Ғалымдар ежелгі Мачу-Пикчу қаласының құпиясын ашты

Ғалымдар ежелгі Мачу-Пикчу қаласының құпиясын ашты
Фото: wikipedia.org

Мачу-Пикчу (испанша: Machu Picchu, кечуа: Machu Piqchu, "ежелгі тау" деген мағына береді) – Перу аймағында орналасқан көне Инк империясының қонысы, оңтүстік Америка құрлығындағы тарихы сырлы, көрінісі айбынды ежелгі қала. Батыс солтүстік жағында Кускодан 130 шақырым қашықта, бүкіл қала теңіз деңгейінен 2350-2430 биіктегі тау қырқасына орналасып, Урубамба өзені шатқалына биіктен қарап жатыр. Ежелгі қала қазіргі заманғы әлемнің жаңа жеті кереметінің бірі боп есептеледі. Ол Орталық Американың ең маңызды мәдени мұрасы, әрі Перудің де ең таңдаулы саяхат (туризм) орталықтарының бірі.

Жойылып кеткен Инк империясының ежелгі бекінісі – Мачу-Пикчу қаласын бразилиялық геологтар тобы мұқият зерттеп, қала қалай 2450 метр биіктікте салынғанын, осы күнге дейін қалай аман жеткенін анықтады. 

Мачу-Пикчу құрылысы архитекторлар мен ғалымдарды ежелден таңғалдырып келеді. Себебі ол жердегі ғимараттар ешқандай қоспасыз тастарды бір-біріне жымдастырып салынған. 

Бір қарағанда осындай биіктікке қала салу ақылға қонымсыздай көрінеді. Себебі инктер төменнен тас тасу үшін дөңгелек қолданбаған. 

Бұрын инктер 20 тонналық тастарды төменнен тасып, қала құрылысына пайдаланған. Тастардың ешқандай қоспасыз бір-біріне жымдасқаны сонша арасы 1 миллиметрден де аз деп есептелген еді.

Бірақ қаланың орналасқан жері оның құрылысына кедергі болмай, керісінше, көмектескен.

Қалап салынған тас қабырға

Жұмсақ тастар

“Мачу-Пикчудің орналасқан жері кездейсоқ емес. Егер қала құрылысына қажетті жартастарда жарықтар болмаса, сәулетті қала тұрғызу мүмкін емес”, - дейді  Бразилиядағы  Рио-Гранде-ду-Сул федеральды университетінің геологы Руалдо Менегат.

Жасанды жер серіктерінен алынған  суреттер мен деректерді талдағаннан кейін ғалымдар қала картасын жасады. Мачу-Пикчу бірнеше тектоникалық жарықтар қиылысатын жерде салынған екен.

Ұзындығы 100 шақырымнан асатын екі үлкен жарық солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа өтеді. Олардың қиылысында Мачу-Пикчу орналасқан.

Күн сағаты - Intihuatana

Аймақтағы жер сілкіністері тау жынысын әлсіреткен, ежелгі құрылысшылар оны қалаған пішінге оп-оңай келтіре алған. Бразилиялық геологтың айтуынша, “жұмсарған” тас ұзақ өңдеуді қажет етпеген.

Ежелгі қаланың орналасуы оның астындағы тектоникалық жарықтардың құрылымын көрсетеді дейді зерттеуші. Ғимараттар мен баспалдақтар және көшелер жарықтарға параллель салынған.

Қаладағы тас үйлер

Сонымен қатар, геолог Инктардың Ольянтайтамбо, Писак және Куско сынды басқа да елді мекендері де осындай әдіспен салынған деп мәлімдеді. “Бұл елді мекендердің әрқайсысы аймақтағы геологиялық жарықтардың негізгі бағыттарын өте жақсы көрсетеді. Мачу-Пикчуды мысал ретінде қолдана отырып, Инк өркениетінің сынған тастар империясы болғанын көреміз”, - дейді зерттеушілер.

Ауыл шаруашылығына арналған сатылы атыздар

Су құбыры мен кәріздер

Тектоникалық жарықтар құрылыс материалдарымен қатар Инктарға су жинауға да көмектескен. Еріген қар мен жаңбыр суы жарықтар арқылы аққан. Ал Инктер оны тек бір жерге ғана жинаған.

"Қаланың таулы жерде орналасуы оны таулы аймақта жиі кездесетін көшкіндер мен селден сақтады", - дейді бразилиялық геолог.

Мачу-Пикчудегі үйдің терезесінен қарағандағы көрініс

Тағы бір қауіпті климаттық фактор – жауын-шашын. Жарықтар қаланы су тасқынынан құтқарған.

“Бекіністегі құрылыс жұмыстарының үштен екісі жерасты кәрізін салумен байланысты болды. Жарықтардың арқасында құрылыс жеңілдеген. Олар қаланың неліктен жақсы сақталғанын да түсіндіреді”, - дейді ғалым.

Т. Раушанұлы