Физика заңдары және коронавирус инфекциясын жұқтыру

Физика заңдары және коронавирус инфекциясын жұқтыру
Фото: Pinterest

Беделді Nature ғылыми журналында жариялаған зерттеу жұмысында коронавирус эпидемиясына қарсы күресте карантин мен өзге де шектеу шараларының тиімділігі көрсетілген. Бұл шаралар қазірдің өзінде миллиондаған адамдамдың өмірін сақтап қалуға септік етті.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры

Мәселен, Еуропаның 11 елінде жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесіне сәйкес шектеу шараларынсыз індет 3 миллион адамның өмірін жалмауы мүмкін еді. Ал Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Франция және АҚШ мемлекеттеріндегі зерттеуде шектеу шарасы 62 миллион адамның өмірін сақтап қалған. 

 

Мұндай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгеннен соң, көптеген елдер шектеу шараларын жеңілдете бастады. Алайда мына бізді – дәрігерлерді мерзімнен бұрын жасалған шешімдер қатты алаңдатады.

Мысалы, күннің жылынуымен бірге коронавирус эпидемиясы бәсеңдеуін күткен. Алайда картадан қарайтын болсақ, вирустың климаты ыстық елдерде де кең таралып жатқанын көреміз.

Дегенмен, ауа-райының жылынуымен бірге далада серуендеуге, жүгіруге, велосипедпен жүруге, табиғатты тамашалауға және тауға шығуға мүмкіндік туады. 

Вируст бөлшектері ашық ауаға түскенде тез жойылып, шоғырлануы азаяды. Сонымен қатар, мұндай жағдайларда, әсіресе күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен олардың өміршеңдігі күрт төмендейді.

Десе де көшеде жүргенде ара қашықтықты сақтау, қолды таза ұстау және бетперде тағу ұсынылады. Неге бетперде тағу керек? Бетперде шынымен-ақ вирустың енуіне кедергі келтіреді. Ол қалай болады? Сіздің бөлмеңізге кіруді ойластырған маскүнемнің жолында тұрған бірнеше орындыққа сүрініп, құлап жатқанын елестетіп көріңізші. Бұл жағдайда вирус – жаңағы маскүнем, ал орындықтар – вирустың енуіне жол бермейтін бетперде талшықтары.

Коронавирусты жұқтыру қаупі ағзаға енетін вирустық бөлшектердің мөлшеріне байланысты болады. Дәрігерлер мұны вирустық жүктеме деп атайды. Егер адам ауырып қалса, оның вирустық жүктемесі арта түсетіні белгілі. Ал, ол жөтелгенде одан 10 мыңға жуық вирустық бөлшектер бөлініп шығады, олардың әрбір оннан бір бөлігі жақын тұрған адамға жұғып, ауру тудыруы мүмкін.

Десе де, симптомсыз тасымалдаушылардан да аз дәрежеде болсын вирус жұғуы мүмкін. Олардан сөйлескенде, тіпті тыныс алған уақытта да вирус бөлінеді.

Қалыпты жағдайда вирус бөлшектері жарты сағат ішінде ауада болуы мүмкін, содан кейін әртүрлі заттардың бетіне орнығып, соның ішінде киім-кешекке сіңуі мүмкін. Онда олардың өміршеңдігі 24 сағатқа созылады.

Вирустық бөлшектердің киімге, теріге немесе шашқа түсуіне жол бермеу үшін, бір жерде тоқтап тұрмай, ақырын қозғалыста болған абзал. Бұл көлікпен баяу жүргенге ұқсайды – шаң мен шыбын-шіркейлер көліктің алдыңғы әйнегіне соқтықпай жан-жаққа ұшатыны сияқты.

Яғни, коронавирус инфекциясы физика заңына, дәлірек айтқанда аэродинамикаға бағынады.

Егер сіздің жаныңыздағы адам жөтелсе немесе түшкірсе, дұрысы үйге келгенде киіміңізді жуып, тазалап, содан соң душқа түсу қажет.

Біз коронавирустың оңайлықпен кете қоймайтынын жақсы түсінеміз және біз жаңа жағдайда өмір сүруге дағдылануымыз керек. Алайда, бұлай әрдайым жалғаса бермес. Ерте ме, кеш пе пандемия бетін қайтаратын уақыт келеді. Бұл ұжымдық қорғаныс қалыптасқан кезде, адамзат коронавирусқа табиғи төзімділікке ие болған кезде пайда болады. Сонымен бірге, ол уақытқа дейін вакциналар мен тиімді дәрі-дәрмектер шығарылмақ.

Коронавирустың таралуына жол бермеу – мына өзімізден басталмақ. Біз бәріміз өзімізді вирусты жұқтырғандай сезініп, жақындарымыздың және өзгелердің өмірін сақтап, оларға еш жұқтырмауымыз керек деген түсінікпен қабылдауымыз қажет. Ол үшін міндетті түрде ара қашықтықты сақтап, бетперде тағып, қолды жиі жуып тұруымыз керек.

А. Рысдәулет