Балаға таңғы ас бермеу қауіпті – зерттеу

Балаға таңғы ас бермеу қауіпті – зерттеу
Фото: saferouteswa.org

Таңғы ас ішпеген баланың оқуға зауқы соқпай, зейіні нашарлайды. Ал таңғы асты ішпеуді мүлде әдетке айналдырған балалардың оқу үлгерімі де, эмоционалды жағдайы да нашар болады.

Осылай дейді Испанияның Castilla-La Mancha университетінің ғалымдары.

Мамандар 4-14 жастағы 3700 бала мен жасөспірімнен сауалнама алып, тамақтану әдеті мен психикалық денсаулығы арасындағы байланысты анықтап көруге тырысқан. Сонда ғалымдар таңғы ас ішпеген баланың оқу үлгерімі мен зейіні нашарлап кететінін байқаған. Ондай балалардың көңіл-күйі түсіңкі, эмоциясы әлсіз, томаға-тұйық болып кететін көрінеді.

Өйткені адам энергия мен қуаттың көбін ең  алдымен таңғы астан алады. Таңғы ас нәрлі болса, ағза ашықпайды. Ми мен дененің жұмысына қажет қоректік заттарды адам ағзасы уақытында алып, қызметіне кіріседі. Ал таңғы астан бас тартқан адамның ағзасында күйзеліс болатын көрінеді.

Мамандар уақытша ашығу, таңғы асты ішпей ашығу сынды әдеттердің қазір трендке айналған айтады. Ашығу – адам өмірін ұзартатын әдіс. Алайда мамандардың айтуынша, ашығу үшін үнемі таңғы астан бас тарту – қателік.

Сондай-ақ ғалымдар "бала таңғы асты үйде жанұясымен отырып ішкені дұрыс, жолда тамақтанатын орыннан да ішуіне болады, бірақ жанұясымен отырып тамақтану әлдеқайда пайдалы" деп кеңес береді.

Қ. Слямбек