Тіс тазалығына арналған 5 өнім

Тіс тазалығына арналған 5 өнім
Фото: unsplash.com

Тәттілерді көп жеу тісжегінің, ал кофеинді көп ішу сары өңездің пайда болуына әкеледі. Бірақ тістер үшін қауіпсіз ғана емес, сондай-ақ өте пайдалы өнімдер бар.

Таңертең және кешке тісті міндетті түрде тазарту керегін білеміз. Ал күннің екінші жартысында тіскебасарлардан соң тісті табиғи тазартуға болатынын білесіз бе? «Табиғи тіс щеткаларына» мыналар жатады:

Алма
Тіс дәрігерлері күніне бір алма жеп тұруды ұсынады. Алмалардың талшықты қабығы тісті тазартуға көмектеседі және тіс етіне арналған табиғи массажер саналады. Оның шырынды жұмсағы да тістер арасындағы тамақ қалдықтарын шығаруға көмектеседі. Бірақ алма бөліктері де тістер арасында тұрып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан тіс жібін пайдалануды әдетке айналдырған жөн. Сондай-ақ, алмада табиғи қанттың көп мөлшері бар, сондықтан оны жегеннен кейін ауызды сумен шайған дұрыс.

Жасыл көкөністер мен салаттар
Қырыққабат, асжапырақ және балдыркөк — керемет тіскебасарлар. Олардың құрамында жасұнықтар көп және калориясы аз. Олар тістер арасындағы қалдықтарды кетіреді. Сондай-ақ, олардың құрамында тістерді қатайтатын кальций бар.

Сәбіз
Қытырлақ көкөністерді шайнау көбірек күш салуды қажет етеді. Сондықтан ол сілекей бөлінуді ынталандырады. Соның себебінен тістер табиғи тазарады. Оған қоса, сәбізде В тобының дәрумендері көп: олар тіс еті қабынуының алдын алады.

Жаңғақ
Жаңғақтардың жалпы ағзаға, әсіресе миға пайдасы жайлы естіп жүрміз. Сондай-ақ, ол сәбіз секілді тістерге де пайдалы. Оны да шайнау кезінде сілекей бөлінеді. Оған қоса, жаңғақтар кальцийге бай.

Ірімшік
Ірімшік калориялы өнім, сондықтан оны жеу кезінде мөлшерді сақтай білу керек. Егер ірімшікті өте көп жемесеңіз, оның кішкентай бөлігі тістер үшін пайдалы болады. Ірімшікте тістер мен сүйектерді қатайтатын фосфат пен кальцийдің көп мөлшері бар. Ол ауыздағы pH деңгейін теңдестіруге көмектеседі.

А. Жапатова