Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Коронавирустан қаза тапқандар саны 490-ға жетті
Коронавирустан қаза тапқандар саны 490-ға жетті

Жаңа коронавирус салдарынан қаза тапқандар саны сәрсенбі күні 490-ға жетті, – деп хабарлайды Reuters агентті.

Коронавирустан алғашқы адам мерт болғанын естігеннен кейін америкалық екі әуе желісі Гонконгқа ұшуын тоқтатты. Жапондық круиз кемесінде 10 адам вирус жұқтырғаны анықталды. Кеме қазір карантинде.

Қытайдың Денсаулық сақтау ұлттық комиссиясының хабарламасына сәйкес, сейсенбі күні 65 адам мерт болып, құрлықтағы қаза тапқандардың жалпы саны 490-ға жетті. Олардың көпшілігі вирус пайда болған Ухань қаласы мен оның аймағында тіркелді.

Қытайдан басқа елдерде жаңа коронавирустан екі адам көз жұмған. Сейсенбі күні Гонконгта вирус ошағына айналған Ухань қаласына барған 39 жастағы азамат қайтыс болды. Тағы бір ер адам Ухань қаласына барғаннан кейін Филиппинде мерт болды. Қытайдың құрлықтық бөлігінде вирус жұқтырған 3 887 адам тіркеліп, жалпы індетті жұқтырғандар саны 24 324 адамға жетті.

Жапония Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иокогама портында карантинде тұрған круиз кемесінің 10 жолаушысында коронавирусқа тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Мыңдаған адам мен экипаж мүшелерін медициналық тексерістен өткізу жалғасып жатқандықтан бұл көрсеткіш ұлғаюы мүмкін.

Қазіргі уақытқа дейін 273 адам тексеріліп, оның 31-і күдікті деп танылып, 10-ы індетті жұқтырғаны расталды. Carnival Corp (CCL.N) кемесінің бортында 3700 жолаушы мен экипаж мүшелері бар.

ДДСҰ тағы 24 ел мен аймақтарда 176 адам індетті жұқтырғанын мәлім етті.

Дайындаған: Тұрсынбек Раушанұлы
Фото: /flipboard.com
Қосылған күні: 05 ақпан, 16:52
Ұқсас жазбалар:
AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар Massaget.kz