Бас сүйек қысымы туралы не білеміз?

Бас сүйек қысымы туралы не білеміз?
Фото: magicworld.su

Бүгінде жиі кездесетін кеселдің бірі – бас ішіндегі қысым (внутричерепное давление). Бұл дерт туралы не білеміз? Оның белгілері қандай?

Дерт неден пайда болады?

Бас ішіндегі қысымның көтерілуіне медицинада себеп көп. Ол басқа тиген әртүрлі соққыдан да, түрлі кеселдердің салдарынан да пайда болуы мүмкін. Бұл дерт әйелдерге қарағанда ерлер арасында жиі кездеседі. Кеселді нақтылап білу үшін бас сүйектің құрылысын еске түсіруге тура келеді. Бас дегеніміз – кәдімгі сырты сүйекпен бітелген үлкен қуыс. Оның тек әр жерінде бірнеше саңылау ғана бар. Ми да, мидағы сұйық та және қан тамырлардың бойымен жүріп тұрған қан да осы қуыстың ішінде. Әрине, бас бұлардың бәріне жеткілікті, ешқайсына тарлық етпейді. Алайда әлдебір сырқаттың салдарынан осылардың біреуінің көлемі ұлғайса, бас ішінде қысым пайда болады. Бас қысымының көтерілуіне себеп көп дедік. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері мыналар:

1. Мидағы ісік. Ісік белгілері пайда бола бастағанда, мидың жұмысы бұзылады. Соның салдарынан бастағы қан айналымы бұзылады, ми сұйығы шамадан тыс көбейеді.

2. Мида туа пайда болған су. Бұл босану кезіндегі зақымның салдарынан пайда болады.

3. Бас пен мидағы жарақат. Мұндай жарақатқа ұшырауға бас сүйекке тиген соққы әсер етеді. Соның салдарынан мида ісік түзіледі. Сырт көзге біліне бермейтін осы ісіктің салдарынан бас қысымы көтеріледі. Зақым миға шапқан жағдайда ісік бұрынғыдан бетер ұлғая түседі. Мұндайда миға қан құйылып кетуі әбден мүмкін.

4. Энцефалит, менингит секілді басқа, миға қатысты кеселдер. Осы инфекциялық сырқаттардың салдарынан мида қабыну пайда болады, қысым көтеріледі.

5. Жүректің, өкпенің аурулары, тамырдағы түйнектер, бастағы жарақат та бас ішіндегі қысымның көтерілуіне әсер етеді. Өйткені мұндай жағдайда көктамырдың бойымен қанның жүруі нашарлайды. Бұл миға тасымалданатын оттегіні тежейді. Осылайша бас қысымының көтерілуіне себеп болады.

Бас ішіндегі қысымның негізгі белгілері

Бұл дерттің негізгі белгісі – жиі-жиі бас ауырады. Сырқат өз басын өзі ауырлағандай күйге түседі. Бас ауырған кезде жүректің айнуы, ауызға құсық келуі ықтимал. Бас қысымы жоғары адамды қара жұмыс та, ақыл-ой жұмысы да тез шаршатады. Науқастың көңіл күйі көктемнің күніндей жиі құбылады. Тез ренжиді, болмашы нәрсеге ызаланады. Күретамырдағы қан қысымы бірде түседі, бірде көтеріледі, жүрек соғысы жиілейді, тершең болады. Көз алдына көгерген дақ түседі. Оған үңіліп қарағанда астынан кеңейген көктамыр көрінеді. Бұл дақ науқас жақсы ұйықтап, жақсы тынықса да кетпейді. Басында қысымы бар адамның жыныстық құштарлығы да төмендеуі ықтимал. Кеселдің және бір белгісі ауа райының өзгерісіне қарай құбылып отырады. Бас қысымы күрт көтерілген адамның тыныс ала алмай өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтылған белгілердің қайсыбірі байқалса, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Бас ішіндегі қысымды көбіне дәрі-дәрмек арқылы емдейді. Ем қабылдап жүрген адам тұзды тамақ пен тәттіні жеуден, көп сұйық ішуден сақтануы тиіс. Дәрі-дәрмектен шипа болмаған жағдайда науқасқа ота жасауға тура келеді.  Егер мида ісік болса, ол міндетті түрде алынып тасталады.

Н. Үсенова