"Наурыз мейрамы" тиыны айналымға шықты

"Наурыз мейрамы" тиыны айналымға шықты

Қазақстан ұлттық банкі нейзильбер мен күміс қоспасынан жасалған "Наурыз мейрамы" атты тиынды шығарды. Бұл туралы мәлімет банктің ресми сайтында жарияланған.

Күмістен құйылған 500 теңгелік тиын мен нейзильбер қоспасынан жасалған 50 теңгелік тиындар 2012 жылдың 20 наурыз күні айналымға түсті, дейді ұлттық банк қызметкерлері. Тиындардың беткі жағына Қазақстанның елтаңбасы салынған. Тиынның астыңғы бөлігінде сәйкесінше "50" және "500" теңге деген жазу жазылған. Тиындардың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек белгіленген. Тиындардың айналасында "Қазақстан Республикасы" деген сөз екі тілде жазылған. Жазулар нүкте арқылы бөлінген.

Тиындардың екінші жағында киіз үйдің шаңырағы белгіленген. Бұл белгі көп ұлтты республикамыздағы халықтың 22 наурыз мейрамын бірге тойлап жатқанын білдіреді. Тиындардың жоғарғы жағында "Наурыз мейрамы" деген жазу бар. "2012" саны тиындардың шыққан жылын көрсетіп тұр.

50 теңгелік пен 500 теңгелік тиындардың қыры кедір-бұдыр формалы. Нейзильбер қоспасынан жасалған тиынның диаметрі -31 мм, массасы - 11.17 грамм, саны -300 мың дана.

500 теңгелік тиын күмістің 925 сынамасынан құйылған. Массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61мм, саны - 4 мың дана.

Сурет: nationalbank.kz