және әйтеуір бір жерде киіз үйдің жанында адал досы – тұлпарын сипалап, мақтау сөздерін жаудырған жігіттің дауысы еміс-еміс шығады. Оның ұйқысы келер емес. Ол өз күшін, ептілігі мен төзімділігін сынау үшін және тұлпарын бәйгеге қосу үшін таңды тағатсыздана күтеді.

Міне, таң да атты. Ауыл тағы дау-дабыраға бөленіп, сол баяғы таңғажайып гуілге оранды. Ауылға таяу маңда тегіс жерде қырғыздар дұға оқуға жиналады. Молда зор дауысымен азан шақырады. Дұға қылушылар рет-ретімен отырып, молданың әр қимылын, әр сөзін мұқият бақылайды.

Дұға оқыған соң бір-бірін құттықтап, қонаққа шақырады.

Қырғыздар топ-топ болып, ауыл-ауылды аралап, әр үйден дәм татады.

Шамамен түс кезінде жігіттер «Жиналыңдар!» деген белгімен арнайы белгіленген жерге аттарымен шауып барады. Алдымен олар екі топқа бөлініп, әр топқа бір басшы сайлайды. Басшы өзіне көмекші тағайындауына мүмкіндігі бар. Ол көңіл-көтеру шараларын, ойындар ұйымдастыру үшін, сыйлықтар таратып, ұрыс-керістерді шешу үшін және жалпы тәртіпке жауап беру үшін көмекшісі ретінде қыз баланы шақыруына болады. Басшының нұсқауымен жігіттер ауыл-ауылды аралап, бәйгеге бойжеткендер мен қыздарды шақырады. Олар, әрине, мұндай сауық-сайраннан бас тартпайды.

Ең алдымен бәйге жарыстырады...

...«Бүгiнгi күн қуанышты мереке күн. Ойнаңдар, күлiңдер, көңіліңдегіні қылындар. Уа, шырақтарым, айтта қылғандарыңды кұдай кешіреді!» қарттар жастарға айтады.

«Дала уалаяты газеті» 1890 жыл.

Сурет: art.gazeta.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina