Горький саябағына кіру тегін болады

Горький саябағына кіру тегін болады

Алматы тұрғындарының бұрыннан бері сүйікті демалыс орнына айналған М.Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағына кіру ендігіде тегін болады.

М.Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағы ресми түрде қала әкімдігінің коммуналды меншігіне берілді. Бұл жайлы қала әкімі Ахметжан Есімов: "Бүгінгі күннен бастап саябаққа кіру тегін болмақ. Ал біз өз тарапымыздан саябақта жөндеу жұмыстары мен жасылдандыру мәселелерін қолға аламыз. Келесі жылғы демалыс маусымында келген қонақтарды саябақ жаңарған түрде қарсы алады", – деді.

Сонымен қатар, орталық саябақта Ахметжан Есімов бастаған көшет отырғызу шарасы өтті. Осы кезде 60 қарағай және басқа ағаш пен бұтақ түрлерінің 500 данасы отырғызылды. 2013 жылы 2 мың ағаш пен бұталар отырғызу жоспарда бар. 

Орталық саябаққа қала тұрғындарының қызығушылығын қайта тудыру мақсатында Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған аль-Фараби көшесінен басталған вело шеру М.Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында аяқталды. Велосипедшілер шеруіне қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін М.Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағына кіру билетінің құны 70 тг болатын.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: Айгерім Сматуллаева

С. А