Рамзи Хант синдромы деген не?

Өткен айда танымал әнші Джастин Бибердің белгісіз бір ауруға шалдыққаны жайлы хабар таратады. Әнші осы аурудың кесірінен маусым айында жоспарлаған концертінен де бас тартты. Аурудың коронавирусқа қатысы жоқ. Өзінің айтуынша, Рамзи Хант деген синдромға шалдыққан екен, егер дереу емделмесе, саңырау боп қалатынын көрінеді.

Ендеше бұл не қылған дерт, не қылған синдром – сол жайлы тоқталып көрейік.

Рамзи Хант синдромы – ғылымда біршама белгілі дерт түрі. Шамамен, ХХ ғасыр басында табылған. Алғаш тапқан әрі ауруды сипаттаған – невролог Джеймс Рамзи Хант (1872-1937).

Бұл синдром жұқпалы ауру саналады. Кәдімгі желшешекке ұқсас. Инфекциялық вирустары бір. Желшешекті тарататын вирус Рамзи Хант синдромына әкеледі. Басында адам желшешекпен ауырып, емделген соң, ағзада қалып қойған жұқпалы вирус бір жылдан кейін қайта оянып, ағзаны қабындыруы мүмкін.

Синдромға шалдыққан адамның бет-әлпеті ұйып, тырысып қалады. Әсіресе, құлақ тұсы да қатты тырысуы мүмкін.

Рамзи Хант синдромының басты екі белгісі болады:

- Екі құлақтың бірі күлбіреп қызарып, ішінен бөртпе шығады;

- Бет-әлпет тырысып сал боп қалады, невр жүйесі бүлінгені көрінеді;

Ал Джастин Бибердің бет-әлпетінің бір жағы, яғни, сол жағы салға ұшыраған көрінеді.

Егер синдром асқынып кетсе, адам керең боп қалуы мүмкін. Бір көзі бұлдырап, дәм сезу қабілетінен айырылуы ықтимал. Аузы мен ерні кеуіп, көзі суалуы мүмкін.

АҚШ-тың Сирек кездесетін ауруларға арналған ұлттық ұйымының хабарынша, мұндай синдром өте сирек кездесетін көрінеді. 100 адамның 5-еуі ғана ауруы мүмкін. Көбіне 60 жастан асқан адамдар шалдығады.

Ал АҚШ Денсаулық сақтау ұлттық департаментінің хабарынша, аурудың асқынғанына байланысты ем-дом шаралары жасалады. Қабынуды басатын немесе вирусқа қарсы препараттармен емдейді. Сал боп қалған бұлшықетті қимылға келтіру үшін арнайы жаттығу мен массаж жасалады. Науқас жазылып кетуі үшін бір-екі ай жеткілікті. Асқынбаса онда екі-үш аптада жазылады.

Ал ауру асқынып кетсе, онда адамның бір құлағы мен бір жақ беті сол күйі сал боп қалуы мүмкін.