"Медеу" – мақтанышымыз...

"Медеу" – мақтанышымыз...

Медеу дегенде көз алдымызға күнге шағылыса жалтылдаған қарлы шыңдар, аспанмен таласқан Тянь-Шань шыршалары, таудың қоңыр салқыны, жұпар иіс пен тап-таза ауа елестейді.

Әңгімемізге арқау болып отырған дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, яғни, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан. Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылы пайдаланыла бастады. «Медеу» кешенінің айналасын 21 мың гектар болатын орман-тоғай қоршап жатыр. Онда қайың, көктерек, қарағай мен шырша, долана, шетен сынды ағаштар өседі. Басын мұзарттардан алып жатқан мұздай тау өзенінің гүрілі алыстан естіліп тұрады. Ғарыш сәулелері ғылыми станциясы, Үлкен Алматы Көлі, Жоғарғы Горельник сарқырамасы, Алматыны селден қорғап тұратын бөгеттер, Терренкур және сегіз жүзден астам сатысы бар баспалдақ «Медеудің» атын одан әрмен асқақтатып тұр десе де болады.

Осы бір ертегі сынды әсем табиғатқа байланысты ел аузында әртүрлі аңыздар да айтылады. Соның бірі мынадай: Сонау ерте замандарда асқар Алатаудың баурайында бір мұңды жас сұлу пайда болыпты. Ол жалғыздық туралы қайғылы әндер салады екен. Әнін айтып болған соң жартасқа жақындап, қолының суын тастарға тигізген көрінеді. Сонда жар екіге айырылып, үңгірге кіретін есік ашылыпты, ал үңгірдің ішінде үлкен сандық бар екен. Сұлу қыз ойланбастан барып, сандықтың бетін ашады. Ештеңе жоқ. Қыз жылай бастайды. Осы сәтте сандықтың түбіне тиген жастар алтын теңгелерге айнала бастайды. Осы оқиғадан кейін байлыққа кенелген бойжеткен кедей-кепшіктерге ақша үлестіріп, көмектесе бастайды.

Алайда бір күні бұл туралы зымиян пері біліп қояды да, іштарлығы ұстап үңгірдің қақпасын біржола бекітіп тастайды. Қыздың мейіріміне бөленген адамдар оны іздеуге шығады, тау-тасты қопарады. Алайда, оның қайда қалғанын ешкім де таба алмаған екен...

Аңыздың аяғы бүгінге дейін жалғасып келе жатқандай. Бұлай дейтініміз, бүгінде «Медеу» кешені ірі дәрежедегі жарыстарға қатысатын әртүрлі елдің жүйріктеріне алтыннан алқа тағып жүр. 1983 жылдан бері «Медеу» мұз айдынында спринтерлік және классикалық көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әртүрлі халықаралық жарыстар өткізіліп, дүниежүзілік, еуропалық және ұлттық рекордтар жасалып үлгерді.

Шымбұлақ, Талғар асуынан салынған ұзындығы 3500 метр болатын шапшаң сырғанап түсу жолы мен еңістігі 11-29 градус, ұзындығы 1500 метр алып жол спортшыларымызға үлкен мүмкіндіктер береді. Сапасы жағынан Еуропаның ең таңдаулы деген шаңғы жолдарына беріспейтін, ал сырғанау қасиеті жөнінен олардан асып түсетін құрылыспен мақтана аламыз.

Жарыс өткізілмейтін күндері мыңдаған адамдар, отбасы мүшелері, ғашықтар, мектеп оқушылары осында тынығуға, сырғанауға келеді. Еліміздің басқа қалаларының тұрғындары, шетел туристері Қазақстанның оңтүстік астанасына «Медеу» үшін келіп жатады. Мұнда коньки, тау шаңғысы, шана спортынан басқа  альпинизм саласы жақсы дамыған. Қазақстандықтар Іле Алатауының төрт мың метрлік биіктерін сонау 30 жылдардың өзінде-ақ бағындыра бастаған. Сондай-ақ, осы кешенде республикалық, халықаралық өнер байқаулары өткізіліп, бірқатар әншілердің концерттері де беріліп тұрады. Мәселен, «Медеуде» 1990 жылдан дәстүрлі “Азия дауысы” халықаралық ән байқауы өткізіліп келеді.

Осы тұста «Медеу» атауының не себептен берілгендігін де айтып кетейік. Сіз бұған дейін бұл туралы ойланып көрдіңіз бе?

Алматы қаласының атауы әлі Верный болып тұрған тұста, ХІХ ғасырдың соңында Медеу Пұсырманов деген қоғам қайраткері өмір сүрген. 1850 жылы дүниеге келіп, 1908 жылы небәрі 58 жасында дүниеден өткен. Медеудің әкесі Пұсырман батыр болыпты. Медеудің өзі де жастығында батырлығымен көзге түскен. Малдың бабын жақсы білетін Медеу жағдайын тез жасап алады.  Қоғамда сөзі өтетін, беделді кісі болған. 1893 жылдары Верный қаласының кіші болысының бірінде старшын да болған екен. Ағаш егу, үй салу жұмыстарына араласады. Өзі басқарған аудан тез гүлденіп, сол кездердегі ірі құрылыстар бірінші сол ауданда пайда болған көрінеді. Көшпелі халықты отырықшылдыққа бейімдеу жұмыстарының басы қасында да болған. Әсіресе қазақ жастарына ерекше көңіл бөлген Медеу Пұсырманов қазақ балаларына арнап арнайы пансионат та ашқан екен. Өзінің де балалары көп болған. 12 ұл, 8 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Қажылыққа да барып қайтқан. Оның атағы, қайырымдылығы, бай­лығы, қарапайымдығы жайында атақ­ты Жамбыл Жабаев та өз айтыстарында талай мәрте айтқан деседі.

 
1949 жылы Медеу мұзайдынының құрылысы бастал­ғанда, спорт кешеніне Медеу Пұсырмановтың есімін беру туралы шешім бірауыздан қабылданған екен.

Сөз соңында, «Медеу» кешенінің жұмыс тәртібі мен кіру бағасын да айта кетейік. Кешен екі сеанс бойынша жұмыс істейді: күндізгі – 10.00-16.00, кешкі – 18.00-23.00 аралығында. Билет бағасы: ересектерге – 1800 теңге, студенттерге – 800 теңге, балаларға (7-12 жас) – 400 теңге, мүгедектер мен зейнеткерлерге тегін. Ал конькиді екі сағатқа жалға алу: ересектерге – 1000 теңге, балаларға – 500 теңге.

«Медеуді» әлі көрмеген болсаңыздар, көктем толық патшалық құрмас бұрын үлгеріп қалыңыздар дегіміз келеді.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы «Медеу» мұз айдыны өз келушілеріне көтеріңкі көңіл-күй, сергектік, шымыр денсаулық сыйлаудан шаршаған емес. Және біздің балаларымыз, немерелеріміз де «Медеудің» қызығын тамашалайтын болады деп сенейік! 

Материалды дайындау барысында "Алматы – әсем қала" кітабы пайдаланылды

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: "Медеу" кешенінің вк-дағы парақшасынан

Оқи отырыңыз:

"Табаған" туралы

"Шымбұлақ" туралы