2019 жылы миллиардерлер саны мен байлығы артқан

2019 жылы миллиардерлер саны мен байлығы артқан
Фото: newtimes.kz

Әлемдегі миллиардерлер саны және олардың жалпы байлығы 2019 жылы рекордтық деңгейге жетті. Сарапшылар биылғы пандемия кезінде автомобиль, аэроғарыш және қорғаныс секторларындағы миллиардерлердің саны азайып, керісінше денсаулық сақтау және сақтандыру салаларында олардың саны артуы мүмкін дейді.

2019 жылдың соңында бүкіл әлемде 2 825 миллиардер тіркелді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға немесе 221 адамға көп. Мұндай мәліметтер Wealth-X аналитикалық компаниясының зерттеуінде келтірілген.

Компанияның миллиардерлер тізіміне сәйкес, әлемдегі ең бай адамдардың жиынтық байлығы бір жылда 10,3 пайызға өсіп, 9,4 трлн долларға жетті. 2018 жылы керісінше, миллиардерлердің саны 5,4 пайызға, ал олардың жалпы байлығы 7 пайызға азайған еді.

2019 жылы АҚШ (788 адам) және Қытай (342) алдыңғы жылдардағыдай миллиардерлер саны бойынша көшбасшы мемлекеттер болды. Солтүстік Америкада жалпы саны 834 миллиардер (2018 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп) және Азияда 758 миллиардер (2018 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп) тіркелді.

Миллиардер саны ең көп елдер қатарына Гонконг, Үндістан, Сауд Арабиясы, Франция, Италия, Бразилия, БАӘ, Канада және Сингапур кірді.

Нью-Йорк қалалар бойынша миллиардерлердің көшбасшысы атанды. Бұл қалада 113 миллиардер тұрады. 2 орында Гонконг (96), 3 орында Сан-Франциско (77).

Т. Раушанұлы