Ауырсынуды басатын жақпа майлар

Ауырсынуды басатын жақпа майлар
Фото: fitexpert.biz

Жаз мезгілінде балалардың жарақат алуы өте көп кездеседі.  Ал, дәріханаларда жарақат пен ауырсынуды басатын дәрмектер легі ұзын-сонар. Бірін алсаң, бірі пайдаға жарамай жатады. Ендеше назарларыңызға ең тиімді әрі қолжетімді, сапалы әрі нәтижелі деген жақпамайлар түрлерін ұсынамыз.

Жақпамай – ауырсынуды басып, жарақатты жазатын ең оңай жол. Жақпа майдың әсері тері мен ағзаға аса сезілмейді. Ол теріге сіңіріліп, жасушаларда әрекет етеді. Бірінші кезекте бәріміздің есімізге «Диклофенак» гелі түседі. Ол сіңір созылғанда, жарақаттанғанда, түрлі ауырсынуларды жақсы көмектеседі. Негізінде оның таблетка және екпе түұрлері де бар. Алайда, жарақаттанған жағдайда ащы дәрі мен шанышпалы инені жақпа май көмегімен айналып өтуге болады. Сонымен қатар жақпа майдың қанша түрі болса, олардың құрамы мен емдік әсері әртүрлі болады. Сондықтан қолданар алдында дәрігерден кеңес алған жөн.

«Апизатрон» жақпа майы – жарақаттанған, соғылған жерге жағылады және қыздырғыш, қабынуға қарсы әсері бар.

Випратокс, випросол – құрамында жылан уыты бар. Сондықтан жаралану және бұлшық еттің қабынуы кезінде қолданылады.

Гимнастогал – бұл жақпамай жарақаттанған кезде және сіңір созылғанда жағылады.

Гевкамен – жақпа майдың құрамында эфир майы, камфара, парафин, вазелин бар. Ауруды басатын тез басатын күшті көмекші бола алады.

Фастум-гель – мұның да ауырсынуды сездірмейтін әсері бар. Дегенмен, өзгелерге қарағанда бағасы да жоғарылау, соған сәйкесінше күші де басымырақ.

Троксевазин – жақпа майдың аздап салқындату әсері бар. Ауырсынуды басып, ісік пен көгергенді жылдам кетіреді.

Бұл аталғандардың бәрі соғылу, ауырсынуға қатысты жақпа майлар.  Алайда, тері сыдырылып, қан шыққан жағдайда олардың көмегі жеткіліксіз болады. Бұл тұста әсері күштірек нәрселер қажет болады. Жарақат кезіндегі алғашқы көмек алдымен, қанды жарақатты стрептоцид немесе сутегі асқын тотығымен тазарту керек. Егер жұмсақ тіндер жыртылған және жара терең болса, оны міндетті түрде ауруханада тігу қажет.

Халықтық ем

• Үйде жақпа май болмаған жағдайда жараны халықтық ем арқылы емдеуге болады. Стрептоцид немесе сутегі асқын тотығы болмаған жағдайда жараны сумен тазалауға болады, бірақ та қайнаған судың өзінде де микроб түсу қаупі бар. Сол себепті артынан антибиотик қажет. Жарақатты сүйелшөптің сөлімен тазалайды. Жарақаттың бетіне жолжелкен жапырағын басса қанды тоқтатуға көмектеседі.

• Күніне 3 мезгіл жалбыз немесе сермене шөбі мен сасықшөп демдеп ішкен де пайдалы. Ол ауырсынуды басады. Сонымен қатар жара әрдайым таңылып тұруы қажет және таңғышты мүмкіндігінше жиірек ауыстырып отырған дұрыс.

• Жарақаттың бетіне қырыққабат не түйежапырақ жапырағын басуға да болады. Бұл жапырақтардың ауырсынуды басып, қабынуға қарсы тұратын ірің сорғыштық қасиеті басым.

• Әдеттегі йод сұйықтығымен торлама жасау да жақсы әсер береді. Йод та емдік-антисептикалық, қабынуға қарсы, ауруды басатын қасиетке ие.

Тізе жарақаттанғанда:

Тізенің зақымдануына аяққа көп салмақ түсу, артық салмақ, бейтаныс жерлермен жүгіру де әсер етуі мүмкін. Тізе жарақаттанғанда көрсетілетін алғашқы көмек:

— Тізе айналасында ауырсыну сезілген сәтте әрекетті тоқтату керек;

—  Жарақат алған жерге мұз басады;

—  Аяқтарға жайлы жағдай жасайды;

— Жарақаттанған жерді жоғары көтеру қажет. Ауырған жеріңізге бірнеше күн бойы мұздай компресс жасаңыз. Егер ауырсыну бірнеше күнге созылып, қимылдау қиынға соқса, онда дәрігерге көрініңіз.

Н. Үсенова