Биылғы Сән апталығына қатысыңыз!

Биылғы Сән апталығына қатысыңыз!

Қазақстандағы 2014 жылдың көктем-күз маусымына арналған Сән аптасының өтетін уақыты белгілі болды. 

Биыл Kazakhstan Fashion Week 24-26 қазан аралығында Almaty Towers көпфункционалды кешенінде өткізіледі деп жоспарлануда.

Бұл шара барысында 2014 жылдың көктем-күз маусымдарына арналған туындыларын еліміздің танымал дизайнерлерімен қатар, өнер жолын енді бастаған дизайнерлер де еңбектерін көпшілікке таныстырады. Сән аптасына шетелдік дизайнерлердің қатысуы әбден мүмкін. Kazakhstan Fashion Week-ке қатысушылардың толық әрі нақты тізімі жақын арада жарияланатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Kazakhstan Fashion Week жобасының тарихы 2003 жылдан бастау алады. Осы кезде жас әрі энергияға бай қазақстандық дизайнерлер тобы бір ортаға жиналып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, қазақстандық сән индустриясын қуатты мәдени күшке айналдыру жөнінде шешім қабылдады.

Осыған дейін Almaty Fashion Week деп аталып келген шара, 2007 жылы Kazakhstan Fashion Week болып ауыстырылып, еліміздегі сән мәдениеті жоғары деңгейде дами бастады.

Бүгінде Kazakhstan Fashion Week кеңсесінде отандық және шетелдік дизайнерлердің жобаға қатысуға арналған өтініштерін қабылдау жұмыстары басталып кетті. Сән апталығына қатысушылар өз коллекцияларын подиумда таныстырып қана қоймай, үш күннің ішінде қойылатын еліміздің сән-орталықтарының көрмесіне қатыса алады.

Kazakhstan Fashion Week-тiң бас продюссері Саят Досыбаевтың ұйымдастыруымен осыдан бірнеше айлар бұрын өткен Kazakhstan Fashion Week 2013/2014 жылдың күз-қыс маусымына танымал face-hunter Иван Родик шақырылып, Ерлан Жолдасбек (милитари мен гламурды ұштастырған киімдерін көрсетті), Құралай Нұрқаділова(Cheese Art  кітабына өз киімін ұсынды), Салтанат Баймұхамедова (Шығыс әйелінің бейнесін сомдады), Айнұр Тұрысбек (дәстүрлі стильді дәріптеді), Аида Қауменова ("Ғажайыптар әлеміндегі Алиса" топтамасын ұсынды), Лария Джакамбаева(ағылшын стилінен шабыттанып, Шерлок Холмс стиліндегі киімдер топтамасын көрсетті), Камила Мухамеджанова ("Kamila Kurbani" сән үйі атынан өз жиынтығын ұсынды) сынды сән әлеміндегі танымал тұлғалар жаңалықтарымен бөліскен болатын. Қазан айындағы Сән апталығы да тосын сыйлар мен жаңалықтарға толы болады деп үміттенеміз.

Суретті түсірген: Сания Аринова

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева