Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Денсаулық сақтау министрі коронавирус жайлы басты сұрақтардың басын ашты
Денсаулық сақтау министрі коронавирус жайлы басты сұрақтардың басын ашты

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін (30 қаңтарда) медиаорталықта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін коронавирус инфекциясының Қазақстанда орын алуын болдырмау шаралары туралы сөз сөйледі. Осы онлайн-трансляцияда айтылған басты мәселелер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің facebook парақшасында жарияланды.

Қазақстандағы жалпы жағдай қалай?

Емдеу үшін барлық дәрі-дәрмектер бар. Диагностикалық алгоритм реттелді. Елімізде оқшаулау үшін инфекциялық ауруханалар желісі толық дайындалды. Онда білікті дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді.

Маска жете ме?

Бізде 5 миллион маскадан тұратын ұлттық резерв бар. Медициналық мекемелер толықтай қамтамасыз етілген. Жыл сайынғы бөлшек саудадағы тұтыну 500 мың дана құрайды. Біз әкімдерден дәріханалардағы маска бағасын бақылауды сұраймыз. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерді қосымша маска өндіруге шақырамыз.

6 қаңтардан кейін Қытайдан келген қазақстандықтар мен шетелдік азаматтарға бақылау жасау қалай жүзеге асып жатыр?

Біз дене қызуы көтерілген барлық адамдар туралы емес, тек 6 қаңтардан бері Қытайдан келген адамдардың ішіндегі температурасы көтерілген адамдар туралы сөз қозғап отырмыз.

6 қаңтардан бастап бүгінге дейін Қазақстанға Қытайдан мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен 20 мың 515 адам келді. Олардың ішінде біздің азаматтарымыз - 19 мың 989 және шетелдіктер – 526 адам. Бұл мәліметтер алдын ала нақтыланған.

Бүгін таңертеңгі 7-ден бастап Қазақстанның барлық аймақтарындағы медицина мамандары осы адамдардың 78 пайызына, атап айтқанда 15 мың 738 адамға қоңырау шалып, шағымдарын сұрап сөйлесті.

6 қаңтардан бастап Қытайдан келгендердің барлығына хабарласа беретін боламыз. Бұл ең алдымен олардың бәрін тіркеу үшін керек.

Қазіргі уақытта 54 адам жеке ауруханаға жатқызылып, оқшауланды. Олардың 16-ы ауруханадан шығарылды, 38 адам медициналық бақылауда болу үшін стационарларда қалдырылды. Барлық сырқаттардан сынамалар алып, қосымша бақылау үшін Алматыдағы Әйкімбаев атындағы Ұлттық инфекциялық ғылыми орталығына жібереміз. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген.

Қытайдан ұшып келген азаматтарды Қазақстан әуежайларында маскамен қамтамасыз ету керек пе?

Бізге осындай өтініш келіп түсті, оны жақын арада орындауға тырысамыз. Сондай-ақ әкімдіктер біздің азаматтарымызға жәрдем көрсету үшін де жұмыс жасап жатырмыз.

Коронавирус көз арқылы жұға ма?

Егер сіз әдеттегі уақыттың өзінде көзіңізді кір қолмен сүртсеңіз, бір нәрсе болады ғой. Жай айтсақ, бұл - гигиенаның қарапайым ережесі.

Батыс Қазақстан облысындағы қауесет туралы

Ватсапта жазылған екі оқушы аймақта ауруханаға жатқызылды, коронавирус расталды деген дыбыстық хабарлама жалған.

Шығыс Қазақстан облысындағы қауесет туралы

Шығыс Қазақстан облысында коронавируспен ауыратын науқас бірнеше күн бойы өмір сүріп жатыр деген анонимді жазба туралы айтсақ, бұл да жалған диагноз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының позициясы қандай?

Бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18.00-де жаңа коронавирус өршуіне байланысты төтенше Халықаралық денсаулық сақтау ережелері комитетінің отырысы басталады.

Комитет Бас директорға коронавирус инфекциясы ғаламдық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай болып табыла ма және оған қарсы қандай ұсыныстар жасау керектігі туралы консультативтік қорытынды береді.

Комитеттің қорытындысы бойынша қабылданатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры шешімі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның сайтында жарияланады және баспасөз конференциясында айтылады. Комитеттің ұсынымдары да жария етілетін болады. Әрине, бұл ұсынымдарды біз өте мұқият зерттейтін боламыз.

Жауапкершілік маңызды

Журналистер мен блогерлерден осы мәлімдемелердің мағынасын шатастырмауды, кездейсоқ адамдардан сұхбат алмауды, қауесеттер мен анонимді хаттарға сілтеме жасамауды, жауапкершілік пен кәсібилік көрсетуді сұраймыз. Біз халықты күнделікті жасанды қауесет хабарларды таратуды тоқтатуға шақырамыз. Оның орнына Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасына жазылып, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттарға сүйеніңіздер.

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: facebook.com
Қосылған күні: 30 қаңтар, 17:28
Ұқсас жазбалар:
AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар Massaget.kz