Дамир Юсупов пен Георгий Мурзинге "Ресей Федерациясының батыры" атағы берілді. Олар кімдер?

Дамир Юсупов пен Георгий Мурзинге "Ресей Федерациясының батыры" атағы берілді. Олар кімдер?
Фото: armday.am

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу облысында А321 жолаушы ұшағын жүгері алқабына төтенше жағдайда қондыра алған ұшқыштар Дамир Юсупов пен Георгий Мурзинге  "Ресей Федерациясының батыры" деген атақ берді.

Путин бұл туралы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерімен кездесудің ашылуында мәлімдеді. Ресей президентінің айтуынша, ұшақ капитаны Дамир Юсупов пен екінші ұшқыш Георгий Мурзин "Ресей Федерациясының батыры", ал ұшақтың қалған экипажы "Ерлік үшін" медалімен марапатталады.

"Уральские авиалинии" әуе компаниясының Мәскеу-Симферополь бағытындағы рейсі Жуковский әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай бір топ шағалалармен соқтығысқан. Нәтижесінде құстар ұшақтың қозғалтқышын істен шығарған. Қошғалқыштар өшіп қалғасын ұшқыштар Рыбинское ауылының маңындағы жүгері алқабына қонуға шешім қабылдаған. Ресей авиациясы басшысы Александр Нерадконың айтуынша, бұл сол сәттегі жалғыз дұрыс шешім болған.

Ұшақта 226 жолаушы мен экипаждың 7 мүшесі болған. Соңғы мәліметтер бойынша, 76 жолаушыға медициналық көмек көрсетілген. 

Батыр ұшқыштар кімдер?

41 жастағы батыр ұшқыш Дамир Юсупов Красноярск өлкесінің Игарка қаласында дүниеге келген. Кейін оның жанұясы Самара облысының Сызрань қаласына қоныс аударған.

Дамир бала кезінен бастап ұшқыш болуды армандаған, бірақ медициналық кеңестің шешімімен ұшу мектебіне түсе алмаған. Сәтсіздіктен соң заңгер мамандығын оқып, 32 жасына дейін заңгер болып жұмыс істеген. 32 жасында бала арманы маза бермей тағы да авиация мектебіне тапсырған. Бұл жолы барлық емтихандардан өтіп, Бугуруслан Азаматтық авиация мектебіне түсіп, оны үздік бітірген. Кейін, Санкт-Петербург мемлекеттік азаматтық авиация университетін үздік бітіріп (2013 жылы ), "Урал" авиакомпаниясына жұмысқа орналасқан. Оның жалпы ұшу тәжірибесі 3 мың сағат.

Юсупов нағыз ұшқыш ретінде де болашақ жарын аспанда кездестестірген. Жұбайы Наталья екеуі 2 баланың ата-анасы. Дәл осы рейсте Наталья да жолаушылар тізімінде болған. Дамир апаттан кейін бірден жұбайына хабарласып, олардың аман-сау екенін білген.

Жергілікті сайттарға сұқбат берген Наталья: "Әрине, дүрбелең, көз жасы. Кішкентай балам маған: "Мама, жылама!" деп жұбатты" - дейді. Ол қауіпті жағдайға қарамастан жұбайын қайтадан көкке жіберуге дайын екенін айтты.

Екінші ұшқыш Георгий Мурзин небәрі 23 жаста. Екі жыл бұрын Санкт-Петербург мемлекеттік азаматтық авиация университетін бітіріп, 2018 жылы жұмысқа қабылданған. Содан бері ол әуеде 600 сағаттан астам жол жүрген. Төтенше қону кезінде Мурзин кеуде тұсынан жарақат алып, 16 тамызда емханаға жеткізілген.

Т. Раушанұлы