Су қоймаларындағы ірі апаттар

Су қоймаларындағы ірі апаттар
Фото: azattyq.org

Алдымен жалпы су қоймасы деп атап кеткен тоған мен бөгет арасында айырмашылық бар екенін атап өткен жөн. Тоған – әдетте, суды бұруға және аумақты су басудың алдын алуға, өзен суын басқаруға, үлкен қысымды болдырмауға қызмет етеді.

Ал бөгет, әдетте жоғары қысымды басқару, суды адам белгілеген деңгейге көтеру, оны тарату және біраз жағдайда электр энергиясын өндіру үшін қажет. Сардоба су қоймасы осындай бөгетке жатады.

Вайонт су қоймасы. © wikipedia

Вайонт дамбасындағы сұмдық

Италияда болған бұл қайғылы оқиғаны көргендер әлі күнге дейін үреймен еске алады. 1961 жылы Беллуно провинциясындағы Вайонт өзенінде салынған, арка-бетон учаскесінің биіктігі 261,6 метр болатын.

1963 жылы 9 қазанда, түнгі сағат 22:39-да адамзат тарихындағы ең ірі апаттың бірі болды. Вайонт бөгеті бұзылып, 150-250 метр биікте толқын соғып, бұл 50 миллион текше метр судың жоғары жылдамдықпен атқылауына себеп болды. Су ағыны 8-12 м/с жылдамдықпен және 90 метр биіктікте жылдам таралып, айналаны 4 минутта жойып жіберген. Түрлі мәліметтер бойынша, апат салдарынан 2500-3000 адам қайтыс болған.


Сент-Фрэнсис бөгетіндегі апат. ©californiasun.co

Сент-Фрэнсис бөгетіндегі апат (АҚШ)

Сент-Францис бөгеті – 1924-1926 жылдары Лос-Анджелес қаласын сумен қамтамасыз ету үшін салынған доға-гравитациялық құрылғы. Оның биіктігі – 59 метр. Су сыйымдылығы – 47 млн текше метр. Салынғанынан 2 жыл өтіп, 1928 жылы 12 наурызда апатқа ұшыраған. Қайғылы жағдайдың салдарынан 431 адам қайтыс болды.

Апаттан кейін су қоймасы құрылысын басқарған Уильям Малхолланд: "Егер су қоймасының апатына адам кінәлі болса, онда ол менмін" деді. Өзінің барлық кәніні мойнына алып, кез келген жазадан қашпайтынын мәлімдеді.

© sntch.com

Сот Малхолландты ешқандай жазаға тартқан жоқ, өйткені оның да, басқалардың да дамбаның астындағы тау жыныстарының тұрақсыздығын білмегенін айтады. Апатқа су қоймасы астындағы тау жыныстарының көшпелілігі себеп болған.

Сот мұндай үлкен жобалардың апаты бір адамның кәнісі емес деп мәлімдеген. Соттан кейін көп ұзамай Малхолланд отставкаға кетті және өзін қоғамнан саналы түрде оқшаулады. 1935 жылы 79 жасында қайтыс болды.

Мальпассе бөгеті. © wikipedia

Мальпассе бөгеті (Франция)

Францияның Фрежюс қаласының маңындағы Рейран өзенінде салынған доға тәрізді бөгет халықты сумен қамтамасыз етуге және егіндік жерлерді суаруға арналған еді. Бұл жобаның жоспары 1865 жылы ойластырылғанымен, қаражат жетіспеуіне байланысты ол 1941 жылы жобаланды. Құрылысы 1952 жылы басталған бөгет арадан 2 жыл өткесін салынып бітті. Құрылыс кезінде жалақының аздығынан жұмысшылар ереуілге шығып басшылық цементті үнемдеді деген мәліметтер бар.

Алғашқы 5 жылдықта құрғақшылық салдарынан су бөгеттің жартысына да жетпеді. 1959 жылы 19 қарашада су қоймасы қабырғаларында жарықтар пайда бола бастаған. 2 желтоқсанда дамба жарылып биіктігі 40 метрлік су сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жолында кездескеннің бәрін шайып кеткен. Мальпассе және Бозон ауылдары үлкен шығынға ұшырады. Су Фрежюс қаласына да жетіп, қаланың жартысы су астында қалған.

Апат салдарынан ресми мәліметтер бойынша 423 адам қайтыс болды, олардың 135-і балалар еді.

Брумадинью . © wikipedia

Брумадинью су қоймасы (Бразилия)

2019 жылы 25 қаңтарда Бразилияның Минас-Жерайс штатында Брумадинью су қоймасы апатқа ұшырады. Брумадинью апаты жақын маңда көптеген жұмысшы жиналып тұрған уақытта болған. Апат салдарынан 40 адам қаза тауып, 300 адам хабар-ошарсыз кетті. Оның 100-і жақын маңдағы ауыл тұрғыны еді. Кейін ресми түрде қайтыс болғандар саны – 270, жоғалып кеткендер саны – 22 деген мәлімет таралды.

Саяно-Шушенской ГЭС-індегі апат. © hodor.lo

Саяно-Шушенской ГЭС-індегі апат (Ресей)

Ресейдің орталық-оңтүстігінен ағатын Енесей өзеніндегі Саяно-Шушенск су электр станциясы елдегі ең ірі ГЭС саналады.

2009 жылғы 17 тамызда жергілікті уақытпен 08:30-да су қоймасындағы орын алған апат тарихқа тек Ресейде ғана емес, әлемдегі ең ірі апаттың бірі ретінде тіркелді. Ел бюджетіне 50 миллиард рубль (сол кезде 1 миллиард доллардан астам) шығын келтірді.

Бөгет бұзылып 245 метрлік толқын айналаны шайып жіберген. Гидроэнергетика саласындағы ең үлкен апаттың бірінен 75 адам қайтыс болды. Экологиялық апат салдарынан үлкен аумақ пайдалануға жарамсыз болып қалды. Электр тізімі істен шықты.

Сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу (қазіргі қорғаныс министрі) апатты Чернобыль апатына теңеген.

Баньцяо апаты. © fishki.net

Баньцяо бөгеті – (Қытай)

Қытайдың Хэнань провинциясында орын алған бұл қайғылы оқиға көпке дейін сыр тұтылды. Баньцяо бөгеті 1950 жылдары салынған. Құрылыс аяқталғаннан кейін көп ұзамай онда жарықтар пайда бола бастады. Жөндеуден кейін жергілікті билік оны: "темір бөгет енді жарылмайды" деп дәріптеді.

Бөгет мың жылда бір рет болатын күніне 306 миллиметрден жоғары жауын-шашынға арналған еді. Әдетте бұл аймақта жылына орташа есеппен 800 мм жаңбыр болатын. Бірақ Хэнаньде 1975 жылы бір күнде 1631 миллиметрлік қатты жауын жауды.

Нәтижесінде, сол жылдың 8 тамызында шлюздер мұндай үлкен қысымға төтеп бере алмады. 62 бөгет бірінен соң бірі жарылып, елді мекендерге 1,7 миллиард текше метр су лап қойды.

Жергілікті тұрғындар бұл оқиғаны "өзен айдаһарының құлауы" деп сипаттады. Ені 12 шақырым, биіктігі бірнеше метрлік су тасқыны ондаған мың адамның өмірін қиды.

Ресми мәліметтер бойынша қаза болғандардың саны – 26 мың. Бірақ басқа дереккөздер өлімнің санын 173 мыңнан 230 мыңға дейін, 300 мыңнан аса 4 түлік мал қырылған деп мәлімдеді. Апат салдарынан 5 млн 960 мың ғимарат қираған.

© inbusiness.kz

Айта кетейік, 1 мамырда Өзбекстанда болған жаңбыр мен дауылдан кейін Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеттерінің бірі жарылған еді. Кейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Су тасқыны салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды су басып, 845 үй бүлінген. 7 ауылға су басу қаупі төніп тұр. Қазіргі таңда 31 мың тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Т. Раушанұлы