Зейнетақы тарихы және ең көп зейнетақы төлейтін елдер

Зейнетақы тарихы және ең көп зейнетақы төлейтін елдер

Бүгінде әлемнің барлық дерлік елінде қарт адамдарға зейнетақы төленеді. Әр елде зейнет жасы әртүрлі. Бұл жүйенің тарихы қандай, зейнетақыны алғаш рет кім және қай ел енгізді?

Ежелгі Римде басталған дәстүр

"Зейнетақы" сөзі латынның pension – төлем деген сөзінен шыққан. Тарихтағы алғашқы зейнетақыны Рим империясында Юлий Цезарь төлеген екен. Сондай-ақ Хазірет Омардың халифалық кезеңінде жәрдемақылар енгізілген. Орта ғасырларда зейнетақыны алғаш рет 1673 жылы француз әскери-теңіз офицерлеріне төлеген. 1790 жылғы Ұлы Француз революциясы кезінде зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заң қабылданған. Ол заң бойынша, 50 жастан асқан және 30 жылдық еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметкерлер зейнетақы алуға құқылы болған.

1825 жылы Пруссияда мемлекеттік қызметкерлерге зейнетақы төлеу үшін алғашқы зейнетақы қоры құрылды.

Жаппай зейнетақы төлемі. Кім қашан бастады?

Барлығына жаппай зейнетақы төлеу тәртібі Германияда 1889 жылы енгізілді. Кейінірек бұл жүйе басқа еуропалық елдерге тарады. Атап айтқанда, 1891 жылы Данияда, 1898 жылы Жаңа Зеландияда, 1908 жылы Аустралияда, 1908 жылы Ұлыбританияда, 1910 жылы Францияда, 1913 жылы Нидерланды мен Швецияда жаппай зейнетақы жүйесі енгізілді.

Алғашқы зейнетақы асыраушысынан айырылған, жұмыс барысында мүгедек болған қарт адамдарға зейнетақы сақтандыруды төлеу кезінде берілген.

Жаппай зейнетақы төлеу жүйесі кейінірек Италияда 1919 жылы, Канадада 1927 жылы, АҚШ-та 1935 жылы енгізілді.

1942 жылы енгізілген Жапонияның зейнетақы жүйесі кейінірек елдің Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуына байланысты тоқтатылып, 1954 жылы қайта құрылды. Бүгінде "қарттар елі" Жапонияның ЖІӨ-нің 2%-ін зейнетақы төлемдеріне бөледі. Себебі бұл елде егде жастағы азаматтар өте көп. Сондықтан әйелдер 65 жаста, ал ерлер 70 жаста зейнетке шығуға мәжбүр.

Оңтүстік Америкада зейнетақы жүйесі 1928-1949 жылдар аралығында енгізілген.

Азия елдеріндегі зейнетақы жүйесі басқа континенттердегіден өзгеше. Мәселен, Үндістанда әлі күнге дейін зейнетақы мен арнайы жәрдемақылар тек қарт адамдарға, мүгедектерге және асыраушысынан айрылғандарға төленеді. Қарапайым азаматтарға зейнетақы төленбейді. Үндістанның әрбір штатында өзінің зейнетақы заңнамасы бар.

Қарттардың көбеюі – қосымша шығын

Бүгінгі таңда Еуропа елдеріндегі демографиялық проблемаларға байланысты егде жастағы адамдар саны еңбекке қабілетті халық санына қатысты өсуде. Мысалы Украинада 1991 жылы жалпы халықтың 18,7 пайызы зейнет жасында болса, 2018 жылға қарай бұл көрсеткіш 22,1 пайызға өсті. Демографияны зерттеушілер 2036 жылға қарай Украина халқының 30 пайызы зейнетке шығады деп есептейді.

Еуропа Одағында да жағдай мәз емес. 2010 жылы Еуропалық Комиссия Еуропа Одағында зейнет жасы деп 70-ті белгілеуді ұсынған. Бұл ЕО елдерінің көпшілігінде демографиялық проблемалардың туындауына байланысты және халықтың жалпы санында зейнет жасындағы қарттардың саны жыл сайын артып келеді. Бүкіл әлемде туу коэффициенті қазірдің өзінде күрт төмендеді және көші-қон өсіп жатыр.

Жоғарыда аталған ұсынысқа сәйкес, 2016 жылы ЕО-ның кейбір елдерінде әйелдер мен ерлер үшін 65 жасқа дейін зейнеткерлік жас белгіленді. Болашақта оны 70-ке дейін көтеру жоспарланған.

КСРО-дағы жағдай

КСРО-да 1956 жылға дейін халықтың жекелеген санаттарына зейнетақы төленді. Мысалы 1918 жылдан бастап Қызыл әскер қатарында соғысқан мүгедектерге, 1923 жылдан қарт большевиктерге, 1928 жылдан бастап тау-кен және тоқыма өнеркәсібіндегі жұмысшыларға зейнетақы жүйесі енгізілді.

1930 жылы "Зейнетақы төлеу тәртібі туралы" алғашқы заң қабылданды. 1932 жылы зейнеткерлік жас әйелдерге 55, ерлерге 60 болып белгіленді. 1937 жылдан бастап барлық қалалық жұмысшыларға зейнетақы төленді. Ауыл шаруашылығымен айналысқандар зейнетақы алмады.

1956 жылы КСРО-да "Мемлекеттік зейнетақылар туралы" Заң қабылданып, барлығына зейнетақы төлеу тәртібі енгізілді. Жаңа заңға сәйкес бас хатшы Никита Хрущевтің өзі ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін фермерлерге зейнетақы төлеуді ұсынды.

Қазақстан

Қазақстанда зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңында, басқа да заң актілерінде айқындалған.

Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:

1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;

2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;

3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.

Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы – ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылы мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.

Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгерді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болды.

Заңның 31-бабына сәйкес БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдардың зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар:

1) зейнет жасына әйелдерге – 59 жас, ерлерге – 63 жас;

Қазақстандағы 2020 жылғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері

Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 17 641-ден 31 183 теңгеге дейін.

Зейнетақының ең төменгi мөлшерi – 40 441 теңге.

Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 32 668 теңге.

Ең жоғарғы зейнетақы қайда?

Зейнетақы жүйесіне негізделген елдердің рейтингінде Нидерланд (81 индекс), Дания (80,3), Аустралия (75,3), Финляндия (73,6), Швеция (72,3), Норвегия (71,2) көш бастап тұр.

АҚШ зейнетақысы

Аталған тізімде АҚШ 16-шы, кейде 18-ші орында. Бірақ АҚШ ең көп зейнетақы төлейтін елдер қатарында. Мысалы АҚШ-та өмірінде ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген және мемлекетке салық төлемеген адамдар да зейнет жасына (67 жас) жеткенде айына 300 доллар алады. Әрине, оған басқа әлеуметтік төлемдер, яғни, тек сіз АҚШ азаматы болғандықтан ғана берілетін әртүрлі жеңілдіктерге қосылады. Алайда мұндай зейнетақыны алатын штат азаматтары өте аз. Себебі олар аз болса да өмірінде жұмыспен қамтылады, зейнетке шыққаннан кейін айына орта есеппен аз дегенде 700 доллар зейнетақы алады. АҚШ-та панасыз зейнеткерлерге арнайы көпқабатты үйлерде тұру мүмкіндігі де беріледі. Олар сол үйлерде өзінің зейнетақысы есебінен жеңілдікпен өмір сүре алады және көптеген қосымша әлеуметтік төлемдер ала алады.

Ең төменгі зейнетақы – 550 еуро

Скандинавия елдеріндегі әлеуметтік өмір өте жақсы. Ондағы елдердегі зейнетақы жүйесі де адам қызығарлықтай. Мысалы Финляндияда зейнеткерлер айына 550 еуродан аз алмайды. Екінші жағынан, зейнетақы мөлшері шектеулі емес және әркім өз жұмысына қарай ақша ала алады.

Неміс зейнеткерлеріне де қызыға қарайсыз. Бұл елде айына 350 еуродан кем зейнетақы төлемейді. Тұрғын үйге мұқтаж зейнеткерлерге мемлекет тарапынан тұрғын үй беріледі. Германияда орташа зейнетақы алатын азамат елде белгіленген орташа өмір сүру шығындарынан артық автокөлік сатып алып, жылына екі рет басқа елге демалуға бара алады. Олардың зейнетақысымен кез келген мемлекетке саяхаттап баруға болады.

Испаниядағы орташа зейнетақы айына 700-900 еуро. Сондай-ақ, зейнеткерлер кез келген азық-түлікті арзанға сатып алып, шетелге шыққанда жеңілдікпен арзан билет ала алады.

Данияда кемінде 40 жыл өмір сүрген және белгілі бір салада белгілі бір мөлшерде жұмыс істеген азамат айына орта есеппен 2800 доллар алады.

Мексика да зейнеткер жағдайын жақсы жасаған. Бұл елде ерлі-зайыптыларға  2200 доллар көлемінде орташа зейнетақы төлейді. Сондықтан, кейбір америкалықтардың зейнет жасына жақындағанда Мексикаға көшуі кездейсоқ емес.

Швейцарияда әлеуметтік өмір бірнеше тіректерге құрылған. Сол тіректердің бірі – әділетті зейнетақы жүйесі. Орташа зейнетақы мөлшері 1900 доллар болатын бұл елде азамат өзінің зейнетке шыққанға дейінгі өмірінің 60 пайызын зейнетақымен қамтамасыз ете алады.

Франциядағы орташа зейнетақы – 1000 доллар.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Жүзіктің денсаулыққа пайдасы
Жүзіктің денсаулыққа пайдасы
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
ER-BATYR: Қ.Бейсекеев тұрмыстық зорлық-зомбылық, жеңіл ақша және алдағы жобалары жайлы сөз қозғайды
ER-BATYR: Қ.Бейсекеев тұрмыстық зорлық-зомбылық, жеңіл ақша және алдағы жобалары жайлы сөз қозғайды
Данияр Елеусінов мансабындағы алғашқы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті
Данияр Елеусінов мансабындағы алғашқы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті
Польшада дүниежүзіндегі ең терең бассейн ашылды
Польшада дүниежүзіндегі ең терең бассейн ашылды
Адамдар қоныстанған әлемдегі ең кішкентай 5 арал
Адамдар қоныстанған әлемдегі ең кішкентай 5 арал