- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Табағанда" таң қалмаңыз!...
"Табағанда" таң қалмаңыз!
Қыс патшалық құрып, жер беті ақ көрпесін жамылысымен, таза ауа құшағындағы демалысты сүйер қауым шаңғысын, шанасын сүйретіп қырға, тауға қарай ағыла бастайды. Алматылық тұрғындардың дәл осындай қысы-жазы жақсы көретін демалыс орындарының қатарында "Шымбұлақ", "Медеу", "Табаған" кешендері бар. Шымбұлақтың шақыртуын күтпеңіз деген кеңесімізді айтып үлгердік, бүгінгі саяхатқа арқау болатын мекен – таңғажайып "Табаған" болмақшы.
"Табағанға" бара қалсаңыз, адамды елітер тап-таза ауасына, көз тартар сұлулығына және мәңгілік жадыңызда қалатын естеліктерге таң қалмаңыз. Мұнда әрбір адам өз жанына жақын нәрсені еш қиналмастан таба алады. Және бір ерекшелігі маусым таңдамастан баруға болады. Қыста ақ көрпенің астындағы таулар мен шыршаларды тамашалап, шана мен шаңғыны серік етесіз.
Көктемде алуан түсті гүлдерден тоқылған кілемде аунайсыз. Жазда ызылдаған аралармен жағаласып жүріп армансыз серуендейсіз. Күзде алтын түсті жапырақтарды қызықтап, нарттай қызыл алмалардан дәм татасыз. Шытырман оқиғалар мен ойын-сауық әрбір қадамнан табылып жатады. Бар болғаны сергектік қуатын алуға, көтеріңкі көңіл-күйге дайын болыңыз.
«Табаған» кешені — тау шаңғылауына арналған Бесқайнар кентіне жақын жердегі Шыбынсай (Іле Алатауы) шатқалында салынған спорт және ойын-сауық кешені. Әңгімемізге арқау болып отырған демалыс орны 2005 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Кешеннің Аустриядан, Голландиядан және Ресейден әкелінген техникамен жабдықталғандығын мақтан тұта аламыз. Ал аспалы жолды құрастыруды және карточкалық кіру жүйесін енгізуді Ресей мамандары жүзеге асырған, қалған жұмыстарды жергілікті компаниялар жасаған екен.
"Табаған" атауы ағылшын тіліндегі "Toboggan" сөзінен шыққан. Қазақ тіліндегі мағынасы – "шана", "түсу", "сырғанау".
Мұнда бірнеше ауыл бар:
Қайыңды ауыл
Үйеңкілі ауыл
Шыршалы ауыл
Шетенді ауыл
Қарағайлы ауыл т.б.
Аталған ауылдардан бір күнге үй жалдау үшін 60000 теңге төлейтін боласыз.
"Табаған" кешенінде "Табаландия" (200 орындық) және "Табакерка" (80 орындық) аталатын кереметтей мейрамханалар жұмыс істейді. Ал демалушылар үшін еуропалық, ұлттық, мексикалық асхананың тағамдары ұсынылады. Олардың бағалары әртүрлі және келушілерге таңғы ас тегін беріледі.
Саунаға кіріп, бассейнге шомыламын десеңіз, оған да барлық жағдай жасалып тұр. Сағат түнгі 23.00-ге дейін 3500 теңге төлеу керексіз.
"Табағанның" қысқы кереметі – шаңғымен сырғанау. Жас та, кәрі де ең алдымен шаңғыны іздеп келіп жатады. Өміріңізде шаңғы теуіп көрмеген болсаңыз, үйрететін арнайы қызметкерлердің көмегіне жүгінуге болады. Шаңғыны бір күнге 4000 теңгеге алып, трасса үшін тағы 4000 теңге төлеуге тиіссіз.
Қыстың қызығын сезінуден кеш қалғыңыз келмесе, "Табағанға" асығыңыз, оқырман!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: massaget.kz