- Негізгі бет
- Әлемтану
- Тайландтағы үңгірде қалып...
Тайландтағы үңгірде қалып қойған жас футболшылардың хаттары жарияланды
Бұдан бұрын жазғанымыздай Тайландтағы Кхао-Луанг үңгіріндегі 23 маусымнан бері қалып кеткен футболшы жасөспірім 12 бала мен олардың 25 жастағы бапкері туысқандарына өздері туралы жазған хаттарын сыртқа беріп жіберді.
Үңгірде құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан әскери сүңгуіршілер командасы дәптердің 6 парағына жазылған хаттар суретін твиттерге салған. 11 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың ата-анасы 2 аптадан бері үңгір алдына келіп, шатыр тігіп, балаларын екі көзі төрт болып күтуде.
"Біз жақсымыз, бәріміз сау-саламатпыз. Сыртқа шыққанымызда түрлі дәмді тамақтар жегіміз келеді. Құрметті оқытушылар бізге көп тапсырма бере бермеңіздер", – деп жазылған дәптердің бірінші парағында.
Қазіргі күнде халықтың жартысы айыптап, жартысы қаһарман деп бағалап жатқан бапкер де былай деп сәлемлеме жіберген:
“Бізді қолдап-қуаттағандарыңызға алғысым шексіз. Барлық ата-аналардан кешірім сұраймын. Үңгірге сіздерден рұқсат сұрамай кеткен кейбір ата-аналардан балаларыңызды жазғырмауыңызды өтінемін", – деген.
Жас футболшылар 10 шақырымдық үңгірдің 5 шақырым қашықтықтағы камералардың бірінде қалып кеткен. Сыртқа шығатын жолды су басқаны себепті шыға алмай отыр.
Балаларды сүңгуірлермен сыртқа алып шығу операциясы сүңгуіршінің бірі қайтыс болғаны себепті тоқтатылды. Бірақ, осыған қарамай оларды құтқару ісі жалғасып жатыр. Жақын күндері жаңбырдың тағы да жаууына байланысты судың көтерілуінен қорыққан құтқарушылар тобы тынбай еңбектенуде.
Бұдан бұрын айтқанымыздай Илон Маск көмек қолын созамын деген уәдесінде тұрып, бір топ инжерлерін Тайландқа жібергені мәлім болды.
Масктың жобасы үңгірдегі суға нейлон құбыр орнатып, оның ішіне оттегі толтырып, пайда болған туннель арқылы балаларды алып шығу.
Тағы бір айта кетерлігі балалар аман-есен шықса, ФИФА оларды Ресейдегі әлем чемпионатының финал ойынына тегін шақыруды мәлімдеген.
Т. Раушанұлы