Қазақстандықтар тұзды көп тұтынады

Қазақстандықтар тұзды көп тұтынады

Қазақстандықтар бір күнде 20 грамм тұз тұтынады екен, ал күндік норма - 5 грамм. Бұл туралы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Олег Честнов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

- Қазақстанда тұз өте көп. Еуропада тұз тұтыну бойынша сіздер бірінші орындасыздар. Біркүндік мөлшері 20 граммға дейін жетеді. Қытайлықтар да дәл сондай мөлшерде қолданады. Бірақ қытайлықтар Азияда орналасқан. Сіздер Еуропада. Тұз мәселесін шешу жолын ойлану керек", - дейді Честнов Халық денсаулығы кодексіне түзету енгізу жобасын жария түрде талқылау барысында.

Оның айтуынша, адам күніне 2 грамм тұз тұтыну керек, ең көбі 5 грамм.

- Мен тұздалған етті ұнатамын, жылқының етін бұрын жемедім, бірақ қазір жеймін. Мен еттің тұтас бөлігін жемеймін. Мен тұзды тағамды өте аз жеймін. Тұзсыз өмір сүру қиын, бірақ оны тұтынуда бақылау керек. Сіздерге бір қап тұзды бір жыл тұтыну керек, сонда төрт келі тұтынасыздар, келесі жылы екі келі тұтыныңыздар. Тәуелділіктен құтылудың оңай тәсілдерін іздеу керек. Батыста сорпа ішпейді, себебі оның тұзы көп", - дейді Олег Честнов.

Тұз – адам денесінің зат алмасуы үшін қажетті зат, десе де, оны қалыптан тыс көп тұтыну – зиян. Дәрігерлер тұзды қалыптан тыс тұтынудың жоғары қан қысымына, жүрек ауруына және бүйрек қабынуы сияқты ауруларға шалдықтыратынын ескертіп келеді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар