Жер шарын құтқаратын өнертабыстар

Жер шарын құтқаратын өнертабыстар
Фото: egemen.kz

Соңғы жылдары адамзат дамуы бұрыс жолда кетіп бара жатқандығын ғалымдар түсіне бастады. Себебі Жер жылдан жылға ысып барады. Антарктика құрлығындағы мәңгілік мұздар еруде. Табиғи байлық кеміп, экожүйе бұзылып, әр жылы ауа райы өзгеріп келеді. Табиғи апаттар көбеюде. Ғалымдар технологияның көмегімен ғаламшарымызға пайдалы түрлі заттар мен құрылғылар шығарып жатыр.

Адамзаттың алдындағы ең бірінші мақсат әр жылы шығарылып жатқан миллиондаған қоқыстан арылу. Назарларыңызға ғаламшарымыздың ластану мәселесін ең кемінде ішінара шешуге көмектесетін жаңалықтар мен өнертабыстарды ұсынамыз.

1. Қоқыстан жасалған аяқкиім 

"Adidas" компаниясы жер шарын қоқыстан тазалауға үлесін қосу мақсатында мұхиттан жинап алынған пластиктен аяқ киім мен спорттық киімдердің бірнеше түрін жасап шығарды. Сапасы компанияның өзге өнімдерінен кем емес.

2. Өз-өзінен жоғалатын ыдыс

Исландиялық студент Ари Йонсон ішінде су тұрғанда формасын сақтайтын, ал сұйықтық жоқ болса өз-өзінен жоқ болып кететін ерекше ыдыс ойлап тапқан. Тәбетіңізге қарай оны жеуге де болады екен. Денсаулыққа зияны жоқ. Мұндағы мақсат жер шарындағы қоқыс санын бірге болса да азайту. 

3. Ескі бөтелкенің жаңа өмірі 

Пластикалық ыдыстардың көптігі сондай, кейбір адамдар олардан қайық пен үй тұрғызып жатыр. Олардың көп болатындығының себебі пластик материал шірімей 500 жылға дейін шыдайды. 

4. Суда еріп кететін ыдыстар 

Индонезияның "Avani" компаниясы пластикті экологиялық таза заттармен алмастыруды мақсат етіп, қағаз бен жүгері крахмалынан ыдыстар жасап шығарған. Пайдаланылған ыдыстар жарты жыл ішінде шіріп кетеді. Тіпті оларды суға салып ерітіп жіберуге де болады. 

5. Су өтпейтін банан қабығы 

"Green Banana Paper" компаниясы қағаз бен терінің орнын басатын экологиялық таза өнімін ұсынды. Банан қабығынан жасалған әмиян біріншіден – су өткізбейді, екіншіден – айналада қоқыстың азаюына үлес қосады.

6. Ауадан таза су өндіретін құрылғы 

Жер шарындағы құрғақшылық ауыз суын өндірудің жаңа жолын қарастыруға мәжбүр етуде. "WaterSeer" құрылғысы суды ауаның өзінен өндіреді. Ол тәулігіне 37 литр су жинай алады. 


7. Суды үнемдейтін душ 

"Nebia" – суды миллиондаған тамшыға айналдыратын душ. Ол суды көп ағызбайды керісінше буға айналдырады. "Nebia" әдеттегі душтарға қарағанда суды 70 пайызға үнемдейді. 

8. Қоқыс жинайтын құрылғы 

"Seabin" құырылғысын испаниялықтар жасап шығарған. Сыйымдылығы 20 келі. Оны судағы қоқыстар мен мұнай қалдықтарын жинау мақсатында жасаған.

Т. Раушанұлы