"Дәрігер мамандығы - жауапты әрі күрделі міндет" − Б. Баймаханов

"Дәрігер мамандығы - жауапты әрі күрделі міндет" − Б. Баймаханов

"А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші кеңесінде сөйлеген сөзіне қатысты өз пікірін білдірді. 

− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерлердің еңбекақысын арттыруды, сондай-ақ дәрігердің қоғамдағы мәртебесін көтеру туралы айтып өтті. Мемлекет басшысының бұл шешімі – медицина саласындағы қызметкерлердің мемлекет тарапынан әрдайым қолдауға ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Президенттің осы тапсырмасы келешекке сенімізді нығайтып, кәсіби мамандығымызды дамытуға деген ұмтылысымызды күшейте түсті. Осы шешімдердің нәтижесінде медицина қызметкерінің имиджі көтеріліп, медицина саласында қызмет еткісі келетін жастардың қатары көбейе түсетіні айқын.

Дәрігер мамандығы – жауапты әрі күрделі міндет. Президенттің денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді қолдауы біздің жауапкершілігімізді арттыра түсті. Біз де өз тарапымыздан халық денсаулығын сақтау жолында кәсіби мүмкіндіктерімізді жетілдіре түсуге бар күшімізді саламыз, - деді басқарма төрағасы. 

Айта кетейік, "А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ - озық заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген еліміздегі жетекші көпбейінді медициналық мекеме. Орталық стационарлық, стационарды алмастыратын, жоғары технологиялық медициналық көмек, сондай-ақ консультативтік және емдік-диагностикалық қызмет көрсетеді.

Н. Үсенова