- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2018 жылы жолы...
2018 жылы жолы болмаған миллиардерлер
Байлар да жылайды... 2018 жыл кей миллиардерлер үшін аса табысты болса, енді біреулері үшін сәтсіз өтті. Соның ішінде жолы болмағандар көшін біз білетін facebook әлеуметтік желісінің иесі Марк Цукерберг бастап тұр.
Forbes басылымы жариялаған мәлімет бойынша Марк 2018 жылы шығынға батқан жалғыз америкалық миллиардер екен. Оның байлығы биыл 18,7 миллиард долларға кеміген. Дегенмен әйгілі тұлға кедей болып қалған жоқ. Қазіргі байлығы 52,5 миллиард доллар шамасында.
- Аяқталғалы жатқан жыл Марк Цукерберг үшін қиын болды. Әлеуметтік желі пайдаланушылардың рұқсатын алмай, жеке басына қатысты мәліметтерді тексергені үшін басы ұзақ дауға қалды, - деп жазады басылым.
Әлеуметтік желі қолданушылары жеке мәліметтерінің тарап кетуіне байланысты сәуір айында Марк Цукерберг үлкен сынға ұшырады. АҚШ Конгресс өкілдік палатасы алдында түсінік берді. Нәтижесінде бірер күннің ішінде компанияға 8 миллиардтай шығын келді.
2018 жылы жолы болмай, қаржысы азайған миллиардерлер қатарында Zara сауда жүйесінің негізін қалаушы Амансио Ортега да бар. Оның байлығы биыл 16,2 миллиард долларға азайыпты.
Неміс көліктері мойынтірегін жасайтын компания акционері Георг Шеффлер де биыл жолы болмаған миллиардерлер үштігінде. Оның байлығы 14 миллиард долларға азайып, 12,4 миллиард доллары қалған.
Қытайдың Tencent холдингі басшысы Ма Хуатен де жолы болмағандар тізіміне енген. Оның биылғы шығыны 10,1 миллиард долларды құрап отыр. Қазіргі байлығы 35,1 миллиард долларға тең.
Әлемнің ең бай адамдары рейтингінде алғашқы қатарлардан талай жыл көрініп келген мексикалық миллиардер Карлос Слим үшін де 2018 жыл сәтті өтпегендей. 9,3 миллиард долларға қаржысы азайған. Қалғаны да аз емес. Қазіргі байлығы 56,8 миллиард доллар шамасында.
Bloomberg ақпараты бойынша 2018 жылы әлемнің ең бай адамдары 511 миллиард доллар көлемінде қаржы жоғалтқан. Бұл жыл соңындағы әлемдік саудадағы нарықтың төмендеуімен түсіндіріліп отыр.
О. Сансызбай