Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Медициналық масканың оң не теріс жағы қайсы?
Медициналық масканың оң не теріс жағы қайсы?

Медициналық маска жұқпалы аурулардан қорғайтынын жақсы білеміз. Тұмау кезеңінде дәрігерлер қауіпсіздік үшін медициналық масканы киюге кеңес береді. Алайда біз оны дұрыс қолдынап жүрміз бе?

Бір реттік медициналық маска неден жасалады?

Медициналық маскалар осыдан 100 жыл бұрын "Испан тұмауы" кеңінен тараған кезде пайда болды. Алғашқы кездері масканы селдір матаны бірнеше қабаттап жасаған. Ол мұрын мен ауызды тұмшалап тұратын. Қазіргі уақытта медицина дәкеден жасалған маскадан бас тартып, оның орнына полимерлі материалды қолданады. Полимерлі материал жеңіл әрі жақсы сүзгіштік қасиеті бар. Медициналық маска екі не үш қабат материалдан жасалып, ауыз бен мұрынды жауып тұрады.

Масканы қанша уақыт тағуға болады?

Ауаны өткізу қабілетіне қарай медициналық масканы 1-2 сағатта ауыстырып тұру қажет. Егер медициналық маска арнайы бактерия жоятын затпен өңделсе 3-5 сағатқа дейін қолдануға болады. Дегенмен маска түшкірген не жөтелгенде су болып қалғанда дереу жаңасына ауыстыру керек 

Медициналық маскалар бір реттік қолдануға ғана арналғандықтан оны қайта өңдеп, жуып, тазалап киемін деп ойламаңыз. Масканы бірнеше рет қолдануға болмайды. 

Масканы дұрыс тағып жүрміз бе?

Маска ауыз бен мұрынды және иекті толық жауып тұру қажет. Жұмсақ бекіткішті мұрынның формасына икемдеп, қатпарларын ашқан жөн. Қолданыс кезінде не қолданған соң қолмен тиісуге болмайды. Өйткені оған ауру қоздырғыштары түседі. Сонымен қатар дәрігерлер медициналық масканы халық көп жиналатын орындарда ғана тағуға кеңес береді, өйткені далада аурудың жұғуы мүмкін емес.

Медициналық масканың оң не теріс жағы қайсы?

Масканы дұрыс кимесеңіз қорғаныс деңгейі азаяды. Дәрігерлер ақ жағын ішіне қаратып, түрлі-түсті жағын сыртына қаратып тағуға кеңес береді. Өйткені түрлі-түсті қабаты арнайы қорғаныш затымен өңделеді, ал ақ жағы сүзгіш қызметін атқарады. 

Елімізде медициналық маска жеткілікті ме?

"Бізде 5 миллион маскадан тұратын ұлттық резерв бар. Медициналық мекемелер толықтай қамтамасыз етілген. Жыл сайынғы бөлшек саудадағы тұтыну 500 мың дана құрайды. Біз әкімдерден дәріханалардағы маска бағасын бақылауды сұраймыз", - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

 
Дайындаған: Айбар Рысдәулет
Фото: Freepik
Қосылған күні: 31 қаңтар, 14:32