Невролог солақайларды оң қолға үйрету несімен қауіпті екенін айтты

Невролог солақайларды оң қолға үйрету несімен қауіпті екенін айтты
Фото: ru.freepik.com

Солақайлар тақырыбы әркез түрлі аңыздармен және даулармен қатар жүреді. Біреулер солақайларды дарынды десе, басқалары бұл ерекшелікті түзету керек деп санайды. Кей ата-аналар баласының солақай екенін байқап, оны қинап оң қолға үйретеді. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұндай араласу неліктен қауіпті? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне невролог Шойбекова Гүлдана Орыншақызы жауап берді.

Адам миы екі жартышардан тұрады: оң жақ жартышар дененің сол жағын, ал сол жақ жартышар дененің оң жағын басқарады. Бұл жартышарлар тең емес, олардың бірі басым болып келеді. Егер сол жақ жартышар белсенді болса, адам - оңқай, ал оң жақ жарты шар басым болса, адам  солақай болады.

Баланың жетекші қолын 4-5 жаста анықтауға болады. Екі жасқа дейін балада қолдың толқынды өзгерістері болады, ал екі жастан бастап төрт-бес жасқа дейін қолдар бірдей белсенді келеді. Содан соң ғана тұрақтала бастайды.

Солақай баланы оң қолға үйрету ұсынылмайды. Ол баланың дамуына жағымсыз әсер етуі, мектепке бейімделу процесін қиындатуы және денсаулыққа қатысты бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Оң қолға үйретілген солақай балалар жиі нашар және өте баяу жазады, көп қате жібереді, жазу кезінде тынысын тоқтатады, қаламды қатты қысады, қаламды дұрыс ұстамайды және оқумен проблемалар басталуы мүмкін.

Баланың жағдайы да нашарлайды. Ол ашуланшақ, ерке болып кетуі және дұрыс ұйықтай алмауы, тәбетін жоғалтуы мүмкін. Эмоционалды жағдайдың бұзылуы басқа да невроздық асқынуларға әкелуі мүмкін: тұтығу, тері аурулары, зәр ұстай алмау және т.б.

Бала оң қолының шаршағанын, басы ауыратынын айтуы мүмкін. Мұндай кезде педиатр және невролог дәрігерге қаралу керек.

  "Әр бала жеке өзінің жаратылыс ерекшеліктерімен, бар болмысымен қабылдануы керек. Солақайды негізінен оң қолды қолдануға мәжбүрлей отырып, ата-аналар мен тәрбиешілер жетекші жарты шардың функцияларын туғаннан бастап оған арналмаған функцияға ауыстырады. Бұл баланың үйлесімді дамуына пайда әкелмейді, тек зиян тигізеді.

  Сонымен қатар, бала өзін ыңғайсыз, дұрыс емес, кінәлі, қабілетсіз сезіне бастайды, ол сөйлеу мен түсінудің дамуын кешіктіруі мүмкін, невроз, бас ауруы, ұйқының бұзылуы және тәбеттің бұзылуы, энурез, тіпті кейбір жағдайларда эпилепсия дамуы мүмкін. Қайта оқытылған солақай адам екі қолын бірдей нашар ұстайтын болып шығуы мүмкін. Ол ешқашан би билеуді, сондай-ақ көлік жүргізуді үйрене алмауы  мүмкін. Сондықтан ата-аналарға айтарым, баланың ерекшелігін қабылдап, оны ұтымды пайдалануға жағдай жасауға тырысыңыздар", - деді дәрігер Шойбекова Гүлдана.

А. Жапатова