Етеккір кезіндегі ауырсынуды күшейтетін 8 әдет

Етеккір кезіндегі ауырсынуды күшейтетін 8 әдет

Көңіл күйдің бірден өзгеруі, физикалық жағымсыздық – етеккір көптеген жағымсыз сезімдер сыйлауы мүмкін. Оған тек ағза ерекшелігі емес, сондай-ақ біздің күнделікті әдеттеріміз де әсер етеді. Heroine.ru қандай әдеттер етеккір кезіндегі ауырсынуды күшейтетінін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұйқының жетіспеуі

Егер ауырсыну және түйілу болса, етеккірдің себебінен ұйқыңыз қанбауы мүмкін. Алайда ұйқыға жеткілікті уақыт бөлу және осы кезде оның сапасын арттыру маңызды. 

"Ұйқының жетіспеуі ағзаны күйзеліске ұшыратады, қабынудың пайда болу қаупін арттырады. Бұл жағымсыз белгілерді және етеккір кезіндегі ауырсынуды ушықтырады. Сапалы ұйқы мен демалыс жағымсыз сезімдерді жеңілдете алады", - деді американдық акушер-гинеколог Иден Фромберг.

Кофеині бар сусын ішу

Етеккір кезінде құрамында кофеині бар сусындардан бас тартып, оны сумен алмастырған дұрыс. Кофеин ағзаның сусыздануына ықпал етеді. Ол өз кезегінде жағдайдың нашарлауына, түйіліп ауыруды және бас ауруды күшейтеді.

Американдық гинеколог Менди Феррейра кофеині бар сусындарды етеккір келгенге дейін 3-4 күн бұрын тоқтата тұруға кеңес береді. Бұл іштің және омыраудың ауыруын азайтуға көмектеседі.

Дұрыс емес диета

Кей өнімдер етеккір кезіндегі ауырсынуды жеңілдетуге көмектессе, басқалары оны күшейтеді. Етеккір кезінде қызыл ет жемеген дұрыс. Себебі оның құрамында омега-6 қышқылдары бар. Олар ағзаға пайдалы, бірақ етеккір кезінде ол іштің ауыруын күшейтуі мүмкін. Сондықтан етеккір кеткенше күтіп, содан соң оны рационға қосқан жөн.

Сондай-ақ АҚШ медициналық ғылымдар докторы Моника Кристмас етеккір кезінде тұзды тамақтардан бас тартуға кеңес береді. Себебі олар сұйықтықтың ағзада тұрып қалуына ықпал етіп, ішті кептіреді. Бұл ауырсынуды одан сайын күшейтеді.

Алкоголь ішу

Америкалық гинеколог Кит Шкодзик етеккір кезінде ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Кейде ол спазмды уақытша жеңілдететіні рас. Алайда алкоголь несеп айдағыш қасиетке ие, сондықтан ағзаның сусыздану қаупін арттырады. Ал ол ауырсынуды арттырады.

Алкоголь простагландиндердің тепе-теңдігіне де әсер етеді. Олар жарақат пен ауруды емдеуге көмектесетін тіндердің зақымданатын жерлерінде немесе инфекция ошақтарында түзілетін липидтер тобы. Етеккір кезінде олар жатыр бұлшықеттерінің жиырылуын тудырады, соның арқасында қан босатылады. Алкоголь себебінен артылған простагландиндердің жоғары деңгейі етеккір кезіндегі спазмды күшейтеді.

Күйзеліс

Америкалық акушер-гинеколог Терри Данның айтуынша, күйзеліс - етеккір кезіндегі қатты ауырсынудың жиі кездесетін себебі.

"Күйзеліс кезінде прогестерон гормонының деңгейі төмендеуі мүмкін. Ағзада эстроген тым көп болып кетеді. Бұл ауырсыну мен спазмды күшейтуге әкеледі", - деді ол.

Физикалық жаттығу жасамау

Етеккір кезінде өзіңізді жаттығу жасауға немесе белсенді қозғалуға мәжбүрлеу қиын болуы мүмкін. Алайда бұл дұрыс емес.

Американдық дәрігер Нита Ландридің айтуынша, жаттығу етеккір кезінде ауырсынуды жеңілдетеді, ал жаттығу жасамау жағымсыз сезімдерді күшейтіп жіберуі мүмкін.
 
Тампон немесе төсемді сирек ауыстыру

Америкалық гинеколог Адиэль Хоффман гигиеналық құралдарды әр 3-4 сағат сайын ауыстыруға кеңес береді.

"Тампонды немесе төсемді неғұрлым ұзақ ұстасаңыз, бактериялардың көбею қаупі соғұрлым жоғары болады. Бактериялар қабыну мен инфекцияға әкелуі мүмкін, бұл етеккір кезіндегі ауырсынуды ушықтырып қана қоймай, денсаулыққа қатысты көптеген проблемаларға әкелуі мүмкін", - дейді гинеколог.

Темекі тарту

Темекі шегу де етеккір спазмдарын нашарлатуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, ауырсыну дененің никотин қабылдауына жауап ретінде қан тамырларының күрт тарылуы себебінен пайда болады. Бұл жатырға қан мен оттегінің келуін уақытша тоқтатады. Оттегі болмаса, оның тіндері ауырсынуды тудыратын химиялық заттар шығарады.

А. Жапатова