Балықтың біз білмейтін пайдасы мен зияны

Балықтың біз білмейтін пайдасы мен зияны
Фото: getbg.net

Балықты ежелден адам ағзасын тазалайтын, сүйек пен тісті қатайтатын, түрлі дәрумен беретін тағам ретінде пайдаланып келеміз. Әсіресе, оның тез қорытылатыны мен диета кезінде таптырмайтын тағам болғандығы үшін де жоғары бағалаймыз.

Балық етінің пайдасы 
Балық еті құрамында өте көп дәрумен мен микроэлементтер кездесетіні себепті оның биологиялық бағасы ірі қара мал мен қой етінен жоғары. Мысалы, балық етінің 100 граммында адам денсаулығы үшін өте қажет болған бір күндік – 0,2 миллиграмм йод бар.

Оның құрамында ақуыз, түрлі дәрумендер, минералдар, темір, йод, магний, фосфор бар және балық етін жеген адам семіріп кетпейді. Бұған қоса, балық еті құрамында адамға аса қажет омега-3 май қышқылдары бар. 

Бұдан өзге, балық жүрек аурураларының алдын алады, көру қабілетіңізді арттырады, ұйқыны реттейді, ревматоидтық артриттің (буын аурулары) алдын алады, ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне себепкер, холестеринді реттейді, зат алмасуын жылдамдатады, қан қысымын түсіреді, бауыр және жүйке жүйесін жақсартады. 

Балықтан жасалған тағам түрлерін балаларыңызға аптасына 2 рет дайындап берсеңіз, оларды шаш түсуі, мешел ауруы, тырысқақ, тіс ауруларынан қорғайсыз. 

Әдетте біз балықты қуырып жегенді жақсы көреміз. Бірақ мамандардың пікірінше, балықты қуырып жегеннен гөрі, оны түрлі дәмдеуіштер қосып сорпа немесе ыстық пеште булап пісірген дұрыс екен.

Балықты сатып алғанда ескеретін жайттар 
Балықты сатып алып жатқан кезде оның сырт көрінісіне мән беріңіз. Оны таңдаған кезде саусағыңызбен басып көріңіз. Егер саусағыңыз тиген жер тез арада өз қалпына қайтып келсе, онда бұл балық жаңа ауланған. Және исіне де мән беріңіз. Өткір иісті, еті сары немесе жасыл болса, мұндай балыққа жоламаңыз. Жалпы, балықты тоңазытқышта 3 күн, мұздатқышта бірнеше ай сақтауға болады. 

Балық майының пайдасы 
Балық майындағы D витамині ағзадағы кальций мен фосфордың дамуын белсендіреді. D дәрумені болмаса, кальцийге бай өнімдер де пайдасыз. Әсіресе қыста. Себебі D дәрумені күн сәулесінің әсерімен синтезделеді. Сонымен қатар, D витамині жүйке жүйесін тұрақтандырады. Балық майындағы ретинол іріңдеген жараны тез жазады. 

Шаш пен тырнағыңыздың өз қалпына тез қайтқанын қаласаңыз күніне бір рет жатар алдында балық майын тырнағыңыз бен шашыңызға жағыңыз. Балық майы сонымен бірге адамды семіртпейді және теріні жасартырады. 

Жақында ғалымдар балық майының артық самақтан арылтатынын анықтады. Бұл оның бағасын тағы да арттырды. Егер артық салмақтан құтылғыңыз келсе, 2-3 ай бойы жатар алдында 1 ас қасық немес дәріханаларда сатылатын 1 капсула балық майын ішіп жатыңыз. 

Күзгі-қысқы маусымда мектеп жасындағы балаларға күніне 1 ас қасық, мектепке дейінгі жастағы сәбилерге 1 шай қасықпен балық майын ішкізу керек. Балық майы сонымен қатар ыңғайлы капсула түрінде де бар. Шыны ыдыстағы мен капсуланың құрамы бірдей. Балық майын 4 апта үзіліссіз ішіп, содан соң 2 апта үзіліс жасау керек. Себебі балық майы адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен қатар зиянды элементтерді де жинауы мүмкін. 1 айдан соң міндетті түрде 2 апта ағзаны демалтыру керек. Сіз осылай оны қыркүйектен бастап мамырға дейін ішуіңізге болады. 

Балықты төмендегідей аурулары бар адамдар жемегені дұрыс

Аллергиялық аурулары бар адамдар, қанында калций көп, өкпе аурулары мен бүйрек аурулары бар адамдарға балықты жиі жеу қажет емес. 

Балықтың басы мен көзін жеу дұрыс па? 
Көптеген адамдар балықтың басын жеуге құштар. Ал, кейбірі балық басын жемеген дұрыс деп есептейді. Балық басында да оның денесіндегідей пайдалы дәрумендер өте көп. Бірақ балық басын жеуден бұрын мынаны есте сақтаңыз. Балықпен бірге адамға жұғатын құрттардың көбі балық басына жиналады. Сондықтан оны қуырудан бұрын тұзды суда әбден жібітіп, 1 сағат суда қайнатып, сосын барып қуырғаныңыз абзал. 

Сонымен бірге есте сақтайтын бір жайт консервіленген және тұздалған балық адам ағзасына аса пайдалы дәрумендерді бере алмайды.

Т. Раушанұлы