Негізгі / Лайфстайл / Денсаулық / Қыста ағзаға қажет дәрумендер
Қыста ағзаға қажет дәрумендер

Қыс – адам ағзасы дәруменді аса қажет ететін жыл мезгілі. Ол қыс мезгілінде жаңа піскен және табиғи өнімдердің азаюымен түсіндіріледі. Оған қоса, суық ауа райында адамға күн сәулесі аз түседі. Суық ауа райында таңертең ояну, ал кешкісін ұйықтап кету қиын бола түссе және күні бойы өзіңізді шаршаңқы әрі әлсіз сезінсеңіз, ол ағзаға дәрумендердің жетіспеушілігін білдіруі мүмкін. Қыста ағза қандай дәрумендерді қажет етеді?

Қыста ағзаға, әсіресе, С дәрумені (аскорбин қышқылы) қажет. Оны ең басты дәрумен десе де болады. Ол зат алмасуда маңызды рөл атқарады, иммунитетті арттырады және "бақыт гормондарын" түзеді. Емдік аскорбин қышқылы жетіспеушілігінің орнын толықтыру үшін киви, апельсин, лимон, қызанақ және болгар бұрышын жеңіз. Ашытқан қырыққабат жеуді ұмытпаңыз, себебі оның құрамында С дәрумені цитрусты жемістерге қарағанда көбірек.

Сондай-ақ қыста ағзаға В тобының дәрумендері жетпейді. Нәтижесінде, ерін жарылады, ерін бұрыштары жырылып қалады, шаш пен тырнақ сынғыш бола түседі және көзіңіз жасаурай береді. Сонымен қатар, адам ашушаң болып, себепсіз жақындарына айқайлай береді және ұйқысыздықтан қиналады. Сондықтан тамақтану үлесіңізге қарақұмық, күріш, бұршақ, жұмыртқа, сүтқышқылды өнімдер, бауыр, бүйрек, жаңғақтар және қызылшаны қосыңыз.

Нашар көре бастасаңыз, ағзаңызға А дәрумені (ретинол) жетіспеуі мүмкін. Ол көздің көруіне жауап береді, иммунитетті қатайтады және шаш пен тырнақ денсаулығын сақтауға көмектеседі. А дәруменін сүт, жұмыртқа, балық, сәбіз, ақжелкен, аскөк, қымыздық және өріктен ала аласыз.

Е дәрумені (токоферол) – ең мықты табиғи антиоксидант. Ол иммунитетке көмектеседі, жасушаларды зақымдардан қорғайды, еркін радикалдардың түзілуін баяулатады, жасушаларды оттекпен жабдықтауды жақсартады және ағзаны күйзелістен қорғайды. Токоферол асжапырақ, қырыққабат, салат жапырақтары, сиыр бауыры, майсыз ет, жұмыртқа және өсімдік майында бар.

D дәруменін (кальциферол) күн сәулесінен басқа жұмыртқаның сарысы, балық майы, уылдырық, кілегей майы, ірімшік және басқа да сүтті өнімдерден алуға болады.

Суық ауа райында денсаулықты сақтауға көмектесетін бірнеше кеңес:

- Дұрыс тамақтаныңыз. Фастфудтан бас тартыңыз. Жыртылай дайын өнімдерді барынша азайтуға тырысыңыз;
- Дәрумен-минералды жинақ ішіңіз. Әрине, ең дұрысы – дәруменді тамақтан алу. Бірақ қосымша дәруменді препарат ішкен артық етпейді. Бірақ оны ішерде дәрігердің кеңесін алған жөн;
- Таза ауада көбірек серуендеңіз және спортпен айналысыңыз;
- 22:00-ге дейін ұйықтап кетуге тырысыңыз. Ұйықтар алдында бөлмені желдетіп алыңыз;
- Зиянды әдеттерден (темекі тарту, алкоголь ішу) арылыңыз;
- Жақсы көңіл күймен жүріңіз.

Дайындаған: Ақтоты Жапатова
Фото: pixabay.com
Қосылған күні: 06 қараша, 14:25
Ұқсас жазбалар:
МРТ жайлы 5 аңыз Massaget.kz
Күзгі хандраны жеңу жолдары Massaget.kz