Бір зауыт бір халықты ауру етті : Минамата тарихы қандай?

Жапонияның Минамата қаласы 50-шы жылдары жердегі жұмақ іспеттес еді. Бірақ 1956 жылы сәуір айында бәрі өзгерді. Ауруханаға түскен алты жасар қыз өздігенен жүріп-сөйлей алмай қалады. Араға екі күн салып әпкесі де осы белгілермен дәрігер көмегіне жүгінеді. Небәрі жарты жыл ішінде түсініксіз себептен 14 адам қаза табады. Ел билігі дереу "біртүрлі аурумен күресу комитетін" құрады.

Кумамото университетінің ғалымдары суға қалдықтарын төккен Chisso зауытынан күдіктене бастайды. Тексеріс кезінде судан қорғасын, сынап, марганец, күшән, селен және таллий табылады. Соған қарамастан, зауыт өз жұмысын жалғастыра береді. Бірнеше жыл ішінде 6 мыңға жуық адам ауырғаны белгілі болады.

Үкімет бұл оқиға ел ішінде қалуы үшін барын жасайды. Бірақ 1971 жылы қала тұрғындары атақты фотограф Юджин Смитке хат жазады. Ол Минаматаға келіп жантүршігерлік суреттер түсіреді Кейін әлемдік басылымдарға жолдайды. Осылайша 17 жыл өткен соң ғана зауыт өз кінәсін мойындайды. Белгісіз ауруға минамата деген атау беріледі. Сот өтіп, Chisso зардап шеккен әр адамға 16-18 миллион йен төлеуі тиіс деген шешім шығады.

Бұл оқиға туралы "Минамата" фильмі шықты. Бас кейіпкерді Джонни Депп сомдайды.