Педиатр бала иммунитетінің деңгейін анықтау үшін қандай анализдер тапсыру керегін айтты

Педиатр бала иммунитетінің деңгейін анықтау үшін қандай анализдер тапсыру керегін айтты
Фото: ru.freepik.com

Маусымдық аурулар басталғанда ауруды жұқтырмайтын бала сирек кездеседі. Балабақшаға және мектепке баратын балаларға ЖРВИ жұға береді. Мұндай кезде ата-ана баласының иммунитетінің әлсіз екенін айтып, оны қатайту жолдарын қолға алады. Көптеген аурулар шынымен де иммунитетпен байланысты. Бірақ барлық жағдайда емес. Кейде баланың тұмаурататыны қалыпты нәрсе. Ол оның иммунитетінің жұмыс істеп тұрғанын, қоздырғышпен күресіп жатқанын көрсетеді. Ендеше, бала иммунитетінің қандай екенін анықтау үшін қандай анализдер тапсыруға болады? Бұл сұраққа педиатр Сәкенова Айкерім Әмірханқызы жауап берді.

Әдетте, жиі ауыру ағзаның қорғаныс жүйесінің жағдайын көрсетпейді. Адамның қаншалықты ауыр ауыратыны, қаншалықты жылдам жазылатыны және асқынулардың болатыны/болмайтыны маңызды. Адамды қайталанатын бактериялық инфекциялар да алаңдату керек. Егер іріңді ангина, отит, пневмония жылына екі рет пайда болса, бұл кезде иммунитет жайлы ойлану керек.

  "Бала иммунитетінің деңгейін анықтайтын арнайы нақты анализдер жоқ. Оны баланы объективті қарағанда және шағымдарға байланысты байқаймыз. Мысалы, балада ұзақ уақыт бойы тыныс алу және асқорыту жағынан шағымдар болса, сондай-ақ баланың жасына қарай жедел респираторлық аурулармен ауыру жиілігі нормадан жоғары болса, иммунитетке сұрақ пайда бола бастайды. Бұл кезде біз жалпы қан анализін тапсыртамыз. Егер жалпы қан және зәр анализінде өзгеріс болса, ол ары қарай тереңірек тексеруді қажет етеді. Лейкоцит, лимфоцит, соя және гемоглабиннің деңгейіне мән береміз. Содан кейін биохимиялық қан анализіндегі бауырдың ферменттерін, ақуыздарды көру керек. Содан соң IgM и IgG иммуноглобулиндер деңгейін тексеру керек. Сондай-ақ, D3 дәруменінің деңгейін анықтау артық етпейді. Оның деңгейі аз болса да, бала аурушаң және әлсіз бола түседі ", - дейді Әйгерім Әмірханқызы.

Иммунитетті қалыпта ұстау үшін және денсаулық үшін үйлесімді тамақтану, жеткілікті ұйқы, минимум күйзеліс және физикалық белсенділік керек. Ал қандай да бір басқа  шара қолданбас үшін баланы дәрігерге көрсетіп, анализдер тапсыру маңызды.

  "Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде блогерлер және кей медициналық қызметкерлер ББҚ мен дәрумендерді жиі жарнамалайтын болып кетті. Сондықтан көпшілік ата-ана дәрумендік кешендерді қолдануға көшті. Кей ата-аналар иммунитеті жақсы баланың өзін мүлдем ауырмайтын етемін деп қоспаларды өз бетімен береді. Мен мұны дұрыс емес деп санаймын. Әр баланың ағзасы өзінше ерекше. Байқасаңыздар, дәрумендер көбіне кешенді түрде сатылады. Яғни, онда түрлі микроэлементтер бар. Ата-ана микроэлементтер қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы деп санайды. Алайда бұл, керісінше, зиян. Бала қанының құрамындағы микроэлементтердің бәрін бөлек-бөлек тапсырып, анықтаған ата-ана аз. Мысалы, балада кальций жеткілікті болуы мүмкін, ал сіз құрамында кальцийі бар дәрумендік жинақ бердіңіз. Гипервитаминоз бала үшін қауіпті", - деп бөлісті педиатр.

А. Жапатова