Мұрын бітелуінен тамшылы дәрісіз қалай құтылуға болады?

Мұрын бітелуінен тамшылы дәрісіз қалай құтылуға болады?
Фото: ru.freepik.com

Мұрныңыз қайта-қайта бітеле берсе, шаршатып жібереді. Кейде тіпті тұмау секілді айқын белгісі де болмайды. Ал арнайы мұрынға тамызатын тамшылы дәрілер жағдайды жеңілдеткенімен жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, мұрын шырыштысын құрғатып жіберіп, қабыну процестерінің пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан тамшылы дәрілерге тәуелді болмас үшін мұрын бітелуін жеңілдететін басқа әдістерді байқап көріңіз.

Ауа ылғалдандырғыш қосып қойыңыз

Суық мерзімде жылытқыштар қосылғандықтан, бөлме ішіндегі ауа құрғақ болып кетеді. Соның себебінен сау адамдардың өзінің мұрны бітеліп қалуы мүмкін. Бұл жағымсыз жағдайды жеңуге ауа ылғалдандырғыш көмектеседі. Ылғал ауа қабынуды және шырыштының тітіркенуін басуға, сондай-ақ мұрындағы шырышты сұйылтуға көмектеседі. Егер ауа ылғалдандырғыш құрал болмаса, үйдегі ауаны ылғалдандырудың басқа амалдарын іздеңіз. Мысалы, үйге бүріккішпен су шашып шығыңыз.

Жылы компресс басыңыз

Мұрынға және маңдайға жылы (ыстық болмау керек) суға суланған мата басыңыз. Мұрныңыз қатты бітеліп тұрса, жылы компресті эфир майларымен, мысалы, эвкалиптпен жасаңыз. Матаға бір-екі тамшы эфир майын тамызыңыз. Бірақ иісі қатты шығып кетпесін және мұрныңыздың ішіне тамып кетпеуі керек. Компресті 15-20 минут ұстау жеткілікті.

Сұйықтықты көбірек ішіңіз

Мұрын бітелген кезде мұрын шырыштысы өте құрғақ болып кетеді. Ылғал жетіспеушілігінің орнын толықтыру үшін сұйықтық мөлшерін көбейту керек. Мысалы, ыстық немесе жылы сусындар ішіңіз.

Биіктеу жастыққа жатыңыз

Көпішілік адам ұйықтауға жатқанда мұрнының бітелетінін байқайды. Ол шынымен де көлденең жатқанда асқынады. Жағымсыз белгіні жеңілдету үшін биік жастық алыңыз немесе жастықты басыңыз көтеріліп тұратындай орналастырыңыз. Сондай-ақ ауа ылғалдандырғышты да түнде қосып қойыңыз.

Мұрынды тұзды ерітіндімен шайыңыз

Бір литр жылы суға 2 шай қасық тұз салып, ерітінді дайындаңыз. Мұрынды шаю үшін шұңғылшаға еңкейіп, мұрынның бірінші оң қуысына, кейін сол қуысына тұзды ерітіндіні инесі жоқ шприц көмегімен құйыңыз.

Жаттығу жасаңыз

Егер мұрныңыз бітеліп тұрса және жағдайыңыз физикалық белсенділікпен айналысатындай жақсы болса, жаттығу жасаңыз. Мысалы, йоганың кез келген жаттығуын орындаңыз немесе саябақта жылдам жүріспен серуендеп келіңіз.

А. Жапатова