Полярлық шұғыла қалай пайда болады?

Полярлық шұғыла қалай пайда болады?
Фото: wikipedia.org

"Полярлық шұғыла немесе Cолтүстік шұғыласы — Жер атмосферасының ионосфера қабатында байқалатын жарқыл. Полярлық шұғыла ғарыштан келетін жоғары энергиялы зарядталған бөлшектердің (электрондар мен протондардың) атомдар мен молекулалармен әрекеттесуі (90 — 1000 км биіктікте) нәтижесінде пайда болады".

Жоғарыдағы сөйлем  табиғат ғажайыбына берілген физикалық анықтама. Мұны қарапайым тілге аударып көрейік.

Солтүстік шұғыласы  бізге мәлім ең жарқын табиғат құбылыстарының бірі. Олар мың жылдар бойы адамдарды таңдандырып келді. Полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жастағы кроманьнон үңгірлеріндегі суреттерде бейнеленген. Бұл туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларында кездеседі.

Табиғат құбылысына 1619 жылы ғана латынша "aurora borealis" деген ат берілді. Бұл атауды атақты ғалым Галилей қойған. Сол уақыттарда ғалымдар солтүстік шұғыласын таңда Күннің шығуы кезінде пайда болатын құбылыс деп есептеген. Сол үшін Галилей мұндай табиғат құбылысына Римнің "Таң құдайы" мен гректердің "Жел құдайы" аттарын біріктіріп берген.

1749 жылы ғалымдар Күн циклдерін зерттей бастады. Нәтижесінде, Күн бетінде дақтар пайда болғанда Солтүстік шұғыла қатты жарқырап көрінетінін анықтады. 

Бүгінде Полярлық шұғыла таңда Күннің шығуынан пайда болмайтыны баршаға мәлім. Бірақ оның аты өзгермеді. Aurora borealis – Солтүстік шұғыла, ал Оңтүстік шұғыласы "Aurora australis" деп аталады. Олардың қалай пайда болатынын біз жоғарыда айтып өттік. 

Осылардың арасындағы ең көп көрінетіні жасыл-сары түсті шұғыла оттегі мен Күн молекулаларының өзара әрекеттесуінен жерден 240 шақырым биіктікте пайда болады. Егер Күн молекулалары азотпен өзара әрекеттессе, аспанда қызыл немесе көк түс пайда болады. Ал олардың басқа түстерін тек арнайы құрылғылар арқылы ғана көре аласыз. Сәулелік пішіндердің орташа қалыңдығы 200 метр, жарық артқанда, ол кемиді. Полярлық шұғыланың спектрлік құрамы ендікке байланысты өзгеріп отырады. Шұғылаларды зерттеу, біріншіден, Жерге жақын ғарыш кеңістігіндегі процестер туралы ақпарат жинауға, екіншіден, оптикалық сәуле шығарулары бойынша ғарыш бөлшектерінің ионосфераға әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль, және горизонт түріндегі түрлі пішіндерде көрінеді. Осыған байланысты әр халықтың өз наным-сенімдері бар. Мысалы, Финляндияда оларды "Отты түлкілер" деп атаса, Шотландияда "Періште", Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ретінде қарайды. Инуиттер болса, оларды "Түнгі аспанда билейтін жануарлар" деп атайды екен.

Т. Раушанұлы