Жас кәсіпкер тауық терісінен қымбат аяқ киім тігіп сатады

Жас кәсіпкер тауық терісінен қымбат аяқ киім тігіп сатады
Фото: businessinsider.com

25 жастағы индонезиялық жас кәсіпкер Nurman Farieka Ramdhany тауық аяғының терісінен былғары аяқ киім тігіп, оларды 35 доллардан 140 долларға дейінгі бағада сатады.

Жас кәсіпкер осы мақсат үшін 6 адамнан тұратын команда жинаған. Тауық аяғының терісін аяқ киім өндірісінде қолдану идеясын жас кәсіпкерге әкесі берген. Нурманның әкесі тауық аяғының терісі тырнағынан тізесіне дейін экзотикалық бауырмен жорғалаушылардың терісіне ұқсайтын болғандықтан осындай ойға келген.

“Біз тауық аяғының терісін таңдаған себебіміз Индонезиядағы фаст-фуд мейрамханалары тауық етін пайдаланады. Ал терісі қоқысқа тасталады. Біз бұл өнімнің тиімдірек болғанын қалаймыз”, - деді кәсіпкер.

Жас кәсіпкер терісі былғары аяқ киімдер үшін ауланатын  қолтырауындар мен жыландарды осылайша қорғағысы келеді, өйткені олардың кейбіреулері жойылып кеткелі тұр. Рамдханидің айтуынша, тауықтың аяғындағы тері де “сәнді” көрінеді.

Аяқ киімді Нурман Рамдхан, әкесі және тағы 4 адам қолымен тігеді. Тері ет пен сүйектен бөлініп, кептіріліп, бір-біріне жалғанады. Бір ер адамның аяқ киімі 45 тауық етінен тігіледі және оған 10 күн уақыт кетеді. Hirka деп аталатын бұл компания 2017 жылдан бастап аяқ киім шығарады.

Кәсіпкерлер тұтынушыларға өз өнімдерінің ұнатайтынын айтады.

“Аяқ киім ыңғайлы және әдемі көрінеді. Өнім тұтынушыларға жеткен сайын, олар біз күткеннен де әдемі һәм ыңғайлы екен деген сынды мақтау сөздер айтады. Оларға біздің аяқ киім қораптарымыз да ұнайды. Әзірге барлық пікірлер оң”, - дейді жас кәсіпкер.

Т. Раушанұлы