Шайды ыстықтай ішу қатерлі ісікке әкеледі

Шайды ыстықтай ішу қатерлі ісікке әкеледі
Фото: anamed.kz

Шай мен сорпаны ыстықтай ішуге болмайды. Ондай әдет асқазан қатерлі ісігінің қозуына алып келуі мүмкін. Одан да тағамды суытып ішкен әлдеқайда дұрыс. Осылай дейді АҚШ-тың Онкология қоғамының мамандары.

Зерттеушілер 50 мың адамның деректерін жинап сараптама жасаған екен. Сараптау мәліметтерінен белгілі болғандай, шайды 60 градустан ыстық күйде ішкен адамдардың қатерлі ісікке шалдығу қаупі 90 пайызға артатын көрінеді. Күніне үлкен кесемен екі рет ішкен ыстық шайдың (700 мл) өзі қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

"Күн сәулесі тері қатерлі ісігін, темекі шегу өкпе ісігін оятады. Ал ыстық сусын мен тағам асқазан қатерлі ісігін қоздыруы ықтимал. Ыстық шай асқазанның шырышты қабығын жарақаттап, мұның соңы уақыта өте келе қатерлі дертке шалдықтыруы мүмкін", - дейді мамандар.

Шайды қалай ішу керек сонда?

Су 80-95 градуста қайнайтыны белгілі. Қайнаған суға шайды салып, біраз суығанын күткен жөн. Мамандардың айтуынша, ыстықтай ішілген бір кесе шай ағзаға үлкен қауіп әкеле қоймайды. Оның үстіне, ыстық шайды адам бір ұрттап іше алмасы анық.

Алайда бір емес, бірнеше кесе шайды ыстықтай ішсеңіз, бұл енді қатер. Сондықтан шайдың екінші кесесін 60 градустан суытып ішкен жөн.

Қ. Слямбек