Каппинг-массаждың пайдасы

Каппинг-массаждың пайдасы
Фото: unsplash.com

Каппинг немесе құтылармен жасалатын массаж — гуаша қырғыштары мен электрлі массажерлер пайда болғанға дейін танымал болған процедура. Құтылармен жасалатын массаждың тиімділігі ғылыми түрде дәлелденбегенмен, каппинг көптеген елдерде кеңінен қолданылады. Бет пен денеге оны қалай жасайды?

Каппинг — вакуумдық құтылардың көмегімен жасалатын бетке және денеге арналған массаж. Құтылармен жасалатын терапия адамзаттың ежелгі өнертабысы саналады. Кей мәліметтер бойынша, мұндай массаж әдісіне ежелгі мысырлықтар жүгінген. Сондай-ақ, қытай халық медицинасында каппинг — беттің ісінуінен және арқаның ауыруынан арылудың ең жақсы әдісі. Кеңес Одағының кезінде де құтылармен массаж жасау кеңінен қолданылған. Қарапайым әйнек құтының ішіндегі ауаны жанып тұрған білтемен — таза спиртке малынған және сіріңкеге оралған мақтамен қыздырған. Содан соң құтыны алдын ала вазелин жағылған теріге қойып, бірнеше минутқа қалдырған. Қосымша әсер болу үшін адамға жылы жамылғы жапқан.

Медициналық құтылармен емдеудің негізінде вакуумдық терапия жатыр. Терінің үстіне қоятын ыдыстың ішінде сиретілген орта — вакуум пайда болады. Вакуумның әсерінен қан мен лимфа айналымы жақсарады, сондай-ақ терінің тыныс алуы мен зат алмасу белсендіріледі. Бұл терінің серпімді бола түсуіне әкеледі. Вакуумның әсерінен май және тер бездерінің бөлінуі күшейеді. Ал ол ағзадан зиянды заттардың шығуына ықпал етеді.

Көпшілік заманауи сарапшылардың ойынша, каппинг-массаж шынымен де бұлшықеттерді босаңсытуға, беттің ісінуінен және арқаның ауыруынан құтылуға мүмкіндік береді. Құтылармен массаж жасау шандырлар мен бұлшықеттерге қанның келуін арттырады және лимфа жүйесін ынталандырады. Ағза оттекпен және қоректік заттармен қамтамасыз етіледі, ал ол күйзелісті түсіріп, энергия алуға ықпал етеді. Оған қоса, құтылармен массаж ағзада жиналған уыттар мен зиянды заттардан арылуға көмектеседі. Ал бет каппингі күшті лифтинг әсер сыйлайды.

Бетке арналған каппинг-массажды қалай дұрыс жасау керек?

Бетке құтылармен жасалған массаж тек жағымды әсер беру үшін процедураны өткізудің қатаң ережелерін сақтау керек. Олардың негізгілеріне мыналар жатады:

- Құтылармен массажға кіріспес бұрын бет терісін мұқият тазартып, оған арнайы құрал жағу керек. Сол кезде құты бетте оңай жылжып, бетті көгертіп тастамайды;
- Вакуум пайда болу үшін құтыны бетке тақап, сәл қысып, теріге қойыңыз. Алайда вакуумдағы қысым өте қатты болмауы да керек;
- Массажды тек массаждық сызықтар бойынша ғана жасау керек;
- Массаждың жалпы уақыты 5-7 минуттан аспауы тиіс. Массажға тек арнайы косметикалық құтыларды пайдалану керек. Оларды ғаламтордан, дәріханалардан және косметика дүкендерінен сатып алуға болады. Бетке диаметрі 1,5 см болатын құтылар жақсы келеді;
- Процедурадан соң теріні жақсылап тазартып, ылғалдандырушы крем жағу керек. Қосымша лифтинг әсер үшін тоник немесе алоэ гель қолдануға болады.

Арқаға арналған каппинг-массажды қалай дұрыс жасау керек?

Мұндай массажды өздігінен жасау ұсынылмайды. Жағымсыз салдарлар орын алмас үшін оны тәжірибелі массажистке тапсырған жөн. Арқаға жасалатын каппинг-массажға жиектері қалыңдатылған әйнектен, бамбуктан немесе силиконнан жасалған арнайы құтылар қолданылады. Процедура алдында теріні арнайы маймен ылғалдандырады немесе құрғақ күйінде қалдырады. Процедураны өткізу уақыты жекелей таңдалады: ол тері жағдайына және клиент қажеттілігіне қарай 3 минуттан 15 минутқа дейін орындалады. Әр келесі сеанста дәрігер қолданылатын құты санын арттыруы мүмкін. Терінің індет жұқтыруын және жаралар пайда болуының алдын алу үшін процедурадан соң теріге бірден антибиотигі бар крем жағылады.

Каппинг-массажға қарсы көрсетілім

Безеумен, тері ауруымен, купероз және розацеамен қиналатын адамдарға құтылармен массаж жасауға болмайды. Сондай-ақ каппинг иммунды жүйе және лор ауруларымен, онкологиямен күресетін адамдарға да ұсынылмайды. Жүкітілік кезінде де мұндай процедурадан бас тартқан жөн.

Жанып тұрған білтемен дәстүрлі техниканы дұрыс емес қолдансаңыз, құты шеттерінің қатты қызып кету қаупі бар. Нәтижесінде, теріні күйдіріп алуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ вакуумдық массаж қан тамырларға артық қысым түсіреді. Ол терінің көгеріп кетуіне және купероздың пайда болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай массажды тәжірибесі бар маманға тапсырған жөн.

А. Жапатова