Мұхиттағы 133 күн: Пань Лянь қалай тірі қалды?

Мұхиттағы 133 күн: Пань Лянь қалай тірі қалды?
Фото: male.mediasalt

Адамның күш-жігері қажет кезде таңданарлық дәрежеде артады. Тірі қалу истинкті сені кез келген қауіп-қатерден алып шығуға қауқарлы. Күш-жігері таудай адамның бірі – Пань Лянь. Ол осыдан 79 жыл бұрын – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Атлант мұхитында кішкентай салда 4 ай бойы тіршілік еткен.  24 жастағы теңізшіні  бразилиялық үш балықшы құтқарған. Пань Ляньнің ғажапқа толы оқиғасын ретімен баяндайық.

Екінші Дүниежүзілік соғыстағы оқиға

Пань Лянь – 1918 жылы Қытайдың Хайнань провинциясында дүниеге келген. Ол қаланың көптеген тұрғындары сияқты теңізші мамандығын таңдайды. 1942 жылы 24 жастағы жігіт британиялық жүк кемесі Бен Ломондқа стюард болып жұмысқа орналасты. Соғыс кезінде бұл жұмыс өте қауіпті еді. Есесіне жақсы ақы төленетін.

Ляньнің кемесі коммерциялық  саналғанымен, әскери кемеге ұқсайтын. 1942 жылы қарашада Кейптауннан Нидерландының Гвиана қаласына жоспарланған рейсте оған немістің сүңгуір кемесі шабуыл жасайды. Снаряд сауда кемесін зақымдап, нәтижесінде ол тез суға бата бастайды. Пань Лянь дереу құтқару жилетін киіп, кеме жарылмай тұрып суға секіреді. Сол кездегі борттағы 55 теңізшінің 11-і ғана қашып үлгерген. Бақытты адамдардың бірі – Пань еді.

Құтқару қайығы немесе кішкентай сал

Мұхитта бірнеше сағат жүзген жас жігіт есін жиып, өзіне шағын қайық құрастыра бастайды.  Бірнеше сағат ішінде көлемі 2,5х2,5 метр болатын жалпақ табанды сал құрастырады. Кемеден қалып, мұхитта шашылып жүрген азық-түлікті жинап алады. Осылайша ол 40 литр су, бірнеше банка консерві мен печенье, біраз қант пен шоколад, фонарь және бірнеше шам  қорын жинайды. Мұндай азық-түлік жас жігітке көмек келгенше жеткілікті болуы керек еді.

Күндер мен апталар өтті, ал кеме жүк тасу аймағында апатқа ұшырағанымен, құтқарушылардан хабар болмады. Жас жігіт өнімдерді алдымен аптаға, содан кейін айларға бөле бастады.

Төтенше жағдай

Айлар өтіп тамақ бітеді. Лянь шатырға жаңбыр суын жинай бастайды. Бірнеше күндік эксперименттен кейін ол шамның сымынан қармақ құрастырып, балық аулауға кіріседі. Бір күні ол акуланы ұстап алады. Жабайы жыртқыш Паньды өлтіре жаздайды, бірақ өмір үшін күрескен Лянь оны консерві құтысының қақпағымен арғы дүниеге аттандырады. Жас жігіт құстарды аулау әдісін де ойлап табады. Еттің бір бөлігін жеп, қалғанын күн сәулесіне қойып, кептіруді де үйренеді.

Оның аяғы әрекетсіздіктен ісіп кетеді. Ол бұл мәселені шешу үшін өзін шағын қайығына байлап қойып, күніне бірнеше рет жүзетін.

Көптен күткен жағалау

Бір күні Лиан мұхит суының түсі күрт өзгергенін байқайды. Бұл жағалаудың жақын орналасуын білдіретін. Сонымен қатар  шағалалар кемеде көбірек айнала бастайды. Оны ішкі түйсігі алдаған жоқ, көп ұзамай бразилиялық балықшылар Ляньді тауып алады. Осылайша 1943 жылы 5 сәуірде қытай теңізшісі құтқарылды. Балықшылар жас жігіттің күндерін ашық мұхитта ұзақ уақыт өткізгенін түсініп, жедел көмек көрсетеді.

Керемет рекорд

Балықшылар жас жігітті Мараджа шығанағына алып барып, аудармашы арқылы Лян Пань «Бен Ломонд» апатынан аман қалғанын біледі. Сөйтсе құтқарушылар оны да өлгендер қатарына қосып қойған екен. Мұхитта 133 күнін өткізген Ляньнің терісі қолтырауын терісіндей болып кеткен еді. Осы уақыт аралығында ол 9 келі салмақ тастайды. Лянь шағын қайықта ешқашан ешкім орнатпаған рекорд орнатты.

Рекорды туралы ол: "Ешқашан бұл рекордты ешкім бұзбайды деп үміттенемін" деді.

Кейінірек үш мексикалық теңізші басқаруы істен шыққан кемеде 10 айын өткізгенімен, Пань Ляньның салда және жалғыз өзі болған уақыттағы рекорды бұзылмай қалды.

Король Георгий VI Пань Ляньды Британ империясының медалін беріп марапаттады. Паньның ұсыныстары Корольдік Әскери-теңіз күштерінің тіршілік ету техникасы жөніндегі нұсқаулықтарына енгізілді.

Ол 73 жасында, 1991 жылы Нью-Йоркте қайтыс болды.

Т. Раушанұлы