Илон Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімінде үшінші орынға көтерілді

Илон Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімінде үшінші орынға көтерілді
Фото: iz.ru

Tesla Inc. және SpaceX компанияларының иесі Илон Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімінде үшінші орынға көтерілді.

Маск бұл тізімде Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергтен асып түсті. Илон Масктің байлығы 115 миллиард долларға жетті, бұл Цукербергтікінен 4 миллиард доллар көп.

Tesla акциялары дүйсенбіде 15 пайыз өсті. Бұған Tesla-ның АҚШ-тың 500 ірі компаниясы кіретін S&P 500 тізіміне енуі себеп болды.

Осы жаңалықтан соң бір сағат өтіп Tesla акциялары 12 пайызға немесе 40 миллиард долларға өсті. 

Ал Илон Масктың дәулеті 109,7 миллиард долларға жетті. Биыл оның байлығы 87,8 миллиард долларға артты. Масктың байлығының өсуі Tesla акцияларының құнына байланысты.

Айта кетейік, Илон Маск – бүкіл әлемге танымал америкалық инженер, өнертапқыш, ірі кәсіпкер. Ол 1971 жылы 28 маусымда Оңтүстік Африка Республикасының Претория қаласында туған.

Т. Раушанұлы