Қалай жатып ұйықтаған дұрыс?

Қалай жатып ұйықтаған дұрыс?
Фото: zason.ru

Адам өмірінің үштен бір бөлігі ұйқыда өтеді. Сондықтан ұйқыдағы жатысқа мән беріп, оның денсаулыққа пайдасы мен зиянын білген маңызды. Бұл туралы Шон Стивенсонның "Сау ұйқы" кітабында да айтылады.

Адамның жатысы мыналарға әсер етеді:

- Қан айналымына

- Омыртқа мен белге

- Гормонның бөлінуіне

- Буын мен сіңірге

- Тыныс алу мен ағзаны ауамен қамтамасыз етуге

- Бұлшық еттің қалпына келуі мен өсуіне

- Артериалды қысым мен жүрек жұмысына

- Асқазан жұмысы мен жасушаның жаңаруына

- Зат алмасуға.

Дұрыс жатпаған адамның жоғарыдағы "көрсеткіштері" уақыт өте келе нашарлай береді. Адам дұрыс жатпаған соң, ағзаның қалпына келуі қиындайды, қанша ұзақ ұйықтаса да ұйқысы қанбайды.

Жатыстың адам денсаулығына тигізер әсерінің бірі – арқа мен омыртқа желісі. Жұлын – адамның бүкіл ағзасымен байланысып жатқан ми. Егер омыртқа бүлінсе, ол жұлынға әсер етіп, ми мен дененің ақпарат алмасуы бұзылады. Мұның арты созылмалы ауруларға әкелетінін мануал терапевттер растайды.

Сондықтан дене құрылысы мен қан айналымын, мүше жұмысы мен зат алмасуын жақсарту үшін дұрыс жата білген жөн.   

Сонымен қалай жатқан дұрыс?

Шалқадан жату – жиі кездесетін жатыс. Мамандардың басым бөлігі бұлай жатқан пайдалы дейді. Өйткені омыртқа түзу жатады, содан буындары мен бұлшықеттері босаңсиды. Әрі адамның жүзі жоғары қарап жатқандықтан, дерматологиялық белгілер мен әжім ерте түсе қоймайды. Жүзін жақсы ұстағысы келгендер үшін бұл жақсы жол.

Бірақ қорылдайтындарға шалқасынан жатуға болмайды: тіл көмейге тығылып, тыныс алуға кедергі келтіруі мүмкін. Кеңірдек жұмсақ, бос мүше болғандықтан, тыныс жолдары бітеліп қалады.

Шалқадан түсіп жату жалпы дұрыс. Бірақ мына нәрселерге мән беру керек:

• Қалың жастық жастауға болмайды. Бұл омыртқаның табиғи қалпына кері әсер етеді. Содан бас, мойын, арқа ауруы мүмкін. Қалың жастық қан айналымын да қысып нашарлатады.

• Төсек-орын жұмсақ болмасын. Яғни, матрастың өте жұмсақ та, өте қатты да болғаны дұрыс емес. Жұмсақ жерге жатқан адамның омыртқасы бүгіліп дұрыс жата алмауы мүмкін.

Етпетінен жатуды мақұлдайтындар да, зияны көп дейтіндер де бар. Бала кішкентайынан екбетінен жататыны белгілі. Чех неврологы, бала дәрігері Вацлав Войтаның 50 жылдық зерттеуінен кейінгі айтқаны – екбетінен жату баланың жүйке жүйесіне, дамуына жақсы әсер етеді. Үлкендердің екбетінен жатуының сыры да осында болар.

Бірақ екбетінен жатудың кемшіліктері бар. Омыртқаға, арқаға күш түседі. Омыртқа табиғи қалпынан ажырайды. Жастыққа тиіп жатқан бет ұйып қалуы мүмкін, содан қан айналымы дұрыс жүрмейді. Бірақ қорыл болмайды, тыныс жолы бітелмейді.

Етпетінен жататындарға бірнеше кеңес:

• Тізені бүгіп жатқан дұрыс, сонда бел-омыртқаға салмақ түспейді. Түп-түзу екбеттеп жатуға болмайды.

• Жастықты алып тастаңыз. Босқа мойынға салмақ түседі. Бетке жастық жастап жатудың өзі ерсі.

• Жастықты кіндік тұсқа жастауға болады. Сонда омыртқаға түсетін салмақ азаяды.

Қырынан жату – көп кездесетін жатыс. Ол тыныс жолдарын ашып, қорылдың алдын алады. Зерттеулерге сүйенсек, бұлай жату асқазан жұмысын жақсартады. Басты кемшілігі – қол ұйып қалуы мүмкін.

Сондықтан келесідей кеңестер беруге болады:

• Иыққа салмақ салмай, біраз алға иініп жатқан дұрыс. Сонда қол мен иық, білек тұсындағы бұлшық ет босап, қан айналымы жақсарады.

Екі тізе арасына жастық қойыңыз, сонда омыртқаға ыңғайлы болады.

• Жастықты дұрыс жастаңыз, тым биік не аласа болмасын. Мойынды дұрыс, түзу қалыпта төсеген жөн.

• Арқасы ауыратындарға бүйірмен жатқаны дұрыс. Сонда бел мен жамбастан түсетін күш азаяды.

Қ. Слямбек