"Норманд форматы" немесе "норманд төрттігі" деген не?

"Норманд форматы" немесе "норманд төрттігі" деген не?
Фото: vk.com

Донбасста Украина мен Ресей арасындағы қанды қырғын соғыс жүріп жатқанына 6 жыл болды. Қақтығыс кезінде 13 мыңға жуық адам қайтыс болды, қаза болғандардың бірнеше мыңы қолында қару ұстамаған бейбіт тұрғындар еді. 30 мыңға жуық адам жарақат алды. Олар бұл қантөгісті тоқтатқысы келеді, бірақ соғыс әлі де жалғасып жатыр.

Минскіде Украинаның шығысындағы жағдайды шешуге арналған талпыныстар болып жатыр. Онда үшжақты байланыс тобы бар, бұл жерде Украина мен Ресей өкілдері Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ)  делдалдығы арқылы бір-бірімен тікелей келіседі. Сонымен қатар, "Л/ДНР" деп аталатын мүшелер де бар. Ресей бұл форматты “Байланыс тобы” деп атайды, өйткені  "Л/ДНР" мүшелерін келіссөздердің толық қатысушысы деп санайды. Ал Украина тарабы Минскіде үш қатысушы – Украина, Ресей және ЕҚЫҰ бар екенін айтады.

Алайда, тағы бір – “Норманд форматы” бар. Ол үш жыл бойы еш келіссөзге қатыспады. TSN.ua сайты осы кездесудің негізі туралы егжей-тегжейлі баяндады.

“Норманд форматы” дегеніміз не және басшылар қанша рет кездескен?

"Норманд форматы" немесе "норманд төрттігі" – Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы. Ол 2014 жылдың маусым айында, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Нормандияға одақтастастар қонуының 70 жылдығын тойлау кезінде бірінші рет құрылған.

Жалпы, осындай 5 кездесу өтті, ал соңғысы 2016 жылдың күзінде болды.

Кездесу қайда және қашан өтеді?

Кезекті “Норманд төрттігі” саммиті 9 желтоқсанға жоспарланған. Ұйымдастырушылар француздар және кездесу Франция астанасы Парижде өтеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, Украина, Франция, Германия және Ресей басшылары Елисей сарайында кездеседі.

Кездесуге кімдер қатысады?

“Норманд форматына” төрт елдің басшылары қатысады. Олар:  Франция президенті – Эммануэль Макрон, Украина президенті – Владимир Зеленский, Ресей президенті – Владимир Путин және Германия канцлері – Ангела Меркель.

Париждегі кездесуде төрт елдің басшыларынан бөлек Сыртқы істер министрлері мен президент кеңесшілерінің келуі болжанған. Олар “Норманд төрттігі” саммиті кездесуіне тікелей түрде қатыса алмауы мүмкін, алайда олар да Елисей сарайында болады. Украина тарапынан министр Вадим Приестайко мен оның көмекшісі Андрей Ермак барады деген ақпарат бар.

Ал Ресей атынан елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров барады. Сондай-ақ, Сыртқы саясат жөніндегі кеңесші Юрий Ушаков пен оның көмекшісі Владислав Сурков та келуі мүмкін. Оларды Кремльдегі "Л/ДНР"-дің нақты кураторлары деп атайды.

Кездесу қалай өтеді?

Әзірге “Норманд форматындағы" кездесудің ресми мәліметтері жоқ. Алдыңғы саммиттерді ескере отырып, төрт ел басшыларының кездесуі, келіссөздер жүргізуі әдеттегі жағдайда өтуі мүмкін.

Сондай-ақ, ресейлік ақпарат құралдары Путин мен Зеленскийдің екіжақты кездесуі туралы ақпаратты белсенді түрде таратып жатыр. Олардың айтуынша, бұл жүз пайыз ықтималдықпен болатын кездесу. Зеленский мұндай кездесуге дайын екенін айтқан. Ресми түрде Кремль бұл кездесуді өткізуге уақыт бола ма, жоқ па “білмейміз” деп жауап берді. Бірақ алдын ала болжанғандай, екі ел басшысының кездесуі 30-90 минут аралығында болуы мүмкін екені айтылған.  “ЕО” -дан келген халық депутаты Алексей Гончаренко Зеленский мен Путиннің кездесуі төрт ел басшыларының кездесуінен бұрын өтеді деп мәлімдеген.

Сондай-ақ, “Норманд төртігінде” президенттер екіжақты келіссөздер де алып барады. Мысалы, Германия канцлері Ангела Меркель Путинмен кездесуі мүмкін екендігін алдын ала айтқан.

Кездесудің шарттары қандай болады?

Тек Ресей ғана “Норманд форматында” кездесу үшін белгілі бір шарттар қойды. Шарттардың бәрі Украина жағына қатысты. Украина, Франция және Германия қыркүйек айының басында кездесу өткізуге дайын екенін жариялаған кезде, Ресей жаңа шарттар қоя отырып, оны бекіту үшін барын салды.

Соңында Украина президент кеңесшілері кездесулерінде келісілген барлық шарттарды орындады. Атап айтқанда, украиналық тарап “Штайнмайер формуласын” қолдануға келісіп, Золотой, Петровский және Луганск ауылындағы әскерлерді кедергісіз шығарып тастады. Соңғы уақытта Украина бірнеше жыл бұрын қираған көпірді азаматтардың КҚКП арқылы өтуін жеңілдету мақсатында жөндеуден өткізді.

Тараптар не күтеді?

Президенттің көмекшісі Андрей Ермак Украинадан не күтетінін егжей-тегжейлі сипаттады. Бағдарламаның мәні Минск келісімдерін орындау мен соғысты аяқтаудың нақты мерзімдері көрсетілген жол картасы.

“Максималды” бағдарламада жарамды мерзімі бар белгілі жоспар бар. Ол –  соғыс жоспары және біздің аумақтық тұтастығымызды қалпына келтіру және барлық аумақтарымызды қайтару, тұтқындардың бәрін қайтару, соғысты тоқтату, соғысты аяқтаудың нақты жоспары. Өкінішке орай, бүгін де қантөгіс жалғасып жатыр, - деді ол. 

Ермактың айтуынша, “минималды бағдарламаның” басты мақсаты соғысты тоқтату. Содан кейін – Украинаның бақыланбайтын территорияларында және Ресейде орналасқан барлық тұтқындарды айырбастау және қайтару туралы нақты келісім.

Сыртқы істер министрі Вадим Приестайко мүлде жаңа құжаттар болмайды деп сендірді. Оның айтуынша, “Норман төрттігінде” бірлескен шешімдер қабылданады. Тараптар оның жобасын келісіп алған.

Жалпы, Украина тарабы бірнеше маңызды мәселелердің шешімін күтеді. Атап айтқандар олар:  “барлығы барлығы үшін” қағидаты бойынша тұтқындарды алмасу, атысты тоқтату, әскерлерді шығару, оккупацияланған Донбаста жергілікті сайлау өткізу жүйесі және мемлекеттік шекараны бақылау”.

Ресей саммитке Украина Конституциясындағы Донбасстың ерекше мәртебесін бекіту, сондай-ақ Украин билігін өздерінің қақтығыстарға қатысуын жоққа шығаратын барлық жолмен "Л/ДНР" содырларымен тікелей келіссөздерді бастауға мәжбүр ету үшін барады.

Ермак бұл талаптарға 5 желтоқсанда Лондондағы іс-шара кезінде жауап берді. Ол саммит соңында конституциялық реформаларға дайын екенін атап өтті, бірақ орталықсыздандыру мәселелерімен, атап айтқанда, Ордло мәселесімен шектелуге уәде берді. 

Франция мен Германияның ұстанымдары қарапайым және бірауызды – олар үшін Донбастағы қақтығыстың шешілуі маңызды.

Украинаға “Норманд форматы” не үшін қажет?

Егер Украина мен Ресей өз өкілдері арасында ғана сөйлессе, онда “Норманд форматы” лидерлердің тез арада келіссөздер жүргізуіне мүмкіндік береді. Және бұл кездесу шешім қабылдау уақытын қысқартады. Олардың орындалуына деген сенім артады, өйткені мемлекет басшылары бұған келісті, яғни жоғары деңгейде саяси еркіндік бар.

Тағы бір мәселе – делдалдардың жарамдылығы. ЕҚЫҰ – бұл көп өкілеттілігі жоқ халықаралық ұйым. Бірақ Германия мен Франция Ресей Федерациясы үшін маңызды экономикалық серіктестер, сонымен қатар оның Еуропалық Одақтағы мүдделерін қорғайтын белгілі лоббистер. Сондықтан Путин оларды Донбасстағы жағдайды реттеу сияқты мәселелерде келіссөздер жүргізуші және делдал ретінде мойындайды. Тек Украина ғана емес, Еуропалық Одақпен де келісуге дайын. Сонымен қатар, Украина үшін Ресеймен тең жағдайда сөйлесе алатын батыстық серіктерді тарту мүмкіндігі осы келіссөздердегі оның салмағының басым болуы үшін өте маңызды.

Алексей Ярмоленко

Т. Раушанұлы