Көк картопты жеген дұрыс па?

Картопты жылы жерге қойып сақтайын десеңіз, ақырыңдап көктеп, өсінділер шығып кететіні белгілі. Көкөністің "табиғи инстинкісі" оянып, өсуге дайындалады. Хлорофилл бөлініп, ішкі жұмсағы көк түске боялады, түйнегі шығады. Кейде толық піспеген картоптың өзі көгеріп тұратыны белгілі. Ендеше мұндай картопты жеген дұрыс па, жоқ па – соны қарастырып көрейік.

Мәселен, Британ энциклопедиясында мұндай көк картопты адамға да, жан-жануарға да жеуге болмайтыны айтылған. Картопты көк түске айналдырып тұрған хлорофилл адамға аса қауіпті болмаса да, көк түйнектің құрамындағы гликоалкалоид  адам ағзасына зияны орасан зор. Гликоалкалоидтың тағы бір аты – соланин.  

Соланин – картопты күн сәулесінен қорғап, жан-жануарлар жеп кетпесі үшін улы қоспа бөлетін алкалоид. Өсімдік теориясына көз жүгіртсек, жеміс-жидек пен көкөністер енді көктеп, өсіп-өнуге ден қойған кезде, өзін жан-жануардан қорғау үшін түрлі зиянкес қоспалар бөліп, өзіне сақтық шарасын жасайды. Әбден пісіп жетілгеннен кейін ғана ондай токсин қоспалары жоғалады.

Ал көк картоп енді өскелі жатқан көкөніс болғасын, "біреудің жеп қойғанын" қаламайды. Сондықтан улы зат бөледі.

Соланин нейротоксин саналады. Ондай токсинді адам жеп қойса, іші өтіп құсуы, бас ауруы мүмкін. Көп жеп қойса, тіпті неврологиялық ауру мен өлімге әкелуі ықтимал. Адамның көк картоптан улануы үшін шамамен 450 грамм ғана жеткілікті.

Картопты қанша қайнатып, пісіріп қуырсаңыз да, соланин кетпейді. Сондықтан картоптың көгеріп тұрған тұсын кесіп алып тастау қажет.

Көк картопты әсіресе балаға беруге болмайды. Бала тез уланады.

Картоп көгеріп кетпесін десеңіз, барынша салқындау, қараңғы жерге қойып сақтаңыз. Ал көктеп кетсе, одан да бақшаға апарып еккен жөн.