Менің студенттік жылдарым

Менің студенттік жылдарым

Бүгін студенттер күні. Аталған мерекеге орай белгілі өнер жұлдыздары мен танымал тұлғалар өз ойларымен бөлісті. "Менің студенттік жылдарым" атты сауалнама сұрақтарына «МузАрт» ансамблінің әншісі Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сатирик Асқар Наймантаев, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, тележурналист Әуесбайдың Қанаты, әнші Жазира Байырбекова, ақын, журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы жауап берді. Қызықты сұхбаттан құр қалмаңыздар!

Сәкен Майғазиев, «МузАрт» ансамблінің әншісі:

"Студенттік шақ деген кезде аш жүрген кездер еске түседі. Біз де кезінде қызықты шақтың бар ащы-тұщысын көрдік. Көп ағаларымыз бүгінгі студенттерге көңілі толмай, «біз кезінде бұлай болып едік, сендер мынадайсыңдар» деп айтып жатады. Мен ондай пікірде емеспін. Олар да өз уақытында қиындықтарын көрді, қазіргілер де солай. Әр уақыттың өзіндік ерекшелігі бар. Мен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде оқыдым. Басқалар көрген өмірді көргім келді. Сол себепті жатақханада тұрдым. Студенттік өмірдің қызығын, қиындығын бір кісідей бастан кешірдім. Кейін өнер академиясына түскен кезде бойдақ емес едім. Жарыммен бірге пәтер жалдап тұрдық.

Беріректе эстрада және цирк колледжінің директоры Бейбігүл Нұрғалиқызы арнайы ұсыныс жасап, ұстаздық етуге шақырды. «Менің гастрольдік сапарларым, концерттерім көп үлгере алмаймын ғой» дегеніме қарамай, «жастарға ел алдында жүрген сендер үлгі болмасаңдар кім көңіл бөледі» деп шақыртып алды. Бүгінде аталған колледжде дәріс беріп жүрмін. Студенттер де «сіз келсеңіз мереке болып қалады» деп қуанып отырады. Студенттерімнің қиын мәселелеріне қолымнан келгенінше көмектескім келеді. Сессияда болсын, басқа да болсын барымша жәрдем етіп тұрамын. Бастысы студенттерімнің азқазаны ауырмағанын қалаймын. Вокалистер аш жүрмеуге тиіс. Студенттерге ағалық, ұстаздық кеңесім ата-ананың сенімін, үмітін ақтасын. Ата-анасына хабарласып жағдайын біліп тұрсын. Кем дегенде аптасына екі мәрте хабарласқан абзал. Мен мысалы анама екі күн хабарласпай қалсам өзімді қылмыс жасағандай сезінемін. Біз тірі кезінде ешкімнің қадірін білмейміз. Кейін өкінібес үшін бүгін ойлану керек. Сосын армандаудан жалықпау керек. Арман ешқашан да алдамайды. Көп жастар жалқаулыққа салынып ертеңіне салғырт қарайды. «Бәрі ақшаға байланысты, жемқорлық» деген сияқты кереғар пікірлерден арылу қажет. Оқу, білімге ұмтылу өз болашақтары үшін. Білімді адамдардың қолынан бәрі келеді. Қиын да қызықты студенттік күндердің қадiрiн біліңдер!"

Асқар Наймантаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сатирик:

"Мен мектепті түріме қарамай алтын медальмен бітіргенмін. Алтын медаль алғандардың аттестаты кеш берілгендіктен арман болған "Алматы театр және көркемсурет институтына" тапсырып үлгермей қалдым. "Ойбай, медальді сатып алыпты!" - деген өсекке қаласың, әйтеуір бір оқуға тапсыр" - деген анамның ақылынан соң, ең бірінші емтиханы "Тарих" пәні болатын оқу іздеп, "Нархоздың" "Финанс және кредит" факультетіне түстім. Ол жерде өткен үш жылым, сахнаға алаңдаумен, аңсаумен өтті. Ақыры ол оқуды тастап, өнер жолына түстім. Қызығы мол студенттік өмірдің жыры таусыла ма?! Тек біздің жастық дәуреніміз 86 жылдың желтоқсан оқиғасына дәл келді. Ол кезде қазіргі Т.Жүргенов академиясының 2-курс студенті едік. Қатарымыздан сотталып, оқудан қуылып жатқандар болды. Мені де комсомолдан, жатақханадан шығарып, оқудан қуды. Сол кездегі ректорымыз Сәкен Дәрженов пен ұстазым Түңғышбай Жаманқұлов ағаларым байқатпай ректор атынан стипендия төлеп, оқуға жасырын келіп жүруге рұқсат берді. Көктемгі сессия кезінде курспен бірге тапсыртып, арнайы комиссия құрған болып, мені қайтадан өз курсыма қабылдады. "Желтоқсан" оқиғасынан кейінгі алты айға жуық тергеу мен тексеру біздің бозбала қызығымызды, жастық жалынымызды ұрлап кетті. Ерте есейіп кеттік. Сенім жоғалды, секемшіл болдық... Қазіргі студенттердің жастық дәурені жасына лайық думанмен, сән-салтанатымен өткенін тілеймін! Заман тыныш болсын!"

Әуесбайдың Қанаты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, тележурналист:

"1999-2004 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентi болдық. Әйгiлi бесiншi жатақхананың 8 жылдай тұрғыны болдық. Жатақхана менi ата-ананың билiгiнен тыс дербес өмiр сүруге үйреттi, қоғамдық жұмыстарға белсендiлiктi арттырды. «Жiгiт сұлтаны» байқауына қатысып, бiрiншi орын алдық. Топ құрып, ән айттық. КВН-де елдi күлдiрдiк, студенттiк оркестрде баян тарттық. Бұл студенттiгiмнiң жарқын жағы. Ендi күңгiрт жағын айтайын. Жатақханада әйгiлi «дедовщина» шарықтап тұрған кез едi. Бiздi де айналып өтпедi. Бала кезiмiзде «шалдық қызмет» тек түрме мен әскерде болады дегендi естiген бiз онымен студенттер үйiнде беттесiп көрдiк. Басында оны тек аға-iнi боп араласу шығар деп қабылдаған сияқты едiк. Бiрақ аға десiп жүрген жоғары курстың балаларынан ағалықтың үлгiсiн қанша көрейiк десек те көре алмадық. Олар қамқорлықтан туған жәрдем емес, керiсiнше қоқан-лоққы көрсетiп, жұдырық жұмсауды ғана бiлiп, соны ғана бедел көрдi. Бiздiң жатақханамызға атышулы ұр да жық «физкультурныйдың» жiгiттерi көп келетiн. Бiлек күшiн боз кiлемде, шаршы алаңда көрсетуi тиiс сабаздар бөтен оқу орындарындағы бауырларына көрсететiн. Айтайын дегенiм, аға боп сол бөтендерден қорғап, қалқан болу орнына әлгi «шалдарымыз» сондай кездерi қара батырушы едi. Есесiне, сол шалдар «ертең сендер де «дед» боласыңдар, первашты шыр айналдырасыңдар» деп ақыл айтқанда алдына жан салмаушы едi. Бiрақ бiз олай етпедiк, ете алмадық, олай етуге құлқымыз да болмады. Өйткенi, қазақты қазақ қалай ұрады? Мен бұл мәселенi қозғауымның себебi, жуырда Алматы әкiмi қала оқу орындарында «дедовщина» бар екенiн айтып, олармен қатаң жұмыс жүргiзiлетiнiн айтқанын естiгенде таң қалдым. Әкiмнiң айтқанына емес, қараңғылық, жабайылық пен бейшаралықтың сорақы түрi «дедовщинаның» әлi күнге бар екенiне таң қалдым. Сондағы бiрi-бiрiн соққыға жығып, таяқтың астына алып жатқан өзiмiздiң қарагөздер, бауырларымыз, басқа ешкiм емес. Ал өз бауырыңа жұдырық жұмсағанда не опа тапты сол сабаздар? «Өсер елдiң баласы бiрiн-бiрi батыр» деп көкке көтеру орнына, сес көрсетiп, жер қылудан ләззат алып жатса, жастар арасындағы үлкен дерт осы дер ем. Бұл жазбамды қазiрде осындай бейшаралық әрекетке бой алдырған жастар оқыса, бiр ойланар деген себеппен жазып едiм. Дұрыс түсiнер деп ойлаймын".

Жазира Байырбекова, әнші:

"Мен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түскен кезде 16 жаста едім. Студент атанған кезде алғаш Айқыз есімді қызбен, Жанболат атты жігітпен тыныстым. Айғызбен кейін достасып, жақындасып кеттік. Әлі күнге дейін арамыздан қыл өтпеген тату құрбымыз. Ал Жанболат өмірлік жарыма айналды. Біз студенттік кездегі достарымызбен әлі күнге араласып тұрамыз. Біреулер «Шіркін, студенттік күндер былай болып еді» деп сағына еске алып, сыр шертіп жатады ғой. Ал менің есімде ондай ештеңе қалмапты. Бәріміз әлі күнге дейін бірге жүргесін бе, ойыма естелік деп айтар ештеңе түспей тұрғаны. Бір айтарым, студенттік жылдар маған өмірлік жар, жан құрбы сыйлады. Бір қызық оқиға айтып берейін. Студенттік жылдары жатақханда тұрдым. Он алты жастамын. Ән салып сахналарға шығып жүреміз. Өзім гүлді қатты жақсы көремін. Сахнада халықтың берген гүлдерін сақтап, су құйып күтіп, аялап жүремін. Бір күні терезе алдында тұрған гүлдің суын ауыстыру керек болды. Су алып келу үшін төменге түсіп, сыртқа шығу керек. Баруға еріндім де терезені ашып, төге салдым. Ойымда түк жоқ бөлмеде жүрсем. Біреу есікті қатты төмпештеп алып бара жатыр. Ашып қарасам бір ер адам мен әйел адам. Әлгі еркек ашуға мінген, ызадан жарылғалы тұр. Әдемі ақ көйлегі малмандай су болған әйелі артында тұр екен. Шошып кеттім. Жігіт болсам ұрып жіберуі мүмкін еді. Сөйтсем барын киіп қонаққа кетіп бара жатқан ерлі-зайыптылар екен. Мен суды дәл әйелдің үстіне төге салғам ғой. Еркек айқайлап ұрсып жатыр. Сасқанымнан «әкеліңіз, жуып берейін» деппін. Ауылдан жаңа келген қыздың аңқаулығы ғой. Сондай бір ақымақтық жасағам. Ол да бір естелік. Сондағы әйелдің сабырлығы әлі есімнен кетпейді. Бір ауыз тіл қатып өкпесін де айтқан жоқ. Ашулы кейіп танытпады да. Қызық.

Өз басым бүгінгі студенттерге ризамын. Көбі сабақ оқып жүріп те жұмыс жасайды. Ерте қамданғысы келеді. Болашағын ойлап, үлкен адамдармен араласып бой түзейді. Әрине кері пікір тудырар жастар да бар. Негізі бүгінгі студенттер батыл, өз бетінше өмір сүруге дағдыланған. Осындай студенттердің қатары көбейе берсін. Істері жемісті болсын. Еліміздің тұтқасын ұстар саналы ұрпақ өсе берсін!"

Есей Жеңісұлы, ақын, журналист, спорт комментаторы:

"Біздің студенттік жылдар алыста, тым алыста қалғандай көріне береді осы күні. Иә, 19 жыл бұрын абитуриент болдық, 15 жыл бұрын маман атанып, өмірге араластық. Бірақ осы 15 жылдың ішінде құндылықтардың өзгергені сонша, өзімізді ежелгі дәуірде студент болғандай сезінетініміз бар. Себебі белгілі – қазір бәрі де жылдам. Техника жыл санап емес, күн, сағат санап өзгеріп жатыр. Кеше ғана екінің бірінің қолы жетпейтін плеер, диктофон, пейджер сияқты нәрселер ары кетсе 5 жыл өмір сүрді, олардың орнына бірнеше функцияны қатар атқаратын қалта телефондары, планшеттер, айпад, айфондар келді. Сондықтан да бүгінгі сезім де, махаббат та, таңдану да, жеріну де жылдам. Өмір техника тіліне бағындырылған есепке айналып барады. Романтикаға орын жоқ.

Біздің студент шағымыз заман ауысып, тәуелсіздік аяғынан қаз тұрып жатқан тұсқа тап келді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына кетті» демеспін, бірақ қоғам заңы кілт өзгеріп жатқандықтан, көбінесе өзіміз жол іздеуге, табуға тура келді. Студент бола жүріп, жүк те түсірдік, дүңгіршектерде сатушы да болдық, түнде қарауылдық жұмыс та атқардық. Сабақтан да қалмайтынбыз. Дегенмен қазір ойланып отырамын да, өзіміздің де жастық буымен біраз уақытымызды бос өткізіп алғанымызды түсінемін. Өмірге араласқан соң сол білместігіміз алдымыздан сан рет шықты. Жарамызды жасырып бақтық. Сондықтан да әлі күнге дейін өзімізді жарты адам сезінетін сәттеріміз көп.

Біз бауырмал болдық. Курстасым Санат Нұрбеков екеуміз жазғы тәжірибеде жүріп, түнгі қарауылдықтағы Ерлік досымыздың қасында біраз отырып қайтатынбыз. Бір күні түнде екеуміз Тұрғыт Өзал – Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы Ерліктің жұмысынан ҚазМУ-ға шықтық. Жаяумыз. Қалта тесік. Розыбакиев көшесімен өрлеп келіп, Тимирязевтің қиылысындағы аялдамада аяқ суыттық. Санат өте қалжыңбас. «Мен осы жерге ұйықтаймын, түн деген жып-жылы» деді де, аялдама орындығына ұзынынан түсіп жата кетті. Әрі-бері айтып көрсем, көнбейді. «Ендеше, мен де ұйықтаймын» деп ыңғайлана бергенімше көше патрульдері тоқтай қалсын. Дереу құжатымызды тексерді. Алкоголь ішкен-ішпегенімізді тексерді. Екеуміздің екі орындықта әкеміздің төрінде жатқандай керіліп жатқанымыз күмән тудырса керек. Есіміздің дұрыс, көзіміздің қара екеніне көздерін жеткізген соң ақылдарын айтып, көліктеріне отыра бастады. Санат қатырды сол жерде. «Ағалар, аяғымыз талып кетті, ҚазМУ-ға тастай кетіңіздерші» деп салды. Патруль ағайлар сәл ойланып тұрды да, екеумізді апарып тастады. Сәкең мәз. «Мен болмасам, шынында да далада қонатын едің» деп күледі. Түнгі 11-ден кешіксек, вахтер апайдың есік ашпай қоятыны да шын еді...

Мұндай оқиғалар бізде өте көп. Бәрін сағынышпен еске аламын. Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов, Алма Қыраубаева, Кәкен Қамзин, Намазалы Омашұлы, Серік Әбдірайымұлы, Роза Алтынбекова, Дәмегүл Баялиева, Әмір Молдабек, Сағатбек Медеубекұлы, Клара Қабылғазина, Темірғали Көпбаев, Бауыржан Жақып, Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп, Қырықбай Аллаберген, Қайрат Сақ, Рахима Шәріпқызы, Айгүл Рамазан, т.б. айналайын ұстаздарымнан журналистиканы, өмірді сүюді үйрендік. Нәтижесінде 1998 жылы журфак бітірген 40-тан астам маманның 95 пайызы бүгінде қазақ журналистикасының жүгін көтеріп жүр. Жаман көрсеткіш емес.

Жаңа буынды, жаңа ұрпақты көп кінәлай бергім келмейді. Бірақ олардың басым бөлігі бүгінгі журналистиканың мәні мен маңызы тек телевидениеде деп біледі. ТД-да диктор болуды армандайтындар көп. Газетке біздікіндей махаббатпен барып, жетекшісінің түзетуінен жаулық емес, достық көретін жас журналистер саусақпен санарлық. Бірақ олар – мобильді, ұшқыр заманның жастары. Біз де олармен бір уақытта тусақ, заман ағымымен дәл солардай ағатын едік. Біз дәуір өзгерген кезде студент болсақ, олар уақыт жылдамдаған заманда білім алып жатыр. Сондықтан да бәріне үлгергісі келеді. Бірақ тым асығып жүріп, бізден де «жарты» маман болып қалмас па деген қорқынышым бар".

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағат

Ш. Талап