Коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын технологиялар

Смартфоныңызға дүкенде коронавирус жұқтырған адамның болғаны туралы хабарлама, оған қоса қандай азық-түлік сатып алғаны жайлы мәлімет келгенін елестетіп көріңізші. Сізге мұның бәрі бір қиял-ғажайып болып көрінер. Алайда бүгінде Оңтүстік Корея халқының 90%-ы коронавирус жұқтырған адаммен соңғы уақытта тығыз байланыста болу мүмкіндігі жайлы хабарлама алып тұрады.

Корея елінде дәрігерлер вирус жұқтырған адамның соңғы 14 күнде қай жерге барғанын, жүрген жолын ұялы телефон нөмірі арқылы 10-20 минут ішінде анықтай алады. Ал дүкенде банк картасымен сауда жасаса қандай азық-түлік сатып алғанына дейін белгілі болады. Бұл арқылы дәрігерлер вирус жұқтырған науқастың қандай сауда бөлімінде болғанын анықтайды.

Бұдан бөлек әлемде коронавирустың бар-жоғын 15 минут ішінде анықтайтын тест сұранысқа ие. Сілекейден алынған сынамадан дәрігерлер тез арада вирусты анықтайды. Ал әлемге әйгілі қытайлық BGI компаниясы коронавирус диагнозын қою үшін модульді зертханалық технологияны жасап шығарды. 60 шаршы метр көлемді құрайтын зертхананы тек бір тәулікте жинап, қажет болса бөлшектеп, басқа жерге көшіруге болады. Зертхана синтетикалық мембраналардан жасалған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автономды ішкі желдету және ауа сүзу жүйесі бар үрленетін модульдерден тұрады.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны дайындау тұрғысында жақсы жаңалықтар жоқ емес. Жақында америкалық Moderna компаниясы вакцинаны 45 науқасқа сәтті сынақ жүргізгенін мәлімдеді. Оксфорд университетінің ғалымдары вакцинасын мыңдаған еріктіге сынап көрудің оңтайлы нәтижесін көрсетті. Британия үкіметі Оксфорд вакцинасын 10 мың адамға егуді қолдады. 

Бейжің биотехнология институтының дәрігерлері коронавирусты бейтараптандыруға қабілетті антиденелерді – иммундық молекулаларды өндіруге ынталандыратын механизмнің әзірленгені жайлы хабарлады. 108 еріктіге жүргізілген сынақ қорғаныс антидененің өндірілуі бір айдан соң жалғасатынын көрсетті.

Оңтүстік Американы мекендейтін таутайлақ бөліп шығаратын антидене. Таутайлақтың қандай қатысы бар деп сұрауыңыз мүмкін. Себебі мынада, таутайлақ адаммен салыстырғанда әлдеқайда аз антидене бөліп шығарады. Мұндай антиденелер адам тініне еніп, сол жерде коронавирустарды тауып бейтараптандырады. 

Коронавируспен күресте жасанды интеллект те көмекке келеді. Бұл тек инфекция жұқтырғандарды көшедегі бейнебақылау камерасы арқылы анықтау деген сөз емес. Өздігінен жүретін автомобильдер, роботтар және дрондар карантинге байланысты үйде отырғандарға тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізуге көмектеспек.

Телемедицина жедел дамып келеді. Қарт адамның денсаулығын қашықтан диагностикалауға және бақылауға мүмкіндік беретін, сонымен қатар коронавирутың немесе басқа да ауыр дерттің белгісі анықталған жағдайда сигнал беретін бағдарлама жасалып отыр.

Жақында Қытайдың технология алыбы Alibaba коронавирус жағдайын 20 секундта анықтауға мүмкіндік беретін алгоритмді жариялаған болатын. Оның үстіне көрсеткіш 96% қатесіз болады екен. Бұл медициналық қызметкердің диагностика жүргізуімен салыстырғанда 45 есе тез.

Сонымен қатар, технология алыптары Apple мен Google коронавирусқа қарсы күресте бос отырған жоқ. Мобильді қосымша Bluetooth сигналы арқылы коронавирус жұқтырғандардың жақын маңда екенін хабарлап отырады. 

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры

Бөлісу: