Әлемде 36,5 миллион босқын бала бар – ЮНИСЕФ

Әлемде 36,5 миллион босқын бала бар – ЮНИСЕФ
Фото: unicef

2021 жылдың соңында әлемде 36,5 миллион босқын бала бар екенін ЮНИСЕФ хабарлады.

БҰҰ Балалар қорының басшысы үкіметтің кәмелетке толмаған босқындарды тәрбиелеу мен қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

Соғыстар, зорлық-зомбылық және басқа да дағдарыстардың салдарынан баспанасынан айырылған балалардың саны Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері ең жоғары деңгейге жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 17 маусым, жұмада жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың соңына қарай олардың саны 36,5 миллионға жетті. 2020 жылғдан бері бұл көрсеткіш 2,2 миллионға дейін өскен.

Жалпы, шетелден баспана іздеген 13,7 миллион жасөспірім босқын, сондай-ақ қарулы қақтығыстар салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған және өз елдерінің аумағында жүрген 22,8 миллионға жуық бала бар. Сонымен бірге ЮНИСЕФ сарапшылары табиғи апаттар мен Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан босқын атанған балаларды есепке алмаған. Қор соғыс 2 миллионнан астам баланы елден кетуге мәжбүр еткенін және тағы 3 миллионы ел ішінде бас сауғалап қоныс аударғанын мәлімдеді.

«Қақтығыстар мен дағдарыстардың салдарынан панасыз қалған балалардың саны тез өсіп келеді, сондықтан оларға көмектесу біздің міндетіміз», - деді ЮНИСЕФ атқарушы директоры Кэтрин Рассел.

Ол босқын балалардың білім алуын, олардың әл-ауқаты мен дамуын қамтамасыз ету керек дейді.

Қор кейінгі 10 жылда әлем бойынша босқындар саны екі есеге артқанын, балалар олардың жартысына жуығын құрайтынын атап өтті. Осы санаттағы балалардың үштен бірінен астамы (36 пайыз немесе 3,9 миллион) Сахараның оңтүстігіндегі Африкада, төрттен бірі (25 пайыз немесе 2,6 миллион) Еуропа мен Орталық Азияда, тағы 1,4 миллионы немесе 13 пайызы Орталық Азияда тұрады.

ЮНИСЕФ барлық мемлекеттердің ресми тұлғаларына босқындар туралы жаһандық шарт пен жаһандық көші-қон шартын қатаң сақтап, өз міндеттемелерін орындауға шақырды. Қор адам саудасының шамамен 34 пайызын балалар құрайтынын атап өтті.

А. Оралқызы