- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Әжім мен ақ...
"Әжім мен ақ шаш емес". Қартаюдың жақындағанын көрсететін 4 белгі
Біз әдетте ағзаның қартая бастағанын алғашқа әжім, ақ шаш және әлсіздікке қарап білуге болады деп санаймыз. Алайда гинеколог Екатерина Волкова Doctorpiter порталына ағзаның қартайғанын басқа белгілер көрсететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қартаюдан қашып құтылу мүмкін емес. Көпшілік адам бұл процесті баяулату үшін ББҚ ішу, косметологқа бару, қымбат кремдер мен маскалар сатып алу секілді шараларға барады. Әрине, бұлар қартаюды баяулатуға көмектеседі, бірақ денсаулықты сақтауға арналған базалық ұсыныстарды орындау маңызды: көп қозғалу, үйлесімді тамақтану, ұйқыны қандыру, күйзелісті азайту, зиянды әдеттерден арылу.
Қандай белгілерден биологиялық қартаюды анықтауға болады? Дәрігердің айтуынша, ағзаны мына көрсеткіштер бойынша тексеру қажет.
Қандағы қант деңгейі
Басты критерийдің бірі – глюкоза деңгейі. Бұл көрсеткіш орташа есеппен 5,2 ммоль/л-ге тең болуы керек. Егер ол 5,5 ммоль/л-ден артық болса, бұл қосымша тексерілуге себеп.
"Егер көрсеткіш жоғары болса, гемоглабиннің глюкозамен қосылысын (гликированный гемоглобин) тексеру керек. Жас ұлғая келе глюкозаның артуы қант диабеті, атеросклероз және басқа да патологиялар қаупін көрсетеді", - дейді Екатерина Волкова.
Холестерин
Бұл да ұмытпау керек маңызды анализдің бірі. Егер холестерин мөлшері 6 ммоль/л-ден артық болса, қосымша тексерістен өтіп, денсаулықты қолға алу керек. Жаман холестериннің жақсы холестеринге қатынасын ескеру маңызды. Себебі ол қантамырлардың зақымдалу қаупін көрсетеді.
Бел көлемі
Бұрын кешкісін тәтті бәліш жеу сізге зиян келтірмеген болар. Иә, күнде кешкісін тәтті жесеңіз, таразыда артық бірнеше килограмм пайда болған шығар, бірақ ол кезде артық салмақтан арылу оңай болатын. Бірақ қандай да бір жасқа келгенде салмағыңыз арта бастады. Соның ішінде беліңіздің көлемі артты және одан арылу мүмкін емес. Бұл да ағза қартаюының бір белгісі. Әйелдердің белі 80 см-ден, ал ер адамдардікі 102 см-ден артық болмауы керек.
Егер бұл көрсеткіштен көп болса, ол көмірсулы зат алмасу бұзылысын көрсетеді. Оның салдарынан жүрек, эндокринді жүйе және буындар проблемасы пайда болуы мүмкін.
Несеп қышқылы
Несеп қышқылы деңгейі қаншалықты көп болса, подагра (тұз байлану ауруы) қаупі соншалықты жоғары болады.
"Несеп қышқылы – бауырда синтезделетін ақуыздың зат алмасу өнімі. Адам үлкейген сайын несеп қышқылының шығу процесі ауыр жүреді", - дейді Екатерина Волкова.
Егер қандағы несеп қышқылы 270 мкмоль/л-ден көп болса немесе соған жақын болса, бүйрек және ішектер жағдайын тексеру керек. Себебі несеп қышқылының үштен екі бөлігін бүйрек бөледі. Ал оның үштен бір бөлігі ішекте синтезделеді. Егер шығару жүйесі жұмыс істемесе, несеп қышқылы жиналып, буындарды зақымдайды.
Оқи отырыңыз: Адамдар қартайған шақта жиі өкінетін 5 нәрсе
А. Жапатова